Ал театр әртістері, замандас үзеңгілестері, зиялы қауым, шәкірттері мен қала тұрғындары мен кеш қонақтары болды. Жаңа инновациялық жанрдағы кеште шапан жабылып, ат мінгізілген жоқ, министрлердің мақтау хаты мен әкімдердің құттықтауы да оқылмады. Кеш тізгінін қолына алып, басты кейіпкер мен көрерменнің ортасындағы ашық сұхбатты жүргізген М.Әуезов атындағы Ұлттық театрдың директоры Еркін Жуасбектің айтуынша, бүгінгі интерактивті спектакль кешегі сахна өнерінің арғы тегі саналатын сал-серілерден қалған үрдіс – алқа-қотан отырып әңгіме айту, сырласу, көкейдегі сұрақты ортаға салып, байыпты жауап алу. Бұл – 85-тің сеңгіріне көтерілген сахна саңлағының халқына есеп беруі. «Қазақстан» ұлттық арнасы арқылы бүкіл республика халқына тікелей эфирде таратылған кеште актердің өнерін құрмет тұтатын елдің түкпір-түкпіріндегі сүйікті көрермені онлайн байланысқа шығып, сахнаны ашық сұхбат алаңына айналдырды.
Кешке келген қонақтар театр мұражай қоры ұйымдастырған «Тағдыры – өнер тарихы» атты А.Әшімов шығармашылығына арналған көрмені тамашалады. Көрмеге театр корифейінің жеке қорынан сахналық костюмдері, естелік суреттері, кітаптары, құжаттары, наградалары қамтылған 200-ге жуық экспонат қойылған.
Интерактивті қойылым кіріспесі актердің ұлттық өнердің ордасы – академиялық театрға келген алғашқы жылдары, алғашқы рөлі, өнерде жүріп бастан кешкен қиындығы туралы әңгімеден басталды. Тұнжырап, ойға шомғандай отырып, қабағын кенет жазып, халық әртісі осыдан алпыс жыл бұрын ойнаған Кебектің Еңлікке қарата айтатын әнін шырқай жөнелді. Қыр астында қалған жастық шағы Кебектің жігерлі образымен қайта оралғандай қанаттанып, қомданып, нақты бір адамға қарата айтпаса, сом бейненің сұрқы қашатындай, екі көзін ел арасында отырған көзкөргені Нүкетай Мышбаевадан аудармайды. Жарасымды. Ал жас актерге сахна өнеріне жолдама берген ең алғашқы рөлі – «Абай» трагедиясындағы Айдардың бейнесі. Осы күнге дейін ыстық көрінетін осы рөлін ол жиырма жылдан аса ойнаған екен.
Асанәлі Әшімов – ұстаздан жолы болған адам. Ұлы ұстазы Асқар Тоқпанов өнер әлеміне алып келсе, 1961 жылы оқуын бітірген соң киностудияда жұмыс істеген жылдары Шәкен Аймановтай тұлғаның тағылымын алды. 1964 жылы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына келгенде қазақ кәсіби театр өнерінің іргетасын қалаған Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қалибек Қуанышбаев сынды қайталанбас ғажайып дарын иелерінен өнеге алып, ұлы дәстүрді жаңғырта жалғастыру бақытына ие болды. Көпқырлы талант иесі Асанәлі Әшімов қазақ театры мен киносында эпикалық романтикадан бастап қатаң реализм, драмалық трагедия, әдебиеттік сарказмге дейін тұлғаланған кейіпкерлердің тұтас галереясын жасады.
