Тарих • 06 Мамыр, 2022

Аңыз тұлғаның ашылмаған аралдары

13120 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Біртуар Бауыржан Момышұлы туралы осы уақытқа дейін көп айтылып, көп жазылды. Аты аңызға айналған абыз тұлға туралы ақиқат әлі де талай айтыла бермек. Жалпы, даңқты батырдың «Ұшқан ұя» кітабы Бауыржан тұлғасын танудағы басты құндылық. Мұнда тұлғаның өзі туралы өмірлік деректер молынан кездеседі. Сондай-ақ атақты Момышұлының күрделі әлемін ашуда, бірегей болмысын тану мақсатында жазылған көптеген еңбек бар. Әрине, мұның бәрі де тұлғатану жолындағы жылдардың жемісі.

Аңыз тұлғаның ашылмаған аралдары

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Кезінде Баукеңнің ғасырлық мерейтойына орай Мекемтас Мырзах­метұлының құрастыруымен отыз томдық шығармалар жинағы шыққан еді. Мұнда да біраз құнды дүние қамтылған. Бірақ әлі де болса ұлы тұлғаның өміріне қатысты көпшілік біле бермейтін тың дүниелер бар екен. Мәскеу мұрағаттарында алпыс жыл бойы сақталып келген құнды құжаттардың бір парасын Ресей­дің еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин жуыр­да батырдың немере інісі Бекет Момынқұлға тапсырған болатын. Оның ішінде әр жылдары түскен үш фотосуреті мен бірқатар құжат та бар.

Бауыржан Момышұлына қатыс­ты зерттеуді қажет ететін бірқа­тар дүние әлі де жетерлік. Дерек бо­йынша батыр туралы Ресейдің Подольск қаласында 8 мың, Мәс­кеу қаласында 3 мың құжат бар екен. Кезінде бәрінің де құпия болуы себепті, басталған зерттеу жұмыстары аяқсыз қалған. Бұл ретте бүгінде Момышұлы әулетінің атынан зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген батырдың немере інісі, ардагер журналист Бекет Момынқұл бірқатар құнды деректі алға тартты. Тарих ғылымдарының докторы Көкіш Рысбаев 1985 жылы сол кездегі Жамбыл облыстық «Ең­бек туы» газетінде батыр Бауыр­жан туралы мақала жариялайды. Аталған мақалада тарихшы өзінің Мәскеуден келе жатқан Бауыр­жан Момышұлымен Жамбыл қала­сында кездескенін жазады. Бұл кез­де Көкіш Рысбаев облыстық ра­дио­комитеттің төрағасы қызметін атқарып тұрған. Екеуара әңгіме барысында батыр өзінің Ресейдің Подольск қаласындағы мұрағатта екі ай отырғанын айтып, оған бір құжатты көрсетеді. «Ол енді қандай құжат? 1943 жылы Сталин неміс басқыншыларын жеңетініне көзі жеткен соң, соғыстан кейінгі жоспарын құрады. Ол кезде Кеңес Одағы деген бір ғана мемлекет. Оның Біріккен Ұлттар Ұйымын құру туралы ойы болады. Кеңес өкіметі Біріккен Ұлт­тар Ұйымына кірсе, бір-ақ дауыс болады. Ал кеңес құрамындағы он бес одақтас республика бөлек-бөлек кірсе, он бес да­уыс алады. Сөйтіп, Сталин сол кездегі Жоғарғы Кеңестің шешімімен 1943 жылы әрбір мемлекетті дербес республика деп жариялап жібереді. Ол ен­ді дербес болуы үшін олардың міндет­ті түрде Сыртқы істер және Қорға­­ныс министрліктері болуы керек. Сон­да Мәскеудің жоғары шенділері ­1944 жылдың басында майданда жүр­ген Бауыр­жан Момышұлын шақыртып алып, Бас штабтың академиясында алты ай оқытады. Сөйтіп, Алматыда отырған қазақ билігіне хат жазады. Олар Бауыржанға генерал шенін беретінін, сөйтіп, қазақ елінің Қорғаныс саласына басшы етіп тағайындайтынын айтып, келісім сұрайды. Бірақ сол кездегі қазақ билігі оған қарсы шыққан. Сол қар­сылық танытқан хатты Баукеңнің өзі Подольскіден тауып келген», дейді Бекет Момынқұл. Бұл хаттың түпнұсқасы сол Подольск қаласында болуы мүмкін. Бұл да Бауыржан Момышұлына қатысты жиі айтыла бермейтін бір дерек.

