СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылдың қыркүйек айында Петропавл тұрғыны интернеттегі хабарландыру арқылы магнитола сатып алмақшы болады. Келісім бойынша алдын ала төлем жасап, 80 мың теңгесін аударған. Кейін «сатушы» байланысқа шықпай қойған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Петропавл қалалық полиция басқармасы бірінші полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол Павлодар қаласының 21 жастағы тұрғыны екен. Мән-жайды анықтау кезінде ұсталғанның ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілді. Жедел уәкілдер материалдарды павлодарлық әріптестеріне жіберді. Күдіктінің Шығыс Қазақстан және басқа облыстарда жасалған 15 интернет-алаяқтыққа қатысы болуы мүмкін. Қылмыс жалған тауарға алдын ала төлемді талап ету арқылы жасалған, тауар ретінде техника, асыл тұқымды марғаулар және тағы басқалар ұсынылған.
«Бүгінгі таңда интернет-алаяқтық белең алған. Бұл қылмыс түрін ашуда өз қиындықтары бар. Десек те тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, облыс аумағында сәуір айының соңында өткізілген «Контрафакт» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында бұрын жасалған 11 интернет-алаяқтық ашылды. Интернеттегі тауар мен қызмет үшін алдын ала төлемді жібермей тұрып, тексерген жөн, жұрттың пікірлеріне мән берген дұрыс», деді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Жалпы жыл басынан СҚО-да 279 интернет-алаяқтық тіркеліп, бүгінгі таңда 77-сі, яғни шамамен әр үшіншісі ғана ашылды.
Аяна Тоғанбек