Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жақында Алматыда криптовалюта тақырыбында өткен жиында сарапшылар халықтың криптосауатын көтеру мәселесін талқылады. Жиынға қатысушылар блокчейн алыпсатарлық өндіріс емес екенін, болашаққа салынған инвестиция екенін алға тартты. Криптоактивтер – цифрлы валюта, қолға ұстауға болмайтын, айналымда жүрген қаржы. Оның табиғаты – бірер мезетте бүкіл әлемде транзакцияланып үлгереді. «Биткоин төңкерісі» немесе криптовалюталар феномені әлемдік қаржы жүйесіндегі экономикалық қатынастарды түбегейлі өзгертті. Кез келген бизнес сияқты, оны бастау үшін де айналымда қаржы болуы қажет. Bitcoin Revolution арқылы пайда табуды бастау үшін кемі 250 доллар немесе одан да көп мөлшерде инвестиция керек», дейді сарапшылар.
Криптоиндустрияны құқықтық реттеу саласы бойынша қазақстандық сарапшы Илья Шеломенцевтың айтуынша, 2021 жылдың соңына дейін майнинг бизнесін мемлекеттік реттеу тетігі заңдық тұрғыдан бекітілмеген. Тек 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Салық кодексіне цифрлы активтерді өндірумен айналысатын тұлғаларға салық салу тәртібін белгілейтін норманы енгізді. Бірақ оның нәтижесі жылдың аяғында ғана белгілі болады.
Криптоактив саласында әлемдік қаржы жүйесіне өзгерістер алып келген факторлар көп. Ал Үкімет оның цифрлы валюта тәрізді қамтылмағанын, есеп айырысу кезіндегі белгісіздікті алға тартып, мәселені заңмен реттеуді кешеуілдетіп келеді. Сондықтан тәуекелге бел буған кәсіпкер өз қызметін жеке тәуекелі шеңберінде ғана жүргізіп келді. Ал мемлекетке кәсіпкердің тәуекелі емес, пайдасы маңызды. «Әзірге Үкіметтің ұстанымы белгісіз. Кәсіпкер криптоактивке сатып алған тауарына қарап, салық төлейді», дейді сарапшы.
Криптосауаттылықты заңдастыруға әлі ерте
Криптоактивтер ұлттық немесе шетелдік валютамен салыстырғанда біраз параметр бойынша ерекшеленеді. Нарықта криптосауаттылық деңгейін көтермей жатып, оны жариялы түрде заңдастыру ерте. Оның кері әсерін қаржы пирамидаларымен салыстыруға болады: Мысалы, криптоиндустрия ағымынан хабары жоқ салымшы оны ақшаға сатып алып, алданып қалса, үлкен проблемаға айналуы ықтимал. Алданғандардың қатары көбейген кезде Үкіметтен қолдау күтеді. Сол себепті Ұлттық банк нарықтың осы сегментіне беттемей отыр.
И.Шеломенцевтың түсіндіруінше, активтің мұндай түрімен айналысатын Ұлттық банк тәрізді эмиссия орталығы болмағандықтан ол төлем құралы ретінде қабылданбайды. Бірақ соңғы жетістіктер оның инвестициялық табиғаты дәстүрлі валюталармен ашық бәсекеге түсе алатынын дәлелдеп отыр. Себебі криптоактивтердің инфляцияға бейімділігі дәстүрлі валютамен салыстырғанда қуатты. «Қазақстанда криптоактивтерді дамытудың, оны инвестиция құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік беретін 17 блокчейн-платформа бар. 2019 жылы елімізде майнинг жобаларына 82,6 млн теңге инвестиция құйылған. 2020 жылы бұл іске салынған сома тағы 80 млн-ға өсті. Ал 2021 жылғы көрсеткіш 250 млн теңгеден асып кетті. Бұл – ашық нарықта көзін тапқанға мол мүмкіндік. Бірақ оның бағдарламаларын, кілтін білетін мамандар аз. Себебі мемлекет бұл актив түріне аса қызығушылық танытып отырған жоқ. Ішкі нарықта өздерін криптоойыншылар деп таныстырып жүргендердің кәсібилігі төмен. Криптовалюталарды шығару бойынша әлемдегі екінші ел бола тұра, қаржы қайтарымын көрмей отырмыз», деді И.Шеломенцев.
