Аймақтар • 11 Мамыр, 2022

Қонаевқа құрмет

740 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы облысындағы Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілуіне байланысты салтанатты іс-шара легі жалғасуда. Бұған дейін Талдықорған қаласында біртуар тұлғаны еске алу рәсімі өткен болатын. Жиында жиналған көпшілік Дінмұхамед Ахметұлының ескерткіш мүсініне гүл шоқтарын қойып, елі үшін тер төккен тұлғаның еңбегі мен өнегелі істерін тебірене еске алған-ды.

Қонаевқа құрмет

Ал жақында тағы бір та­ғы­­лымды іс-шара Қонаев қала­сында ұйымдас­ты­рылды. Оған мемлекет және қоғам қайрат­керінің туған-туыстары, заман­дастары мен әріптестері, Парламент Сенаты мен Мәжілі­сінің депутаттары, ғылым мен шы­ғар­машылық иелері, ардагерлер мен жер­гілікті тұр­ғын­дар жиналды. Жиналғандар алдымен қаланың орталық алаңындағы Д.Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Мұнда Алматыдағы Д.А.Қонаев атындағы музейдің экспонаттарының көшпелі көрмесі қойылды. Көрмеде Дінмұхамед Ахметұлының жеке заттары ұсынылды, фото­көрме, мерекелік концерт ұйым­дас­тырылды. Салтанатты жиында сөз алған Алматы облы­сының әкімі Қанат Бо­зымбаев Дін­мұ­хамед Қонаевтың Қазақстанды дамытудағы және қалалар салудағы ерен еңбегіне тоқталды.

– Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев елімізде 43 қаланың салынуына атсалысты. Соның жетеуі Алматы облысындағы Есік, Қаскелең, Сарқан, Талғар, Үшарал, Үштөбе, сосын, әрине, осы Қапшағай, яғни қазіргі Қонаев қаласы. Сондықтан өзі салдырған қалалардың біріне атын беру – лайықты құрмет көрсету деп білеміз. Мемлекет басшысының бастамасымен, қала халқының қолдауымен тарихи әділеттілік қалпына келтірілді. Қаланы қалыптастыру, ГЭС пен су қоймасын салу – Дінмұхамед Қонаевтың тікелей еңбегі. Сонымен бірге Президенттің Жарлығына сәйкес облыс екіге бөлінгеннен кейін Алматы облысының орталығы Қонаев қаласы болады деп бекітілді. Бұл қаланың дамуына жаңа серпін беріп, мегаполистің маңайындағы аудандардың қор­даланған әлеуметтік мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік жасайды, – деді Қ.Бозымбаев.

Жалпы, жақын болашақта Қонаев пен Алматы қалаларының арасын серік­тес қалалар жалғайтын болады. Қа­зір қажетті инфрақұрылым жасал­ған, қала одан әрі де дамитын болады. Бұл ретте жобаның жаңар­тыл­ған тұжырымдамасында қала эко­но­­микасының өнеркәсіптік, турис­тік, ойын-сауықтық бағыттарын дамыту қарастырылған. Яғни бюджет түсімі мен тартылатын инвестиция көлемі ар­та­ды деген сөз.

– Қалаға жаңа атау беріліп, жаңа мәр­те­беге ие болуы – өзгерістің басы. Қазірдің өзінде тұрақты жұмыс орын­дарын ашу, тұрғын үй қорын кө­бей­­­ту, қаланың инфрақұрылыммен қам­тылуы мен көркейтілуін кешенді түрде қарас­ты­ратын жоспар әзірленуде. Қаланың экономикалық, әлеуметтік, мәдени – қай жағынан болсын жаңа тарихы басталды деп сеніммен айтуға болады. Қонаев қаласының тұрғындары да өзгерістерге белсене атсалысады деп сенеміз, – дейді Қанат Бозымбаев.

Осы жиында Д.Қонаевтың туы­сы, қайраткер атындағы қордың пре­зи­денті Эльдар Қонаев та лебізін біл­дірді:

– Дінмұхамед Ахметұлының отба­сы­ның атынан қалаға есімін беруге қолдау көрсеткендеріңіз үшін шын жүректен ризашылығымды айтамын. Бұл тарихи шешім – Дінмұхамед Қо­наев­тың елге сіңірген көп жылғы ең­бе­­гіне көрсетілген құрмет. Сол жылдарда республикамыздың экономикасы 7 есе артыпты. Ол Алматы облысына ерекше көңіл аударатын, ал Қапшағай қаласына деген ықыласы бөлек еді. Оның барлық қалыптасу, даму процес­те­рі Дінмұхамед Ахметұлының жіті назарында болды. Сондықтан біз қайраткердің 110 жылдық мерейтойлық кезеңінде атын Қапшағай қаласына беру туралы жаңалықты қуанышпен қабылдадық. Бұл шешім қаланың одан әрі жаңа леппен дамуына жол ашады деп сенеміз. Қонаев қаласы өсіп-өркендей берсін, – деді ол.

Сондай-ақ Социалистік Еңбек Ері, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген агрономы Вера Сидорова мен генерал, қоғам қайраткері, Дінмұхамед Қонаевтың бас­шылығымен түрлі лауазым­дар­да 20 жылдан астам еңбек еткен Амангелді Шабдарбаев естеліктер ай­тып, тілектерін жеткізді. Ал ғалым, химик, Ұлттық ғылым академиясының пре­зиденті Мұрат Жұрынов бірнеше зерттеу еңбектерінің авторы болған саясаткердің ғылымдағы жетістіктеріне тоқталды. Ертеректегі жылдарды еске алып, Дінмұхамед Ахметұлымен кездескен, бірлесіп жұмыс істеген кездері туралы әңгімеледі. «Ол кісіні Димеке дейтінбіз», деген М.Жұрынов Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстан тарихындағы айтулы қайраткердің бірі екенін атап өтті. Бұл пікірлерге қолдау білдірген қала халқы қызу қол соқты.

Жиында Д.Қонаевпен бірге қызмет еткен, оны білетін өзге де азаматтар қайраткерге құрмет көрсетіп, сөз арнады. Мәселен, сол кезеңде Қапшағайды салуға қатысқан құрылысшы, қаланың құрметті азаматы Александр Чжен:

– Мен Қапшағай ГЭС-ін салуға жас маман болып келген едім. Бүгін қала­мыздың облыс орталығы мәрте­бе­сін алуымен, оған біртуар азамат Дінмұхамед Қонаевтың аты берілуімен құттықтау бақытына ие болып отырмын. Қаламыздың тарихы Дінмұхамед Ахметұлының есімімен тығыз бай­­ланыс­ты. Ол Қапшағай ГЭС-і ғимара­ты­ның алғашқы іргетасын қалап қана қойған жоқ, оның басшылығымен қаланың маңызды көлік-логистикалық нысандары салынды. Біз, ардагер құрылысшылар, қалаға Қонаев есімі берілгеніне шын жүректен қуандық, – деді.

Айтпақшы, бүгінде Алматы облысында Д.Қонаевтың атымен аталатын 8 білім мекемесі бар. Және 114 көше ұл тұлғасының құрметіне берілген. Өңірде Қонаевтың 8 ескерткіші орнатылған. Ал жуырда Балқаш ауданының орталығы Бақанас ауылында тағы бір ескерткіш қойылмақшы.

 

Алматы облысы