Сайлау 5 мамыр күні өткен еді. Дауыс санау нәтижесі бойынша Sinn Féin 27 мандат иеленді. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2017 жылғы саяси бәсекеде де партия осыншалықты нәтиже көрсеткен еді. Бірақ бұл жолы олардың басты қарсыласы – DUP (Демократиялық одақтас партиясы) бұрынғыдай қолдауға ие болған жоқ. DUP-қа небәрі 24 орын ғана бұйырды.
Нәтижесінде, Sinn Féin-нің вице-президенті, бірінші министрдің орынбасары қызметін атқарып келген Мишель О’Нил бірінші министр атанбақ. Ұлтшылдар партиясы бұрын-соңды мұндай мәртебеге қол жеткізген жоқ-тұғын. Тіпті, Ассамблеядағы ең үлкен партия аталған да емес.
Саяси бәсеке алдында О’Нил ханым сайлауды «нағыз өзгерістер кезеңі», деп мәлімдеп, «саясатымыз бен халқымыз үшін айқындаушы сәт жеткенін» мәлімдеген еді. «Бүгін бәріміз үшін жаңа дәуір басталды. Қоғамдағы қарым-қатынастарды әділдік, теңдік және әлеуметтік әділет негізінде қайта құруға мүмкіндік беретін сәт келіп жеткеніне сенімдімін», деді М.О’Нил.
Оның айтуынша, партияның басты міндеті – бөлу емес, серіктестікте жұмыс істеу. Сондай-ақ басқа да көзқарас ұстанатын партияларға құрметпен қарайтынын, тізе қосып еңбек ететінін алға тартты.
Биылғы ақпанда DUP мүшесі Пол Гиван бірінші министр қызметінен кеткеннен соң атқарушы билік ыдыраған-ды. Бірінші және бірінші министрдің орынбасары рөлдері бірлескен кеңсе саналатындықтан, Мишель О’Нил де қызметінен кеткен-ді. Енді, араға екі ай салып Мишель ханым жаңа қызметіне кіріспек.
Бұдан бөлек, Alliance партиясы – 17, Ольстер одақшылар партиясы (UUP) – 9, Социал демократтар және лейбористер партиясы (SDLP) 7 мандат иеленді. Сонымен қатар екі орынның кімге берілетіні бюллетеньдер толық саналып біткеннен кейін белгілі болмақ.
Солтүстік Ирландияның мемлекеттік хатшысы Брэндон Льюис Стормонттың қайтадан қалыпты жұмыс істеуі мақсатында партия жетекшілерімен кездесетінін хабарлады. «Мен партияларды мүмкіндігінше тезірек атқарушы билікті құруға шақырамын. Солтүстік Ирландия халқы маңызды мәселелерді жеткізетін тұрақты және есеп беретін жергілікті үкіметке лайық», деп мәлімдеді.
Ирландияның премьер-министрі Мишель Мартин де көршілес елдегі саяси бәсекеге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, жаңа басқарушы үкімет Солтүстік Ирландияны өркендету үшін өте маңызды.
«Енді саяси партия мен сайланған өкілдің бәрі бірінші және бірінші министрдің орынбасарын ұсынады. Солтүстік Ирландия халқының мүддесіне қызмет ететін жаңа атқарушы билікті құру мақсатында депутаттар өз мандатын жаңартуға міндетті», деді М.Мартин.
Жалпы, Солтүстік Ирландия құрылған 1921 жылдан бері ұлтшылдар партиясы алғаш рет Стормонтта көп мандат иеленіп отыр. Бір қызығы сол, Sinn Féin Солтүстік Ирландиядағы «Дағдарыс жылдарында» атышулы IRA (Ирланд республикасы армиясы) ұйымымен байланысы болғаны айтылады. Оның үстіне, Солтүстік Ирландияның басқарушы органдарының құрылымы ерекше. Дербес мемлекет саналғанымен, Солтүстік Ирландия Ұлыбританияның қарамағына кіреді және патшайым Елизавета екіншіге бағынады. Ұлыбритания үкіметі құрамында «Солтүстік Ирландия кеңсесі» бар. Оны мемлекеттік хатшы басқарады. Міндеті – «Белфаст келісімінің» сақталуын қамтамасыз ету.
Ал Ассамблея, яғни парламент елдегі заң шығарушы, басқарушы қызметпен айналысады. Сайлау нәтижесі бойынша жеңіске жеткен партия министрлер кабинетін жасақтап, бірінші министр мен оның орынбасарын тағайындайды. Осындай күрделі жүйеде ұлтшыл партия – Sinn Féin-нің жеңіске жетуі елдегі саяси тектоникалық тақтаның жылжи бастағанын көрсетеді.
Естеріңізде болса, XX ғасырдың екінші жартысында Ирландия аралында қақтығыс өрті өршігені белгілі. Таразының бір басында Ирланд республикалық армиясы (IRA) Ирландияның бірігуі және британиялық басқаруды тоқтату үшін күрессе, келесі жағында Ұлыбритания қарулы күштері мен лоялистер тұрды. Қақтығыстың өршігені соншалық, адам ұрлау, партизандық соғыс, кек қайтару күнделікті жағдайға айналып кеткен-ді. Шиеленісті реттеу үшін 1998 жылы «Белфаст келісіміне» қол қойылды. Соған сәйкес екі тарап та қарулы қақтығыстарды тоқтатып, 30 жылға созылған текетіреске нүкте қойды.
