Жазушы Светлана Алексиевичтің өз сөзімен айтсақ, магнитофонға түскен «парақтарда» қан майдандағы қыздардың тарихы мен сыры, не істеп, не қойғаны, соғыс біткеннен кейінгі адам тағдыры бүкпесіз сайрап тұр. Романды оқып отырып, адамзат қоғамы осындай қатыгез соғыстың бір емес, екеуін бастан қалай өткерді деген ұлы сұрақтың торына шырмалып, соған жауап іздеуге тырысасыз.
Жазушы Светлана Алексиевич Нобель сыйлығын алғаннан кейін дәріс оқығанда, ештеңеден жасқанбай: «Мен бізді жас кезімізден өлуге үйреткен елде тұрдым. Ажалды мойындауды үйретті. Бізге адам өзін тұтастай беріп жанып кетуге, өзін-өзі құрбан етуге жаратылған деп айтатын. Мылтық ұстаған адамды сүюді үйрететін. Егер мен басқа елде өссем, онда әлгі жолмен жүре алмас едім» деген көзқарасын әлемге әйгіледі. Осы орайда айта кететін бір жайт, жазушының «Соғыстың сұрқы әйелге жат» романын аудармашы Марал Хасен қазақшаға жақсы аударып жеткізіпті.
Жазушы кітаптың күнделігінде: «XX ғасырдың ең сұрапыл соғысында әйелге жауынгер болуға тура келді. Ол тек қана жаралыларды құтқарып, жарақаттарын таңып қана қойған жоқ, мергендік мылтықтан да оқ атты, бомбылады, көпірлерді де қиратты, барлауға да барды, «тілдерді» де тұтқындады. Не керек, әйел өлтіруге мәжбүр болды. Ол өзінің туған жеріне, үй-жайына, бала-шағасына адам айтқысыз қастандықпен тарпа бас салған жауды жоюға кірісті» деп жазады. Дүниенің құбылғаны соншалық, үй шаруасында жүрген аналар, оқуда жүрген, емтихан тапсыруға дайындалып жүрген жап-жас қыздар қас қағым сәтте майданға аттанып, суық қару ұстап, жауды жайратуға ниеттеніпті. Оқып отырып бұл романды майдангер әйелдердің соғыс туралы естелігі екеніне көзіңіз жетеді. Сұрапыл соғыстың жүздеген көзі тірі куәгері әртүрлі оқиғаны баяндаудан жалықпайды. Бір ғажабы, соғыс олардан бәрін алса да, есте сақтау қабілетін жоя алмапты. Бәрі майдан даласын күні кеше болғандай қаз қалпында, уақыты, мекенжайымен қоса тізбектеп айтып берген.
Роман бізге «Тек Ленин комсомолының шақыруы бойынша армияға 500 мыңға жуық қыздар жіберілді, олардың 200 мыңы – комсомол мүшелері болатын. Комсомол жөнелткен барлық қыздардың жетпіс пайызы соғыстағы армиядан орын тепті. Соғыс жылдары майдандағы әрқилы әскер құрамында 800 мыңнан астам әйел қызмет етті» деген ақпаратты береді. Бұл дегеніңіз сол соғыста әйелдердің үлесі еркектерден кем болмағанын көрсететін айғақ емес пе?!
Жазушы сөз арасында осы романның басты идеясы қайда жатқанын да айта кетеді: «Соғысқа мына біздің, қатындардың көзімен қарасаң, ол бұрынғыдан да қорқыныштырақ болып көрінеді», дейді санинструктор, сержант Александра Иосифовна Мишутина. Бүкіл соғысты кешіп өткен, содан соң тұрмысқа шығып, үш бала туған, енді немерелерін мәпелеп отырған осынау қарапайым әйелдің бұл сөзінде кітаптың басты идеясы жатыр.
Бұл кітапта соғыстың біз білмейтін сұмдықтары айтылғанда, денең түршікпеуі мүмкін емес. Екі рет контузия алып, екінші рет жерден қазылып алынғанда, шашы аппақ қудай болып ағарып кеткен кейіпкердің өмірі туралы ойлаудың өзі үрейлі һәм аянышты. Ал мерген, ефрейтор Мария Ивановна Морозова (Иванушкина): «Менің тамаша бұрымым бар еді, мен оны мақтан ететінмін. Иә, екінші есіктен соны қиғызып шықтым...Көйлегімізді де тастадық. Анама не көйлегімді, не бұрымымды беріп үлгермедім». Соғыстың қыздарға берген алғашқы «сыйлығы» міне осындай. Жазушы оны байбалам салмай-ақ, осындай шағын эпизодтармен беріп отырады.
