Әлем • 11 Мамыр, 2022

Қазақстанда түрік жемістері мен көкөністеріне сұраныс бар – министр

303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Анкарада Түркияның Ауыл және орман шаруашылығы министрі Вахит Киришджимен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстанда түрік жемістері мен көкөністеріне сұраныс бар – министр

Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы саласындағы Қазақстан-Түркия қатынастарының тұрақты дамып жатқанын атап өтті. 

Қазақстан дәнді және майлы дақылдарды өндіру және экспорттау бойынша жетекші орынға ие бола отырып, бүкіл Орталық Азия өңірінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі ел болып саналады.

«Қазақстан бидай мен ұн экспорты бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына кіреді. Біздің астық жоғары сапалы көрсеткіштермен сипатталады. Жайылымдары мен өзінің жем-шөбінің болуы және шалғайдағы мал шаруашылығына қол жетімділік ет өнімдерін өндірудің өсуіне ықпал етеді және халал талаптарына сәйкес келеді. Географиялық орналасуын, бай жер ресурстарын, сондай-ақ қолайлы климаттық жағдайларды назарға ала отырып, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені болашақта әлемдегі азық-түлік жағдайын тұрақтандыру мен жақсартуда маңызды рөл атқара алады», деді ведомство басшысы.

Министр пандемияға қарамастан қос ел арасындағы сауда көрсеткіштерінің тұрақты өскенін жеткізді. 

2022 жылғы қаңтар-ақпанда Түркиямен АӨК өнімдері бойынша тауар айналымы шамамен 37 млн доллар болды, бұл 2021 жылғы кезеңмен салыстырғанда 62% артық (22,7 млн доллар). Экспорт 55% артып, 19,5 млн доллар болса, ал импорт 69% артып, 17,1 млн долларға жетті.

Министрдің айтуынша, қос ел арасындағы сауданы дамытудың әлеуеті зор. Осыған байланысты Қазақстан ет өнімдерінің, өсімдік майларының және жануарлардан алынатын басқа да өнімдердің экспортын ұлғайтуға мүдделі.  Сондай-ақ Қазақстанда түрік жемістері мен көкөністеріне, цитрус жемістеріне және тағы басқа өнімдерге сұраныс бар.

Кездесу барысында Ербол Қарашөкеев Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын ұсынды. Бұл ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу, сондай-ақ сапалы, қолжетімді және бәсекеге қабілетті азық-түлік өнімдерін өндіру.

Сондай-ақ Қазақстан басымдық беретін салалардың бірі – ет пен сүт, картоп, қант қызылшасы, майлы дақылдар, жемістер, көкөністер, былғары шикізатын қайта өңдеу саласына шетелдік инвесторларды тарту деп атап өтті министр.