Экология • 06 Мамыр, 2022

Қыр қызғалдағы гүлдеді

470 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Науырзым қорығындағы қызғалдақтардың гүлдеуі әдетте ерте көктемде бас­талады да, ұшы-қиыры жоқ шексіз даланы 7-8 түрлі бояуға бөлеп, құбылта құлпыртып тұрады.

Қыр қызғалдағы гүлдеді

Қостанай облысында өсетін Науыр­зым қызғалдақтары осы гүлді көп зерттеген өсімдіктанушы ғалым Александр Шренктің есімімен байланыстырылып, ғылыми тілде Шренк қызғалдағы деп аталады. Өкінішке қарай, мамырмен жарыса қаулап шығатын қыр қызғалдағы жыл санап сиреп бара жатқан өсімдіктер қатарынан саналады.

Мамандардың айтуынша, көктемнің нәзік гүлі түйіншек дән тамырлары арқылы көбейеді екен. Ал жұлынған қызғалдақтың тамырында қалған дән сабағынан ажырап, қорексіз қалған соң, көп ұзамай жансыз түйіршікке айналып, жұлынған гүлдің орнына қайтадан гүл өсіп шықпайды.

Қыр гүліне қызығушылар, әсіре­се, мамыр айында көбейе түседі. Та­биғаттың әсем кейпіне, даланың жұпар иісіне мас болған жолаушылардың көбі көлігін жол үстіне қоя салып гүл теріп кетуге әуес келеді. Алайда мұндай жолаушылар жойылып бара жатқан дала қызғалдағының заңмен қорғалатынын ескеруі тиіс.

Заң бойынша қызғалдақ жұлған адам қылмыскер саналып, ҚР ҚК 339-бабы бойынша 3000 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды немесе 800 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Тіпті, табиғат сұлулығына орасан зиян келтір­ген азаматтардың дүние-мүлкі тәркі­леніп, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 

Қостанай облысы