Аймақтар • 11 Мамыр, 2022

Ұлт ұстазының есімі ұлықталды

294 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетауда Алаш ардақтысының 150 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы – әлемдік руханият кеңістігінде» тақыры­бындағы халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өткізілді.

Ұлт ұстазының есімі ұлықталды

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ хал­қының әлеуметтік өмірі мен мәдениетіне, болашағының баянды болуына адал қызмет еткен ірі қоғам қайраткері. Жа­зықсыз «халық жауы» атанып, ату жаза­сына кесілген қайраткердің артында қалдырған мол мұрасы – сарқылып бітпес қазына.

Конференцияға алыс-жақын шет­ел­дердің әйгілі ғалымдары, әдебиет­танушылар, тарихшылар, зиялы қауым мен жастар қатысты. ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының рухани көсемі, «Алаш» қозғалысы көшбас­шыларының бірі, ұлт ұстазы, елді біліммен сусындатқан ағартушы, ана тілімізді түрлеуші, қазақ тіл білімінің атасы – Ахмет Байтұр­сынұлының еңбектерін әлемдік деңгейде насихаттап, жаңаша бағалануын ұрпақ санасына жеткізу керек.

– Мемлекет басшысының Жар­лығына сәйкес биыл баршамыз «Алаш» қозғалысының қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мерей­тойын жалпыұлттық деңгейде атап өтудеміз, – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев, – бүгінгі кон­ферен­ция еліміз үшін абырой­лы, жас ұрпақ үшін тәлімдік маңызы зор шара­лардың бастауы болмақ.

Ұлы ға­лым­­ның шығарма­шы­лы­ғына ар­налған «Ұлттың ұлы ұстазы» атты өңір­аралық айтыс, «Рухани көсем» тақы­рыбында театр­­ландырылған қойылым және тілдерді оқыту орта­лықтарының оқы­­тушылары арасында облыстық бай­қау өткізілетін болды. Жыл бойына жос­­парланған іс-шараларда «Ахмет тағы­лымы» онкүндігі, «Ұлт­тың рухани көсемі» тарихи сағат­тары, «Ұлттық сана сәу­лесі» әдеби кештері, «Ахмет Бай­тұр­сынұлы – ұлттық тіл білімінің негізін қалаушы» филологиялық симпозиумы, жас тарихшы-өлкета­нушылардың форумы өтеді деп белгі­ленген. Қазіргі уақытта Степногор қаласында 1 мектеп пен об­лыс­тағы елді мекендердегі 22 көшеге Ахмет Байтұрсынұлының есімі беріліпті. Биыл Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжіне, Біржан сал, Жақсы аудандарының 2 орта мек­тебіне, көшелерге ғалымның есімі берілетін болады.

Пленарлық мәжілісте Өзбекстан­ның Ташкент қаласындағы Өзбек мем­лекеттік әлем тілдері уни­вер­си­тетінің профессоры, филоло­гия ғылымдарының докторы Ма­ханбет Жүсіпов «А.Байтұрсынұлы еңбекте­рінің фонология ғылымындағы ор­ны» тақырыбында баяндама жасап, ғалымның әлем тіл ғылымына, әсі­ресе түр­кологияға қосқан ересен еңбе­гін атап өтті. Түркияның Памук­кале уни­вер­­ситетінің профессоры, ғылым докторы Нергиз Берай онлайн байланысқа шығып, әсерлі сөз сөйледі. Осылайша, ұлт ұстазының ұлы еңбегі лайықты ұлық­талды.

 

Көкшетау