Басшылар жүйкесін тауысады, басқа жұмысқа ауысады. Мәселе сол күйінде қала береді. Тіпті жыл сайын ушыға түсуде. Көшеден кез келген павлодарлықты тоқтатып, «шаһарда қандай проблема бар?» деп сұрасаңыз, коммуналдық сала туралы сайрай жөнелетініне күмәніміз жоқ.
Бұдан хабардар облыс басшылығы жуықта Павлодар қаласын дамыту жөнінде үлкен жиын өткізді. Оған бұрынғы шаһар басшылары арнайы шақырылып, ардагерлердің ұсыныс-тілектері назарға алынды. Павлодар қаласының әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, облыс орталығындағы 610 ауланың 83 пайызын, яғни 504 ауланы жаңарту қажет. Әрине, оның барлығын бір жыл ішінде жаңарту мүмкін емес. Сондықтан жергілікті билік биыл әзірге 150 аулада балалардың ойын және спорт алаңдарын орнату, асфальт жабындысын ауыстыру, орындықтар қою, көлік тұрақтарын қарастыру сияқты шаруаларды тындырмақ. Бұдан бөлек, 55 воркаут алаңдары мен көше тренажерлары орнатылады деп жоспарлануда. Павлодарлықтар жарық мәселесін жиі көтереді. Бүгінде 164 аула тасқараңғы күйде екен. 10 көшенің бойында жарық желілері мүлдем жоқ. Осы ретте, шаһар басшылығы жыл соңына дейін қосымша 2 250-ден астам тірек бағандары мен шамдар қойылатынына сендіруде. Жалпы, шаһардың инфрақұрылымын жаңғыртуға облыстық бюджеттен 14 млрд теңге, республикалық қазынадан 2 млрд теңге қаражат қарастырылмақ. Аз ақша емес, әрине. Облыс басшылығы ендігі жерде мұндай қомақты қаржыны тиімді пайдалану керек екенін ескертті.
Бүгінде облыс орталығындағы жолдардың 24 пайызының сапасы сын көтермейді. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар ескі технологиямен ретке келтіріледі. Биыл 12 көшедегі 25 шақырымнан астам жолды қалпына келтіру үшін 13 млрд теңге жұмсалмақ. Бұған дейін жеке сектордағы 174 көшеде мүлде жол болмаған еді. Өткен жылы оның 20-сына асфальт төселіпті. Биыл тағы 53 көшеде жаңа жол жабындысы пайда болмақ.
Даму жоспары талқыланған жиынға қатысқан қоғамдық кеңес мүшелері де ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Балаларды оңалту орталықтарын көбейту, қоғамдық дәретханалар ашу, құрылыс сапасын жақсартуға қатысты талап-тілектер айтылды.
ПАВЛОДАР