Қазір ел ішінде криптоактивтер бағасының құбылмалылығына байланысты пікір көп. Сарапшының түсіндіруінше, криптоактивтер бағасының құбылмалығы нарықтың беталысына емес, осы сегменттің капиталдануына ғана тәуелді. Қаржыландыру деңгейі артып, нарықта жаңа ойыншылар пайда болған кезде криптоактивтердің бағасы да тұрақталады. Ал криптовалюта бағамын ұстап тұру немесе бағдарлама арқылы құбылмалылықты жасанды түрде азайтуға болады. Себебі криптоактивтер – цифрлық революцияның бір ғана бөлігі. Әлемдік цифрлы технология қарқынды дамып жатқанда криптонарық барысын бір орталықтан бақылау мүмкін емес, тек нарықтың беталысын соған қарап бейімдеп үлгергендер ғана ұтады. «Бірақ криптоактивтер бағасын қолдан тұрақтандыру дегенге қарсымын. Мысалы, күні ертең қолданысқа енейін деп отырған цифрлы валютаның бағасы тұрақты болмайды. Құбылмалылыққа баға белгілеудің түбегейлі негіздерінің болмауы соған әкеліп отыр. Кей кезде бағаға инвесторлар да ықпал етеді. Инвесторлардың кірістілігі жоғары басқа да балама тәсілдерді іздестіруі биткоинды қырық құбылтып жібереді. Оның ерекшелігі де сол – құбылмалылығында. Мысалы, соңғы бес жылда оның бағасы 5 мың доллардан 30 мың долларға дейін өсті. Бұл – тәуекелден қорықпайтын инвесторлар үшін үлкен мүмкіндік», дейді сарапшы.
Криптоактивтерге көзқарас нақтыланады
Криптовалютаны қаржы құралы ретінде пайдалануға тыйым салынған, бірақ инвестиция ретінде салып, пайда табуға мүмкіндік бар. Ұлттық банк криптоактивтер айналымына рұқсат бермесе де майнингті қолдануға заң тыйым салмайды. Былтыр 22 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда криптомайнингті ресми түрде заңдастыру туралы заңға қол қойды. 1 кВт/сағ үшін бір теңге мөлшерінде төлемді белгілейтін түзету 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы криптовалютаны құптаса да Ұлттық банк оған қырын қарап келген еді. Бірақ осыдан бірер жыл бұрын елде криптовалюталарды сақтау және айналымға жіберу тұжырымдамасы әзірленіп, виртуалды валюталарды сақтау және «Астана» қаржы орталығы секілді мамандандырылған алаңдар арқылы сату ісін реттеуге ден қойылды. Мемлекет осы арқылы криптовалюта саласын заңдастыруға бет бұра бастағанға ұқсайды.
Тәуелсіз финтех сарапшысы Ғимран Абдрахманов Қазақстанда криптоактивтерді қолма-қол ақшаға айналдырудың мүмкіндіктері бар екенін айтады. Бұл «Астана» халықаралық қаржы орталығында заң шеңберінде реттелген. «Қазақстандықтардың криптоактивтер туралы сауаттылық деңгейі дамып келе жатыр. Бірақ жоғары деңгейге жеткенше көп жұмыс істеу керек», деді Ғ.Абдрахманов.