Нәтижесінде, Солтүстік Ирландия Ұлыбритания құрамында қалғанымен, дербестігін сақтап қалды. Бұл «билікті бөлісу принципі» арқылы жұмыс істейді. Сондықтан да Солтүстік Ирландия үкіметі Ұлыбританияның басқа елдерінен ерекше. Яғни үкімет құрамында Ирландиямен бірігуді қолдайтын ұлтшылдар да, Ұлыбританияның құрамында қалуды жақтайтын одақшылар да болуы міндетті. Осылайша тарихи айырмашылығына қарамастан, екі тарап та ынтымақтаса әрекет етуге талпынады.
Ассамблеяда 90 мүше бар. Оны сайлау бес жылда бір рет өтеді. Бірінші министр мен оның орынбасарының бірі одақшыл, екіншісі ұлтшыл болуы тиіс. 2006 жылдан бастап бірінші министрді Ассамблеядағы ең үлкен партия тағайындайды. Егер сайлауда одақшыл партия жеңіске жетсе, онда министрдің орынбасары ең ірі ұлтшыл партиядан тағайындалады. Немесе керісінше. Екі министрдің де өкілеттігі тең. Бірі қызметтен кетсе, екіншісі де креслосын босатады.
Атқарушы билік немесе министрлер кабинетіне бүкіл партияның өкілдері кіре алады. Сайлауда қанша орын алғанына қарай әр партия өз үміткерін ұсынады. Тіпті, аз қолдау иеленген партиялардың саясаткерлері министр қызметіне кірісуі ықтимал. Ассамблея экономика, білім беру, денсаулық сақтау секілді мәселелермен айналысады. Ал кей салада, соның ішінде халықаралық қатынастар және қорғаныс мәселесі Ұлыбритания үкіметіне бағынышты.
Sinn Féin-нің жеңіске жетуі келесі бір әңгіменің ұшын шығарып отыр. Ұлтшылдар Ирландиямен қосылуды көксейтіні белгілі. Партияның парламентте көп мандат иеленуі осы бағытта жұмыс жүргізіле бастайтынын аңғартады. Өйткені Sinn Féin-нің түпкі мақсаты – Солтүстік Ирландияның Ұлыбританиядан шығып, Ирландиямен бір ел атануы.
Бірақ бұл сайлаудағы жеңіс Ирландияның жақын арада біріге қояды дегенді білдірмейді. «Белфаст келісімінде» екі ел қайта қосылуы үшін Солтүстік Ирландия халқының көпшілігі қолдауы тиіс делінген. Әзірге тұрғындар бұған асығар емес. Сәуірде жүргізілген сауалдама нәтижесі халықтың үштен бірі ғана бұл бастаманы қолдайтынын көрсетті.
Партияның президенті Мэри Лу Макдональд алдағы уақытта бірінші министрді тағайындауға әзірлік жүріп жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, бірігу жөніндегі референдум алдағы бес жылда өтуі мүмкін екенін атап өтті. Бұл мерзім тұрғындардың пікірін өзгертуге жеткілікті деп айтсақ қателеспейміз. Өйткені кейінгі кездердегі оқиғалар Солтүстік Ирландиядағы қоғамды дүр сілкінтті.
Мәселен, «Брексит» Ұлыбритания мен Еуропалық одаққа ғана емес, Солтүстік Ирландияға да бас ауру болғаны белгілі. «Брекситте» жиі талқыланып, ортақ мәмілеге келу қиынға соққан түйткіл – Солтүстік Ирландия мен Ирландия арасындағы шекара. Бұл түйіннің күрделі болғаны соншалық, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Өйткені олардың бірі – Одақ құрамындағы тәуелсіз мемлекет, тағы бірі Ұлыбританияның әкімшілік аймағы. Бірақ екі елдің арасындағы шекара құжат жүзінде ғана. Әйтпесе, халықтың ауылы аралас, қойы қоралас болып кеткелі қашан?!
«Брексит» аясында «Солтүстік Ирландия протоколына» қол қойылды. Аталған келісімге сәйкес, Солтүстік Ирландия мен Ирландия арасында шекара болмайды, құжат тексеру, камералық бақылау орнатылмайды. Яғни Солтүстік Ирландия тұрғыны (Ұлыбритания азаматы) Ирландияға (Еуропалық одақ құрамында) өте қалса, ешқандай кедергі көрмеуі тиіс.
Сондай-ақ тауарларға да салық салынбайды. Бірақ Ұлыбританиядан келетін өнімдер Солтүстік Ирландия аумағына өткенде тексерілуі тиіс. Өйткені Еуропалық одақ ережесіне сәйкес, қарт құрлыққа ұйымға мүше емес мемлекеттен келетін сүт, жұмыртқа секілді бірнеше тауар шекаралық тексеруден өтуі тиіс. Демек, Ұлыбританияның өз тауары бір аймағынан екінші аймағына өткенде тексеріледі. Бұл қосымша кедергі туындататыны айтпаса да түсінікті.