Жалпы, барлық ұлы тұлғаның өмір тарихына зер салсақ, олардың ешбірінің тағдыр жолының жеңіл болмағанын көреміз. Бауыржан Момышұлы сияқты біртуар тұлға­ның да тағдыр талқысын көп көр­гені белгілі. Мұрағаттардан та­был­ған деректерге жүгінсек, бұ­ған бір-екі дәлел келтіруге болады. 1942 жылы полковник Иван Сереб­ряков Бауыржан Момышұлын Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған. Серебряковтың өзі соғыс уақытында 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі болған. Бірақ сол кездегі Жоғарғы Кеңес талқылайтын үлкен мәселе батырдың өзі туған шағын ғана «Орақ-Балға» колхозында талқыланады. «Бұл мәселе неге ауылда талқыланды? Баукеңнің жоғары марапатқа ұсы­нылғанын ауыл халқы әрине қол­дайды. Бірақ сол кездегі жоғары билік өзінің қарсылығын колхоз бас­тығы арқылы білдірген. Сол уақыт­тағы колхоз бастық болған кісінің өзі де Бауыржанмен ағайын адам. Алайда билік оны айтқанына көндіреді. Өзі соғыстан бронмен қалған адам, амал жоқ көнеді де, бұл шешімге қарсы шығады. Әкесі Момыштың молда болғанын, көкесі Момынқұлдың да молда екенін, Баукеңнің де коммунист емес еке­нін айтады. Ол кездегі колхоз бас­тық­тардың беделі күшті болған. Сөйтіп, Баукең тағы да қарсылыққа ұшырайды», дейді Бекет Момынқұл. Полковник Серебряков Бауыржан Момышұлын 1943 жылы шілде айында осы атаққа тағы да ұсынады. Бірақ тағы болмайды. Бүгінде бұл құнды құжат та табылып отыр. Сол сияқты 1941 жылы 7 қараша күні генерал Иван Панфиловтың да Бауыржан Момышұлын Ленин орденіне ұсынғаны туралы деректер бар. Мұнда да бастама аяқсыз қалған. Мұндай деректердің бәрі­нен Бауыржан секілді хас батыр­дың үнемі қарсылыққа ұшырап отыр­ғанын көруге болады. Ал 1961 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде ба­тыр туралы жарияланған атақты мақала да елдің есінде болар. Мұнда да Бауыржан Момышұлын қара­­лау саясаты мықтап ойластырыл­ған. Батырдың өзі көзі тірісінде бұл ма­қа­лаға қарсы жауап жазыпты. Бірақ ол әлі күнге дейін еш жер­де жарияланбаған. Бұл жазба да батырдың ұрпағы, тікелей мұра­гері Ержан Момышұлының жеке архивінен шығып отыр. Бұл да батырға қатысты бір дерек.

Кезінде Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылының тұрғыны Рахметхан Жігітеков ақсақалдан естіген бір әңгіме бар еді. Ол кісінің өзі Бауыржан Момышұлына жиен болып келеді. Сонда Рахметхан қария Баукеңнің соғыс кезінде Ре­сейдің Красноярск қаласының ше­тіндегі орман ішінен, бір топ қара жұмысшылардың арасынан Мағжан Жұмабаевты көргенін  әңгімелеп берген. Сонда Мағ­жан ақынмен жолыққаны себепті батырдың көзі тірісінде де көп қарсылыққа ұшырағанын айтып еді. Маңызды мұрағаттардан бұл деректің де анық-қанығы кез­десуі ықтимал. Бұл жерде мәселе ұлы тұлғаның өмірінен көлеңкелі сәттерді іздеу емес, жоғарыда атал­ған үлкен атақтардың не үшін бе­ріл­мегенін зерттеу де емес, Ба­уыр­жан Момышұлына қатыс­ты де­ректерді жеткізу. Даңқты батырдың өміріне қатысты қандай да бір тың мәлімет, тың деректердің табылуы да рухани олжа болмақ. Ол үшін енді Ресейдің Мәскеу және Подольск қалаларындағы Бауыр­жан Момышұлына қатысты деректерді іздестіру, жинастыру жұ­мысын ұйымдастыру қажет. Бұл жұмыстардың бүгінде басы басталып отыр. Тиісті мамандар қажет көмегін де көрсетіп отыр екен. «Ресейдің Қазақстандағы Ел­шілігінің жанында бірнеше ұйым жұмыс істейді. Сол жерден маған былтыр Ольга Пильчук деген кісі хабарласып, Мәскеу түбіндегі ұрыс­тың 80 жылдығына орай Бау­кеңнің «За нами Москва» деген кітабын қайта басып шығарғылары келетінін айтып, рұқсат сұрады. Бірақ мұрагері мен емес екенімді, ұрпағы Ержан Момышұлы екенін айттым. Ол кісі де кейін келісімін беріп, кітап шықты. Өткен жылдың соңында олар кітапты еліміздің бүкіл мектептеріне тегін таратты. Сөйтіп, бізді Нұр-Сұлтан қаласына кітаптың тұсаукесеріне шақырды. Мен сонда Баукеңе байланысты деректерді Ресейден алу үшін сол жердегі азаматтардан көмек сұра­дым. Былтыр 22 желтоқсан күні Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Боро­давкиннің атына өтініш жаздым. Арада бір ай өткен соң елшіліктен Сергей Петров деген азамат хабарласты. Ольга Пильчук те хабарлас­ты. Өзі Мәскеуде жүр екен. Мұнда көптеген дерек бар екенін айтып, олар бізді Подольск қаласына ша­қырды», дейді Бекет Момынқұл. Әрине, батыр туралы әлі талай ашы­луға тиіс тың деректер «шаң басқан архивтерде» жатыр деген сөз...

Бауыржан Момышұлы өзінің балалық шағы, әскери өмірі, соғыс тактикасы туралы бірнеше кітап жазған. Өмірінің біраз бөлігі майдан даласында өткен. Сондай-ақ оның көптеген әскери тұлғамен, атақты ақын-жазушылармен де тығыз байланыста болғаны белгілі. Жалпы, Бауыржан секілді біртуар тұлғаға қатысты көптеген дерек әлі де ашылмай жатуы мүмкін. Осы орайда Момышұлы әулетінің атынан бүгінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген Бекет Момынқұл да ашылуға тиіс көптеген ақиқаттың бар екенін айтады.

 

Жамбыл облысы