«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Конституциялық өзгерістер бойынша жалпыұлттық референдум өтетін күнді жариялады. Референдум 5 маусымға белгіленді.
Еліміз түбегейлі өзгерістердің алдында тұр. Оның негізгі қозғаушы күші – осы Конституциялық реформалар болмақ. Бұл реформалардың мәні – еліміздегі демократияны нығайту, азаматтардың мемлекет ісіне араласу мүмкіндігін арттыру. Міне, сондықтан, Президентіміз Ата Заңға енгізілген өзгерістерді халықтың талқысына салып, көпшіліктің шешіміне сүйеніп қабылдауды көздеп отыр.
Бұған дейін айтылғандай конституциялық өзгерістер аясында суперпрезиденттік басқару моделінен алшақтаймыз. Парламенттің және жергілікті өкілді органдардың ықпалы арта түседі. Құқық қорғау органдарына қатысты да шешуші өзгерістер орын алмақ. Міне, мұның барлығы азаматтардың мүддесінің, құқығының лайықты қорғалуына, олардың үнінің биік мінберлерге кедергісіз жетуіне кепіл болады.
Президентіміз үндеуінде еліміздің алдында жаңа және әділетті Қазақстан құру міндеті тұрғанын тағы бір мәрте еске салды. Жарияланған конституциялық реформалар осы міндетті табысты жүзеге асыру үшін қажет екенін жеткізді және азаматтарды алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Референдум – бірлігімізді айшықтайтын айтулы саяси оқиға. Азаматтарымыз Мемлекет басшысы айқындаған саяси жаңғыру бастамаларын қолдайды деп сенеміз.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын! Жаңа Қазақстанды құруға бірге атсалысайық», деп жазды Сенат төрағасы.