Қоғам • 11 Мамыр, 2022

Жеке инвесторлар заңды тұлғалардың қарыздарын сатып ала алады

272 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Банктердің және микроқаржы ұйымдарының стрестік активтерін жеке инвесторларға сату құқығы беріледі. Бұл туралы стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер туралы заң жобасын талқылау кезінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жеке инвесторлар заңды тұлғалардың қарыздарын сатып ала алады

Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы стрестік активтерді экономикалық айналымға қайтару жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленді. Заң жобасының негізгі мақсаты - стрестік активтердің өтімді нарығын нарықтық түрде дамыту және оларды экономикалық айналымға тарту үшін жағдай жасау.

«Осы заң жобасы 4 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді және мынадай негізгі бағыттардан тұрады. Біріншіден, заң жобасында стрестік активтерді авторизацияланған сатып алушылардың қолданыстағы тізімін жеке инвесторларды қосу арқылы кеңейту көзделеді. Қазіргі уақытта Банктер туралы заңның 36-1-бабына сәйкес, авторизацияланған сатып алушылар тізіміне екінші деңгейдегі банктер, банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдары, Проблемалық кредиттер қоры, коллекторлық агенттіктер және басқа да қаржы ұйымдары кіреді. Бұл ретте, тізім кеңейтіліп, банктердің және микроқаржы ұйымдарының стрестік активтерін жеке инвесторларға сату құқығы беріледі», деді М. Әбілқасымова.

Оның айтуынша, жеке инвесторларға заңды тұлғалардың және дара кәсіпкерлердің қарыздарын сатып алуға рұқсат етіледі.

Қарыз алушы – жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін заң жобасында жеке тұлғалардың кредиттерін инвесторларға сату көзделмеген.