Елорда • 09 Мамыр, 2022

«Айбынды ардагерлер» концерттік акциясы

335 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елдің ертеңі нұрлы, болашағы жарқын болсын деп қолына қару алып, қан майданға аттан­ған ардақты ардагерлердің ерен ерлігі естен шық­пайды. Қаймықпай қалың жауға қарсы шыққан қайрат­керлердің қатары күн сайын азайып жатқаны жанымызға бататыны белгілі.

«Айбынды ардагерлер» концерттік акциясы

Мамыражай мамыр айы майдан даласында машақат көргендерді марапаттайтын маңызды мезет десек болады. Ел тыныштығы үшін ерен ерлік танытқан елордалық ардагерлерде ескеріліп, сый-сияпатқа бөленді. Құшақтары гүлге толды. Қазіргі таңда елорда бойынша 18 ардагер бар.  Солардың құрметіне, Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 77 жылдығын мерекелеу қарсаңында «Айбынды ардагерлер» концерттік акциясы өтті.

Іс-шара аясында Нұр-Сұлтан қала­сы әкімдігі Мемлекеттік акаде­миялық филармониясының үрлемелі аспаптар оркестрімен Red bus экскурсиялық екі қабатты автобусымен қаламыздың көшелері мен Ұлы Отан соғысының 12 ардагерлері тұра­тын тұрғын үйлерге барып қайтты.

«Әрбір ҰОС ардагері үйінің алдында салтанатты музыкалық құт­тық­таумен рухани оркестр әске­ри-патриоттық әндерді орындады. Бұл ардагерлер үшін ғана емес, елор­даның тұрғындары үшін ерекше сыйлық болды. Мақсатымыз - майданда және тылда ауыр сынақтардан өткен, өз күштері мен өмірін аямай, әлемді фашизмнен азат еткен Ұлы Отан соғысының ардагеріне шын жүректен алғыс айту», дейді шараны ұйымдастырушылар.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сә­кеев осы жылғы 1 мамырдағы жағ­дай бо­йын­ша Қазақстанда 381 ҰОС ардагері барын, олардың әрқай­сысына құрмет көрсетіліп, әлеу­меттік қолдау шаралары арта түсетінін айтқан болатын.

«Қазір ойланып қарасам, жеңіске жету үшін талай тағдыр қыршыннан қиылды. Бірақ біз еш мойымай, тек алға ұмтылдық және жеңіске жеттік. Көңіл бөліп келіп, құрмет жасаған­дарыңызға үлкен рахмет. Жастарда бірлік болсын. Бірлік бар жерде тірлік бар. Осы балапандарым оқып, елдің алдына шығып, еліміз қадірлі ел болсын. Енді басқа не айтайын», деді Ұлы Отан соғысының ардагері Жүсіпбек Кәрімов.