Әлем • 08 Мамыр, 2022

Бейбіт тұрғындар қауіпсіз жерге жеткізілді

269 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Украинадағы қақтығыс әлі жалғасып жатыр. Ресей тарапы Донбасты бағындыруға бар күшін жұмылдырып-ақ келеді. Алайда Киев билігі Харьков маңында қарсы шабуылға шыққанын мәлімдеді.

Бейбіт тұрғындар қауіпсіз жерге жеткізілді

Украина вице-премьері Ирина Верещук телеграм-каналында Мариупольдегі «Азовсталь» зауытының аумағынан әйелдер, балалар мен қарттардың эвакуа­цияланғанын хабарлады. Оның айтуынша, Мариупольдегі гума­нитарлық операцияның бірінші бөлігі аяқталды.

Сәуірдің аяғында БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериш Ресейге, Украинаға барған болатын. Осы сапары барысын­да «Азовсталь» зауытында бункерге тығылған қарапа­йым тұр­ғындарды қауіпсіз жерге шығару туралы уағдаластық жа­салды. Кейіннен тараптар атысты тоқтатуға келіскен-ді. Нәтижесінде, БҰҰ мен Қызыл Крест ұйымы эвакуация ұйым­дастырды. Жалпы саны 300-ден астам адам қауіпсіз жерге жеткізілді.

Өткен сенбі күні Украина қарулы күштері «Змейный» аралы маңында Ресейдің әскери кемесін атқылаған видео жа­рия­лады. Болжам бойын­ша, бұл 11 770 «Серна» де­сант­тық кемесі болуы мүмкін. Бей­не­жазба Bayraktar TB2 дроны арқылы түсірілген. Содан бір күн бұрын Bayraktar арқылы аралдағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесіне жасалған соқ­қының видеосын желіге таратқан еді. Сарапшылардың пайымдауынша, ресейлік «Тор» әуе шабуы­лына қарсы қорғаныс жүйесі жойылуы мүмкін.

Ұлыбритания барлау қызметі Украинадағы ахуалға байланыс­ты кезекті қызық мәлімет таратты. Соған сәйкес, шайқас кезінде Ресейдің ең заманауи танкісі Т-90М-нің кем дегенде біреуі жойылған. Аталған елде жалпы саны 100-ге жуық осы модельде танк бар. Оны негізінен ең үздік бөлімдерге береді.

Т-90М танкі 2016 жылы таныстырылды. Оның қорғанысы, зеңбірек және спутниктік навигация жүйелері жетілдірілген. Жаңартылған қорғаныс жау қаруына қарсы тұру­ға арналған. Алайда іс жүзінде қанша жерден мақтаулы болса да, қирап қалатынына куә болып отырмыз.

Барлау қызметінің пайым­дауынша, Ресей қарулы күш­терінің құрамындағы жауын­герлік әзірлікте тұрған және же­тіл­дірілген бөлімшелері үлкен шығынға  ұшырап отыр. Ресей соғыстан кейін қарулы күштерін қалпына келтіру үшін көп уақыт пен қаржы кетеді. Өйткені жаңартылған және жетілдірілген жабдықты ауыстыру үшін шетелден микроэлектроника әкелу қажет. Ал қазіргідей Ресейге санк­ция салынған жағдайда бұған қол жеткізу қиын.

Өз кезегінде Украинаға Батыс елдері жіберген қару-жарақ ұрыс алаңдарында қолданыла бастады. Мәселен, АҚШ берген гаубицаларды қолдануды үйренуге кеткен украин сарбаздары жаттығуын аяқтаған. Олар қазір түрлі бағыттағы шептерге жіберіле бастады. Соның әсері шығар, әлеуметтік желілерде қираған Ресей техникаларының, артиллериялық шабуылдардың видеолары көптеп таратылып жатыр.

Ал әлемнің әр түкпірінде Ресейге қатысты әрекет жалғасып келеді. Мәселен, Италия билігі жұма күні «Шехеразада» яхтасын кәмпескеледі. Оның иесі кім екені белгісіз. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдары кеменің Ресей президенті Владимир Путинге тиесілі екенін алға тартады.

Құны 700 млн доллар болатын мега-яхтаны Италия­ның қаржы полициясы тексере бастаған еді. Тергеу нәтижесінде «Шехеразадаға» ресми иелік ететін тұлға мен Ресей үкіметінің көрнекті өкілдерінің, сондай-ақ Ресейдің Украинаға басып кіруі­нен кейін санкцияларға ұшы­ра­ған басқа да субъектілер арасын­­да маңызды экономикалық және іскерлік байланыстар бар», деген байлам жасалған көрінеді.

Айта кетерлігі, Украинаға гума­­ни­тарлық көмек көрсету мақ­сатында Лондонда өткен аукционда Украина президенті Володимир Зеленскийдің жүннен жасалған күртешесі 90 000 фунт стерлингке (110 000 доллар) сатылды.

Аукционға Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джон­сон қатысып, сөз сөйледі. Ресейдің Украинаға «арнайы опе­рациясы» басталғаннан кейін-ақ әлеуметтік желілер мен БАҚ қолданушылары Зеленскийдің қоршаудағы Киевтен шыққан бейресми стиліне назар аудара бастаған-ды. Украина президенті жейде мен хаки жүнді күрте киіп жүрген еді. Бұл киім көпшіліктің назарын аударды.