Бір қызығы, әйелдердің өзара айтысатын әңгімелері мейлі қай жерде болса да өзгермейді екен. Сол баяғы үй ішінің, туыс-туғаны, аналары мен әкелері туралы айта береді. Тіпті соғыс жүріп жатқан қан майданда да олардың әңгімелері осы тақырыпта өрбіген. Әрекеттері де сол қалпында қала бермек. Жазушы бұл құбылысты өз кейіпкерінің аузымен: «Соғыс қыздардың ештеңесін де өзгертпепті. Бірде Алманиядан қайтып келе жатқанда, әлдекімнің рюкзагынан тышқан атып шыққанда, қыздардың баршасы секіріп-секіріп түсті, жоғарғы полкадағылар болса, бақырып жатыр. Бізбен бірге қайтып келе жатқан капитан таңғалды: «Әрқайсыңның омырауыңда орден бар, сонда тышқаннан неге қорқып отырсыңдар?» деп суреттейді. Шындық, сосын әйел табиғаты өзгерусіз қала беретіндігі рас та шығар.
Соғыс біткен соң, майданнан оралған қыздардың өмірі тіптен күрделі болғаны да осы романның ішінде айтылады. Олардың соғысқа барғанына тіпті кейбіреулер күдіктене қараған сияқты. Өйткені соғыс – әйелге жат.
«Мен кәбеңкеге отырдым, ол менің шабаданымды қорапқа орналастырды. Менің формамды, наградаларымды көрді.
– Неше немісті өлтірдің? – деп сұрайды
– Жетпіс бесін.
Ол сәл кідірді де, күлімсіреді:
– Өтірік соқпа, бірде-бірін көрген жоқ шығарсың, сірә!». Туған ауылына соғыстан аман оралып, жолда кезіккен көлікке мінген солдат қыз бен шопыр жігіттің әңгімесі осылай басталады. Қысқа ғана диалогта немістерге деген өшпенділіктің оты қайнап тұр. «Төтесінен неше немісті өлтірдің?» деп сұраудың өзі адам үшін қаншалықты оңай һәм қиын.
«Бидайдың бір егіндігінде жатырмыз, күн жайнап тұр. Немістердің автоматтары «та-та-талап» жатыр, содан соң – тыныштық… Тек бидайдың шулағаны ғана естіледі. Тағы да немістердің автоматтары «та-та-талайды»... Сонда ой келеді: бидайдың мынадай шулағанын енді естір ме екенбіз?». Кейіпкер сөзі – шындық сөзі.
Қаламгердің бірде «Мен бұл күнде екі ұрпақ ауқымында ғұмыр кешіп жатқан сияқтымын – қырық бірінші жылғы жастар арасында және өзімнің қазіргі қатарластарым – жиырма мен отыз жастағылар ортасында жүрмін. Өзімнің санамда екі болмысты, екі адамдар әлемін алып жүрмін – олар өзара қиылысады әрі айырылысады, кезекпе-кезек іріленеді немесе ұсақталады, бірге қосылады. Менің зердем – ендігі олардың зердесі. Олардың зердесі – менің зердем» деуі тегіннен емес. Адамның үнемі айналысатын шаруасы оның мінезіне, құлқына, тұрмысына әсерін тигізбей қоймас. Төрт жыл бойы блокнот құшақтап, магнитофон жастанған жазушы үшін соғыс туралы жазу, ойлау әлдеқайда қиын болғаны мұнда тұр. Бірақ ол бәрін жеңе білді. Майдандағы қыздардың рухын қаламына көшірді.
Соғысқа барсақ деп «армандаған» жас қыздар соғыс даласында басқаша арманмен оянып жүрді. Мүлде керісінше. Олардың ендігі арманы былай парақталады: «Біз нені армандап едік? Алдымен, әрине, жеңуді, екіншісі – тірі қалуды. Қыздардың бірі айтады: «соғыс бітеді ғой, мен өмірге көптеген бала әкелемін», енді біреуі: «менің институтқа түскім келеді», ал үшіншісі: «ал мен болсам, шаштараздан шықпас едім. Әдемі киімдер киіп алып, өзімді-өзім күтер едім» – дейді. Бұл бейбітшілік пен соғыстың арасында өмір сүрген, соны өз көзімен көріп, сезінген адамдардың бір сәттік түсі.
Кейіпкердің бірі, атқыштар ротасының санинструкторы Ольга Яковлевна баяндаған мына бір оқиға тек соғыста ғана қайталанатын оқиға шығар. «Мен ай сайын қан бере бастадым. Донорлық паек та алдым: күшімді тез жинау үшін бір келі қант, бір келі ұнтақ жарма, бір келі шұжық беретін. Мен ауруларды күтуші Нюра тәтені жақын тартып жүрдім, оның жеті баласы бар еді, күйеуі соғыстың басында қаза тапқан. Үлкен ұлы жетіде болатын, ол азық-түлікке барып жүргенде кәртішкесін жоғалтып алыпты, содан мен оларға өзімнің донорлық паегімді беріп тұрдым. Мен айына бірден бес жүз кубик, жарты литрден екі рет тапсыратынмын. Бірде маған дәрігер: «Кел, сенің мекенжайыңды көрсетейік, мүмкін сенің қаның құйылған адам сені іздеп келер» деген ұсыныс жасады. Біз мекенжайды жаздық та, ол қағазды алынған қанға қыстырып қойдық.
Содан, екі айдай уақыт өткен соң, мен кезекшіліктен кейін ұйықтауға жатқан едім. Бір кезде мені біреу сілкілеп жатыр:
– Тұр! Тұр, саған бауырың келіп тұр!