Осы ретте сарапшы цифрлы активтердің аражігін ажырата білу маңызды екенін ескертті. Айталық, 2020 жылы Азаматтық кодекске «цифрлы активтер» деген ұғым енгізіліп, «қамтамасыз етілген», «қамтамасыз етілмеген» деп екіге бөлініп, мүлік түрі ретінде қарастырылды. Қамтамасыз етілген активтер тауармен не қызметпен қамтасыз етілуі міндетті және олардың айналымына елімізде рұқсат етілген, бірақ токенизацияны бастамас бұрын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін хабардар ету қажет. Мысал ретінде сыйға берілетін сертифкаттарды айтуға болады, тек физикалық формада емес (купон) цифрлы активке ауысып шығарылғандары (токендер) «қамтамасыз етілген активтер» ретінде танылады. Яғни ол токенді кез келген уақытта тауарға не қызмет түріне алмастыруға болады. Қамтамасыз етілмеген цифрлы активтер тек «Астана» халықаралық қаржы орталығында реттеледі және инвестиция түрі болып саналады, оған биткоин, эфириум және тағы да басқа альткоиндар жатады (альтернативті коиндар). Оның бағасына сұраныс пен ұсынысқа, геосаяси жағдайлар, негативті немесе позитивті жаңалықтар, киттердің қозғалысы (криптовалютаның ірі ұстаушысы), трендтер, қор нарығы және тағы да басқа факторлар әсер етеді. «Криптонарықтың тәуекелі жоғары. Оның бағасы ауытқымалы, кейде техникалық, фундаменталды және басқа да талдауларға бағынбайды. Бір тәуліктің ішінде 10-15 пайызға, тіпті 50%-ға дейін төмендеп немесе жоғарылауы мүмкін. Тәуекелдерді төмендеу мақсатында нарықты үнемі қадағалап, эмоцияларға берілмей, алдын ала дайындалған инвесторлық стратегияны ұстану өте маңызды», деді Ғ.Абдрахманов.
Яғни қорқыныш пен ашкөздік индексін ұмытпау қажет (fear and greed index). Ол индекс 0-100-ге дейінгі көрсеткішпен белгіленеді. 0-40 дейінгісі – нарықта қорқыныш орын алғанын, 30-60 дейін нейтралды және 60-100-ге дейін нарықта ашкөздік орын алғанын көрсетеді.
«Ашкөздік кезінде криптовалюталарға инвестиция салу өте қауіпті. Қарапайым тілмен айтсақ, биткоин жайлы тек сын пікір айтылған кезде инвестициялау дұрыс, тіпті биткоинды сантехникке дейін талқылап кеткен кезде криптовалютаны сату керек деген сөз. Алайда мұны инвестициялық не қаржы кеңесі ретінде қарастырмаған жөн. Әрбір инвестор өз қаражатына өзі ғана жауапты. Бастапқы кезде криптовалюталарға салынатын капиталдың пропорциясы 10-20%-дан аспағаны жөн», дейді сарапшы.
Ұлттық банк крипто сатып алуға асықпауға кеңес береді. Себебі оның тәуекеліне мемлекет кепілдік бермейді. Нарықтың тілін білетіндер қай сәтте қандай шешім қабылдарын біледі. Сондықтан өз-өздеріне кепіл бола алады. Біздің елде криптоактивтерді қолма-қол ақшаға айналдырып беретін ресми және ресми емес компаниялар бар. Ресми компаниялардың (криптоброкер және криптобиржалар) жұмысын «Астана» халықаралық қаржы орталығы (AFSA) реттейді. Қаржы орталығында осындай операцияларды жүргізуге мүмкіндік бар, бірақ оның да белгілі бір шегі бар. «Қазір нарықтың осы сегментіне көптеген инвесторлар келіп жатыр. Қозғалыс бар. Осыған дейін тек бізде емес, шетелде де криптоактивтерге деген көзқарас селқос болды. Сенімсіздікке басымдық берілді. Ал қазір бірқатар елдің алпауыт банктері криптоактивтермен айналысатын криптотрейдинг департаменттерін ашып жатыр. Байқап отырғанымыздай, алғашқы жылдары сынаса, қазір қабылдай бастады. Еуропа мен АҚШ-тың зейнетақы қорлары салымдарының 3 пайызын криптоактивтермен ұстайды. Ал Азияда бұл көрсеткіш – 15 пайыз. Демек Азия құрлығындағы мемлекеттердің криптоактивтерді қабылдау деңгейі Еуропамен салыстырғанда жоғары. Ал біздің ел бұл мәселеге қатысты ұстанымын мемлекеттік деңгейде нақтылаған жоқ. Бірақ менің ойымша, арада бір өзгеріс болып қалуы мүмкін», деп түйіндеді Ғ.Абдрахманов.
АЛМАТЫ