Теннис • 07 Мамыр, 2022

Қазақстандық үстел теннисшілері Сурдлимпиада ойындарын 3-орын алды

440 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үстел теннисінен спортшыларымыз Бразилия, Үндістан, Польша өкілдерін жеңіп, жартылай финалда Тайпей командасына есе жіберді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің телеграм каналына сілтеме жасап.

Қазақстандық үстел теннисшілері Сурдлимпиада ойындарын 3-орын алды

Осылайша, Данияр Искендиров, Қанат Конкубаев, Владимир Нестеров, Абылай Бүркітбай құрамында сынға түскен Қазақстан командасы Сурдлимпиада ойындарын үшінші орынмен қорытындылады. Сонымен, 1-орында –Украина, 2-орында – Тайпей, ал Қазақстанмен қатар 3-орында Жапония тұр.

Дзюдодан командалық кездесулерде ерлер арасында ел намысын Айдос Түгелбаев, Шаяхмет Қанапиянов, Әділбек Нұрмұхамедов, Асхат Адамбаев, Ермек Жәнібекұлы, Сабыржан Хапизовтар қорғады.

«Ұлттық Сурдлимпиада комитеті жекелей сында 81 келіде жарысқа шығу керек болған Айдос Түгелбаевтың орнына бұған дейін іріктеу жарысына қатыспаған, сондай-ақ ұлттық штаттық команда сапында жоқ, алайда дені сау спортшылар арасында күресіп жүрген Еркебұлан Қанафинді қойған болатын.

Дегенмен, бүгін командалық бәсекеде бақ сынаған Айдос күні кеше дәл осы жарыста 90 келіде күміс жүлдегер атанған Иран спортшысы Аллахкарими Хоссейнді айқын басымдықпен жеңді. Айдостың шешуші кезеңдегі жеңісі командалық есепте спортшыларымызды үшінші орынға шығарды», - деп жазылған министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ, таэквандодан спортшыларымыз Олжас Рысжанов пен Айжамол Абдикатова командалық есепте қола жүлдені иеленсе, Олжас жекелей сында тағы бір қола жүлдені қанжығасына байлады.