– Қайдағы бауыр? Менің бауырым жоқ! – деймін.
Біздің жатақхана ең жоғары қабатта болатын, мен төменге түстім де, жан-жағыма қараймын. Қарасам: жас та, әдемі лейтенант тұр. Сауал қойдым:
– Мына жерге Омельченконы шақыртқан кім?
Ол:
– Мен шақырдым, – дейді. – Сөйтті де маған дәрігер екеуміз жазған жазбаны көрсетті. – Мінеки... Мен сенің қандас бауырыңмын». Соғыстың шындығы – өмірдің шындығы ма, оны уақыт дәлелдер, мүмкін, дәлелдеп те үлгерді.
Соғысқа барған қыздар бір жағынан қосындарға күш болып қосылып септессе, енді бір жағынан ондағы еркектерге рух сыйлаған да сияқты. Себебі қыздардың өзі алдыңғы шепте соғысып жатыр деген үлкен ой оларды жігерлендіріп, батылдана түсуге күш қосқандай. Жазушы бұл эпизодты «Тіпті әйел даусының өзі оларды түрлендіріп жіберетін» деп суреттейді. Ал Ольга Васильевна атты кейіпкер түн ішінде жеркепенің жанында отырып ән салғанын, бәрі ұйықтап қалды деген ойда болғанын, ал таңертең командирдің «біз ұйықтаған жоқ едік. Әйелдің даусын сағынғанымыз сондай...» деп тамсанғанын жеріне жеткізе баяндайды. Бұл да соғыстағы романстың бір сәттік бейнесі.
Светлана Алексиевичтің блокнотына жазылған соғыс туралы естеліктердің көптігі сонша, әр кейіпкердің артында тағы бір майдангер кезек күтіп тұрады. «Соғыс туралы мен де айтайыншы» деп өтініш айта бастайды. Сол үшін қаламгер соғыс хақындағы естеліктерді кейіпкерлер аузынан жазып алған магнитофонын «қинау құралы» деп атайды. Неге дерсіз? Ол кейіпкер аузынан естіген қан майданның қатыгез оқиғаларын үйіне қайтып барған соң тағы бір рет, қағазға түсіру барысында тағы қайталап естиді. Сосын соғыс оның миында, ойында, ақ қағазының бетінде қайтадан көрініс табады, асыр салады.
Соғыс. Осы бір қатыгез сөз қаншама адамның жанын жалмап, қанын төкті. Қанша сәби боздап, елді мекендер қирады. Біз оқып шыққан Светлана Алексиевичтің романындағы кейіпкерлердің көбі «Біз соғысқа дейін бақытты өмір сүріп едік» деп өкіне тіл қатады. Әрине олардың атасы, әкесі, бауыры, тіпті өзі сол соғыстың зардабын көрді. Жастық көктемдері соғыстың даласында өткен қыздардың көбі соғыстан кейін қоғамнан ажырап, елден бөлектеніп қалған, тіпті кейбірінің тұрмысқа шыққысы, бала сүйгісі де келмеген. Бұл майданның адамзатқа берген «сыйының» жаңаша түрі. Соғыс адамдарды бір-бірінен айырады, бөлектейді, психологиялық жақтан әлсіретеді, ең маңыздысы, ойыңның, миыңның тұрақты күйін мәңгілікке жоғалтады. Соғыстың алғы шебіне барған жауынгерлерден қатардағы кір жуушы болып істеген қыздарға дейін сөйлесіп, әңгімелескен жазушының бұл романы тірі куәгерлердің соғысқа деген көзқарасын білдіреді. Қалай десек те, соғыс деген жалғыз сөзге сан миллион адамның тағдыры, ондаған мемлекеттің мүддесі сыйып тұр. Жазушы осы романы арқылы соғысқа қатысты қатып-семген наным-сенімдерге нүкте қояды. Бұл роман Алексиевичтің басқа шығармаларына қарағанда қиынырақ әрі өзгеше болды. Өйткені ол қатыгездік пен нәзіктіктің арасындағы әлемді бір араға тоғыстыруды, елдестіруді көздеді. Сонымен бірге қанды ұрыс алаңында да адамның абыройын сақтауға деген ұмтылысын көрсеткісі келді. Осы екі жауапкершілікті де ол орындай алды. Ең маңыздысы, әйелдің жаны мен әлемі тек осалдықтан тұрмайтынын тағы бір рет жұртқа дәлелдеп берді.
Соғыста қару ұстап, ал соғыс аяқталғанда, өткен өмірлерімен күрескен қырық бірінші жылдың қыздарының көбі көйлек киіп, туфли кигенді жаны қаламайтын күйге түскен. Неге? Соғыс біткенімен, олардың санасындағы соғыс әлі жалғасып жатыр. Олар енді неміспен емес, өздерінің ойымен, өткен күндерінің елесімен соғысады. Санаға түскен жарақаттың бірін жеңсе, келесі біреуі сопиып шыға келеді. Олар үшін бұл мәңгілік соғыс болмақ.