«Кейінгі жас актерлер көрмеді ғой, ал мен Қаллекидің Мылқауын осы күнге дейін ұмыта алмаймын. Бір сөзі жоқ. Алғаш осы Мылқаудың рөлі Рахметолла Сәлменовке берілген екен. Ол «бір сөзі жоқ» деп сценарийді лақтырып тастапты. Қаллеки қағып алған. Міне, сол Мылқауды көрдім. Қаллекидің Ақан мен Ақтотының қасіретін түсінетіні сондай, бас бармағын тістеп «а-а-а» деп сахнада бес минуттай теңселіп тұрғанда, жанында жүрген біз оның көзіне қарауға қорқатын едік. Мылқаудың қалай қайғы жұтатынын Қаллеки қып-қызыл болып кететін көзімен көрсетеді. Залда жыламаған адам қалмайды. Міне, шеберлік. Сахна – шындықтың орны. Мен ешқандай білімі жоқ, бірақ ұлттық мінез бен қасиетке жүгінетін осылардың көзін көріп, тәрбиесін алдым. Өнерді құрметтейтін талант сахнада өтірік ойнамайды. Біз білетін корифейлердің бәрі де өнердің финалына шыққандар, ал финалға шыққан ұлы актердің бәрі де таза адамдар еді. Сахна адамды тазартады. Бүгінде жақсы актерлер жоқ емес. Бірақ оларға Айманов керек, Қожықов, Мәмбетов керек, қысқасы, сұңғыла режиссер, сапалы режиссура керек. Актердің таланты тек сонда ғана жарқырайды. Ошақтың үш бұтындай – режиссер – драматург – актер тіл табысса, нағыз өнер туады».
«Қазір деңгейі төмендеп кетті ғой, арзанқол сериалдармен, киноның өнер ретіндегі құнын түсіріп жүргендер немесе фонограммамен айтатын әншілер, арзанқол әзілкештер «біз өнер адамдары» деп ісініп-қабынып сұхбат беріп жатады. Сіз осыларға не айтар едіңіз?», дейді ақтаулық көрермен.
«Бұл баяғыдан келе жатқан белгілі мінез ғой. Себебі ақсақалдардың өзінен кейінгі жас буынның өнерін қабылдай қоюы қиын. Жалпы, сериалды өз басым өнер деп есептемеймін. Біз бұрынырақта екі сериялы фильмді үш жыл түсіріп әрең аяқтап едік, қазір бір аптада екі серия түсіреді. Халтура осылай пайда болады. Мұнда образ жасау деген болмайды, актерлер тек мәтін айтып береді. Қаллеккидің Мылқауы, Елағаңның Амангелдісі, Серағаңның Қоңқайы мен Қарабайы қазақ сахна өнерінің тарихында мәңгі қалды. Актер сахнада жүз рөл ойнауы мүмкін, тек біреуімен ғана есте қалады. М.Әуезов театрының алтын ғасырын Ә.Мәмбетов жасады. Ол кезеңде М.Әуезов театрының аты Одақтағы төрт театрдың бірі ретінде мақтанышпен аталатын. Он екі республиканың театры арасындағы бәсекеде «Қан мен тер» спектаклі оза шауып, КСРО мемлекеттік сыйлығын алды. Қазақ театры туралы сыншылардың, көрерменнің де бағасы биік болды. Сондықтан деңгей деген дүниені төменге түсіріп жібермес үшін талғаммен жұмыс істеу керек».
«Белгілі ақын Оспанхан Әубәкіровпен бірге оқыған екенсіз, студенттік шағыңыздан қызықты естелік айтсаңыз», деп қиылады залдан бой көрсеткен ару қыз.
«Тұтас қазақ театр өнерінің әулиесіндей болған Асқар Тоқпановты сұңғыла ма дерсің. Талай талантты жазбай таныды. Ауылшаруашылық институтына оқимын деп келгенімде «қазақтың ауыл шаруашылығында бір агроном кем болар, бірақ сен актер болуың керек, дайындалып маған кел», деді. «Өнерге келу үшін талант керек қой» деп едім, Асқар ағамыз тыңдамады да. Сөйтіп комиссияда сынақ қабылдап отырған Ахмет Жұбанов пен Бекен Жылысбаевтың сүйемелдеп, сенім артуымен оқуға қабылдандым. Отыз бес бала оқуға қабылдандық, мен кандидат болып түстім. Отыз бес баладан тоғыз бала оқуды тәмамдап шықтық. Курсымыздан қазақтың үш мықты жазушысы шықты: екінші курстан шығып кеткен Сайын Мұратбеков, Оспанхан Әубәкіров, Есенжол Домбаев. Жас күніңде кімді көрсең бәрі дос қой, бірақ Оспанхан екеуміз шын жақын достар болдық. Ол кезде консерваторияның қабырға газетін шығарамыз. Ұзындығы – 7 метр. Мына парадоксты қараңыз, мен – бас редактормын, Сайын мен Оспанхан – менің орынбасарларым. Мен А.