1992 жылғы 7 мамырдағы Президенттің №745 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылған болатын. Осы 30 жыл бедерінде өз Отанының шынайы патриоттары мен әскери мамандар даярлаудың ұлттық жүйесі қалыптасып, Қазақстанның Қарулы күштерінің тарихында есімі алтын әріппен жазылатын нағыз кәсібилердің үлкен шоғырының өсіп шыққанын атап өткен Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина Отан қорғаушыларды айтулы мерекесімен құттықтады. Әлия Құсайынқызы атаулы күнді мерекелеу аясындағы іс-шаралар өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласындағы басқосудан бастау алып, Алматы қаласындағы Президент Архивінде жалғасын тауып отырғанын және айрықша маңыз беретін себепке ие екенін айтты.
Президент Архиві мен ҚК Әскери-тарихи музейі бірлесіп дайындап жарыққа шығарған «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері. 1991-2001: құжаттар мен материалдар жинағы» кітабының тұсаукесері – мерекеге лайықты тарту.
Қазақстан армиясының тарихын баяндайтын құжаттық жинақтың жарыққа шығуына қолдау көрсеткені үшін Архив директоры Қорғаныс министрлігінің басшылығына алғысын білдірді. Архив директорының мәлімдемесі бойынша жаңа басылып шыққан жинақта Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің нормативтік-құқықтық актілері, Қарулы Күштердің жоғары командалық құрамының ресми хат алмасуларының түпнұсқалары ұсынылған архивтік құжаттардың 120 дерегі алғаш рет жарық көріп, Қарулы Күштердің құрылуы мен қалыптасуы және реформалануы қалай жүргізілгенін көрсететін құнды мағлұматтар көрерменге жол тартты.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында белгіленген басым бағыттар қатарында «Ел ішінде болып жатқан іргелі қоғамдық өзгерістер мен шиеленісе түскен геосаяси тартыс кезінде айрықша маңызы бар өмірдің барлық саласында жүйелі өзгертулер жасалады» деп арнайы тоқталуының бір себебі, Қарулы Күштерді жаңғыртуға да қатысы бар еді. Бүгінгі таңда Қазақстанның Қарулы Күштері 1992 жылдан бастап жауынгерлік рух пен дәстүрдің тарихи сабақтастығын сақтап әрі 30 жылда толық қалыптасып, серпінді дамып, өз әлеуетін арттырып келеді.
Осы тұрғыда кеңірек тоқталған Әскери-тарихи музейдің басшысы, кітап авторларының жетекшісі, полковник Нұртаза Асилов бұрын жарияланбаған құнды құжаттар жарық көрген жемісті жоба – жинақ кітаптың маңыздылығы мен ерекшелігі туралы баяндап берді. Кітаптың болашақ офицерлерді даярлау жолындағы барлық әскери құрылымдар мен жоғарғы әскери оқу орындарына қолжетімді болатынына уәде беріп, кітаптың қанатқақты нұсқасын қатысушы офицерлер құрамына табыстады. Мемлекетіміздің әскери тарихын болашақ буынға таныстыру мақсатында ұйымдастырылып жатқан бұл жоба алдағы уақытта да жалғасын тауып, Қазақстан Қарулы Күштерінің қуаты мен келбетін жыл аралықтарына бөліп шығару жоспарланып отырғанын жеткізді.
Мерейтойға орай өткен маңызды басқосудың құрметті қонағы – аға офицер, әйгілі И.Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова курсанттарға: «Сіздер, болашақ офицерлер, міндет, абырой, ерлік деген ұғымдардың мәнін санамен екшеп, жадыларыңда тоқып, тарихтан тағылымды тәрбие алуға тиіссіңдер» деп, жастарды Отанға адал болуға шақырды.
Іс-шараға Қарулы Күштердің ардагерлері, Қарулы Күштердің Әскери-тарихи музейінің өкілдері, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты мен Құрлық әскерлері Әскери институтының оқытушылары және курсанттары, архив мекемелерінің басшылары қатысты.
АЛМАТЫ