Осылайша, айдың, күннің аманында 12 үй бірдей өртеніп, онда тұрып жатқан 13 отбасы баспанасыз қалды. Бұл отбасыларында кәмелет жасқа толмаған 13 бала бар. Мұның сыртында, өрт үш жеңіл көлікті, бір жүк көлігін, бірталай жеке шаруашылық ғимараттарын жоқ қылды. Алапат өрт қалалық ауқымдағы төтенше жағдай ретінде тіркелді.
9 мамыр күні үйсіз қалған 5 адам қаладағы «Достық» профилакторийіне орналастырылып, қалғандары туыстарының үйін паналады. Ал 10 мамырда таңертең қала әкімі Марат Жүндібаев үйі өртенген тұрғындармен кездесті. Кездесуге облыс әкімінің үш орынбасары қатысты.
Қала әкімдігінің мәлімдеуінше, осы күні өрт жойған үй-мүліктің құнын анықтайтын комиссия құрылған. Комиссия жұмысына тәуелсіз сарапшылар да тартылып отыр. Әр отбасына 200 мың теңгеден алғашқы қаржылай көмек көрсетілді. Мұның сыртында, қалалық жұмыспен қамту бөлімі әлеуметтік көмек көрсету ережесіне сәйкес, өрттен зиян шеккен әр отбасына
70 АЕК көлемінде, яғни 214 410 теңгеден аудармақ.
Жергілікті кәсіпкерлер баспанасыз қалған тұрғындарға қарақұмық, ұн, макарон, тауық еті, сұйық май түрінде тегін азық-түлікпен көмек көрсете бастады. Бұл азық-түліктерді 10 мамыр күні сағат 15:00-де волонтерлер зардап шеккендерге жеткізіп берді.
– Жеті оқушыға тегін ыстық тамақ, кеңсе тауарлары, киім берілді. Кәмелетке толмаған екі студент қажетті киіммен, аяқкиіммен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ жер қатынастары және сәулет бөлімінің заң қызметі өртеніп кеткен мүлік құжаттарын қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастады, – деді әкімдік өкілдері.
Төтенше жағдайды жою жөніндегі жедел штаб жұмысын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов тікелей бақылауына алды.
Қостанай облысы