Жұбановқа, Е.Брусиловскийге, Ю.Аравинге достық шарждар саламын, ал Оспанхан эпиграмма жазады. Газетіміздің әр саны өте қызықты шығатын еді. Оқытушыларымыз да, студенттер де жапырылып келіп, жабыла оқып, қызу талқылап жатады. Газеттің арқасында тоқсан сайын сыйақы аламыз. Асқар ұстазымыз «сенен актер шықпайды», деп Оспанханға жиі шүйілетін. Сөйтіп біздің курс дипломдық жұмысқа «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклін сахнаға дайындады. Оспанхан – Жантықтың рөлінде. Обалы не керек, Оспанхан марқұм Жантықты қатырып ойнап шықты. Бес алды. «Ойнаймыз деп Жантықты, қалмады ғой жан тіпті. Оспан әртіс болмайды деп, кейбіреулер танытыпты», деген жұрт арасында ілезде тараған атақты әзіл өлеңі сонда шыққан. Асекең өте ақылды адам еді, студентінің өзін сылтың жасаған сықақ өлеңіне риза болып, кеңк-кеңк күліп жүретін. Міне, сол тоғыздан бүгін төрт халық әртісі жүрміз: Сәбит Оразбаев, Бекен Имаханов, Нүкетай Мышбаева және мен театр өнерінің арбасын әлі сүйреп келеміз.
«Мен психоаналитикпін ғой, адамның қуанған, мұңайған сәтін өзімізше зерделейміз. Осы ұзақ жасап келе жатқан жарқын өміріңіздегі ең бақытты және ең бақытсыз сәттеріңіз туралы айтып берсеңіз», дейді Анна Құдиярова ханым.
«Адам болып жаратылғаннан кейін оның өмірінде қуаныш та болады, еңсе басатын қайғы да кездеседі. Жоқшылықты да, тоқшылықты да көреді. Басынан сан түрлі қиындықтар өтеді. Бірақ соның бәріне философиялық тұрғыдан қарауды үйрену керек. Тағдыр. Адам тек көнеді. Басқа амалы жоқ. Қазір айтсаң, көп адам сенбейді, төрт жасымыздан колхоздың жұмысына жегілдік. Қиындықты бала күнімізден бастап көріп өскеннен кейін болар, көп дүниеге байыппен қараймын. Менің бір ұстазым айтатын еді: «адамның артында қорғасын болуы керек», деп. Бұл не деген сөз? Кішкентай ғана жетістікті көтере алмай, ішіп кетіп, ұшып кеткендер көп. Әсіресе жаны нәзік жаратылатын өнер адамдарының арасында өмірін қасіретті аяқтағандар жетіп артылады. Жетістікке жеттің бе – ұстап қал. Тағы да келеді. Себебі жақсылықта да, қуанышта да шек жоқ. Сенен де ұлы адам өткен, сенен де ұлы адам келеді. Бұл мәселеге осылай қарау керек».
Асанәлі Әшімов халыққа танымал еткен, халықаралық дәрежеде абыройға бөлеген «Қыз Жібек», «Транссібір экспресі», «Атаманның ақыры» фильмдері туралы да бұрын беймәлім болып келген сырдың бетін ашып, белгілі туындылар төңірегінде тұщымды ой толғады. Фильмдегі үзеңгілес серіктерін сағынышпен еске алды. «Қыз Жібек» фильмінде шырқалатын асқақ әндерді сахнада орындап шыққан Алмас Шаяхметов, Мәдина Келгенбай, Асан Мәжиттің өнерін жылы қабылдап, жас буын әртістерге әннің ішкі мақсатын түсіндіріп, Бекежанның ариясын Асанмен бірге қайыра әуелетіп, замана көшіне үзілмей жалғасып, жаңаша өрлеу тапқан өнердегі сабақтастықтың жан тебірентер жарасымды үлгісін көрсетті.
Өнердің ерен тұлғасымен екі сағатқа жуық еркін сұхбат құрған көрермен интерактивті кештен ерекше әсер алып, «тарланның тоқсан жылдық тойында театр төрінен көруге жазсын», деген тілеулес көңілмен тарқасты.
АЛМАТЫ