Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
С.Камалетдиновтің айтуынша, қазіргі таңда кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында әскери білім беру жүйесін дамыту және кадр саясатын жетілдіру іс-шаралары қабылдануда. Бұл іс-шаралардың түпкі мақсатында әскери қызметшілердің кәсіби құзыретін кеңейту, лайықты жоғарылату және ашықтық қағидасымен олардың мансаптық өсуін қамтамасыз ету жатыр.
«Осыған орай Қарулы күштердегі кадр саясатының 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді. Бұл мақсатта «Жас Ұлан» мектептері, әскери колледждер, үш әскери жоғары оқу орны және Ұлттық қорғаныс университеті әскери кадрлар даярлауда үш деңгейлі жүйемен қызмет етеді. Одан өзге, әскери қызметшілердің курстық дайындықтан өтуі де қамтылған. Неғұрлым тапшы мамандықтар, сондай-ақ қажетті мамандықтар бойынша даярлық шетелдің жетекші әскери оқу орындарында ұйымдастырылған», деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Ол сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру жөнінде бірқатар бастама пысықталып жатқанын да айтты. Мәселен, 2007 жылдан бастап БҰҰ-ның Непал, Батыс Сахара, Кот-д'Ивуар және Ливандағы миссияларына 500-ден астам қазақстандық әскери қызметші қатысқан. Сонымен қатар 1992-2001 жылдар аралығында Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың 9 мыңнан астам әскери қызметшісі Тәжік-Ауған учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді күшейту міндетін орындады. 2003 жылғы тамыздан 2008 жылғы қазанға дейін қазақстандық «Қазбат» батальонының инженерлік-саперлік жасағы құрамында 300-ден астам әскери қызметші Иракта миссиясын орындады. С.Камалетдиновтің мәлімдеуінше, Қазақстан қазақстандық бітімгерлер үшін қосымша квоталар алуға, елдің бітімгершілік әлеуетін нығайтуға және БҰҰ бітімгершілік операцияларына қатысу географиясын кеңейтуге мүдделі.
«Әскери қызметшілерге мерзімді қызмет өткеру кезеңінде «кредиттік демалыстар», коммуналдық қызметтерге ақы төлеуде сарбаздар отбасыларына жеңілдіктер беру ұсынылады. Өзге де ұсыныстар білім беру секторында жеңілдіктер беруге қатысты болып отыр. Мерзімді әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың экономиканың нақты секторында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын меңгеріп шығуы жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ «тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасын іске асыру шеңберінде Қорғаныс министрлігі бүгінде еңбек нарығында сұранысқа ие 16 мамандық даярлайтынын атап өткен жөн. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл өзгерістер әскери қызметшілер мен Арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің әлеуметтік топтамасын жақсартуға, әскери қызмет өткеру мәселелерін регламенттеуге бағытталған», деп атап өтті генерал-лейтенант.
Қазіргі уақытта «Азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу қағидаларын бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасы әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде. Құжат азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу және мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту саласына оң септігін тигізеді.
Спикер сондай-ақ Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының тапсырмасы бойынша объектілердегі қару-жарақ пен оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында ірі қоймалар мен әскери қоймалар салу, сондай-ақ сақтау объектілерін техникалық күзет құралдарымен және автоматты өрт сөндіру жүйелерімен жабдықтау көзделген.
«Ең бастысы, мұндай нысандардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар мен ережелерді қатаң сақтау. Заң жүзінде қоймалар айналасында тыйым салынған аймақтар мен аудандарды құруға байланысты қатынастар реттелген. Жергілікті атқарушы органдардың осы талаптарды қатаң сақтауы маңызды», деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Ал Қарулы Күштер Бас штабы бастығының орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің басшысы, генерал-майор Серік Борамбаев брифинг барысында жыл басынан бері өткізіліп келе жатқан Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдығы және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығына арналған іс-шараларға кеңінен тоқталды.