Аймақтар • 11 Мамыр, 2022

Бестөбе тағдырын тұрғындар шеше ала ма?

501 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бестөбе кенішінде 90 жыл бойы жерасты әдісімен алтын алынып келді. Аяғының астында жатқан қымбат металдан жергілікті тұрғындар жырғап байымаса да, жұмыс таба алады, жағдайын түзеуге ұмтылады. Алтынның айналасында небір оқиғаларды бастан өткерген осы Бестөбе ауылында қазір көзге көрінбейтін бір майдан жүріп жатыр. Бұл ақпараттық соғыстың, жалдамалы жазғыштар мен митингтердің басында қандай мүдделі топтар тұр?

Бестөбе тағдырын тұрғындар шеше ала ма?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Осы сауалдарға жауап беру үшін жуыр­да «Алтыналмас» АҚ басқарма тө­рағасы Дияр Қанашев Алматыда БАҚ өкіл­дерімен кездесіп, барлық жағ­дай­ды бүге-шігесіне дейін баяндап, кен ор­нындағы жырды ақтарған еді. Бір жа­ғынан «Алтыналмас» АҚ Бес­тө­бе­­дегі кен өндіруді дамытуды тоқ­­тату нұс­қа­сын да қарастыруға мәж­бүр болып отырғаны белгілі.

Бестөбедегі алтын қазатын кеніш пен Бестөбе ауылының тағдыры тұр­ғын­­дардың шешіміне тәуелді екенін айт­пас бұрын, 90 жылдан бері жерасты әді­сімен кен қазылып келген кеніштің қоры сарқылуға жақын екеніне де тоқ­та­ла кеткен жөн. Ал ауылдың келе­ше­гі осы аймақтағы алтын қазатын жалғыз инвестормен тығыз байланысты.

«Алтыналмас АК» АҚ – 2021 жылдың басынан бері кенішке ие және Бестөбе ауылының жалғыз инвес­торы. Бестөбе кеніші «Алтыналмас» кәсіп­орнына бірнеше жылға созыл­ған мәмілелер нәтижесінде, «Қазақ­алтыннан» өткені белгілі. «Қазақ­алтын­ның» бұрынғы қожайындары Владимир Ким мен Эдуард Огай ком­па­нияның 100% акциясы үшін 310 млн доллар шамасында ақы алған.

Биыл сәуір айында Степногорск қа­ла­­сының әкімі Алпысбай Қайыр­жанов пен «Алтыналмас АК» АҚ басқарма төрағасы Дияр Қанашев Ақмола облы­сын­дағы кеніш пен Бестөбе ауы­лы­ның ке­лешегі туралы жергілікті тұр­ғын­дар­мен кездесуде талқылаған.

«Егер біз бұл кен орнын дамытамыз десек, 70 млн доллардай қаражат керек. Бірақ «икс» аралығындағы уақыттың go/no go дейтін нүктелері бар. Біз ке­ніш­­тің жоғары қабаттарын қаза бас­та­ған кезде, жоспарланған бес жылдан да көп уақыт кету ықтималдылығы бар еке­нін түсінеміз», дейді Д.Қанашев.

Ол «Алтыналмастың» Бестөбе жобасына салған инвестиция көлемін 110 млн долларға бағалап отыр. Негізінен қа­ражат бұрыннан жинақталған, өнді­ріс­тік тілде қолданылатын «хвос­тик­терді» өңдеу үшін салынған жаңа кен байыту зауытының құрылысына кеткен.

Кездесуде компания басшылары Бестөбе кен орнының алтын құрам­ды кен­дерінің бекітілген жерасты қор­ла­ры­­ның сарқылуына байланысты оқиға дамуының екі нұсқасы бар екенін атаған. Біріншісі – жағымсыз, бұл екі кә­сіп­орынды – Бестөбе кенішін және он­даған жылдар бойы жинақталған қал­дықтарды өңдейтін байыту фабрикасын (ТМТ БФ) толық консервациялау мен жоюды қарастырады. Екіншісі – прогрессивті, яғни ескі жерасты өнді­ру технологиясын (қауіпсіз емес қол еңбегін пайдалана отырып) және мүмкіндігінше, ашық алтын өндірудің ірі тоннажды механикаландырылған әдіске көшіру. Бұл болжанатын шикі­зат базасы расталған жағдайда өндіріс өмі­рін он жылға және одан да көп уа­қытқа ұзартуы мүмкін.

Құны 55 млн доллардан асатын ауқымды даму бағдарламасы (барлау бұрғылауын жүргізу, инфрақұрылым құ­рылысы және т.б.) бірнеше жылға есептелген. Аралық шешім ретінде жерасты кенішін дамыту бойынша жұ­мыс уақытында өндірістік алаңның то­лық тоқтап қалу кезеңі екі есеге жуық қыс­­қартылып, ал кеніш ұжымының бір бөлігі жұмыспен қамтамасыз етіл­уі үшін ашық карьердің құрылысы ұсы­ны­­лады.

Алайда тұрғындардың бір бөлігі ұсы­­­нылған шараларға наразы болып шыға келеді. Бұдан бөлек ауылда бел­сен­ді топ бар, олардың талабы бо­йын­ша 2021 жылдың мамыр айында «Ал­тын­алмастың» техноминералды тү­зі­лім­­дерді өңдейтін еншілес ком­па­ния­­сы «Қа­зақалтын Technology» ЖШС-нің кен байыту фабрикасының жұмысы заң аясында жұмыс істеп тұрғанына қарамастан тоқтатылған. Мұны Ақмола облысы әкімдігі мен Бас прокуратура да растап, қараша айында фабрика қайта іске кіріскен.

Ауылдағы сол топтың талабымен ТМТ байыту фабрикасының жұ­мысы ғана тоқтамаған. Заң талапта­рына сәйкес жұ­мыс істеп, өнер­кә­сіптік қалдықтарды қайта өңдеп тұрған Бестөбе маңындағы осы байыту фабрикасын тоқтатудан туын­даған технологиялық оқиғалар тіз­бегі соң­ында жерасты кенішінің бір бө­лі­гін шахта суларының басып қа­луы­на әкел­ген.

Нәтижесінде, 2021 жылдың шілде айынан бері Бестөбе кенішінің 1 400-ге жуық қызметкері амалсыз бос жүр. Жұ­­мыс істемесе де, жұмыстың соңғы ай­­ла­рының деңгейіндегі орташа жала­қы­ны алады. Бұл жұмыс берушіні ай сайын 400 млн теңге шамасында шы­ғын­ға батырып отыр. Ал заң бойынша ең төменгі жалақыдан кем төлемеуі тиіс болғанымен (2021 жылы – 42 500 теңге), компания орташа жалақыны жұ­­мыстың соңғы айлары деңгейінде тө­леп келеді.

Бестөбе ауылының көп бөлігі тау-кен аумағында орналасқан. Жүздеген үй тұрғындарының кеніштегі жерасты қаз­ба­лары нәтижесінде пайда болған қуыс­тарға түсіп кету қаупі бар. Ендігі жерде қайғылы жағдайға жол бермеу үшін компания учаске тұрғындарының үйлерін сатып алуды, басқа ауылдарға, Степногорск қаласына немесе басқа ауданға қоныс аударуды, ал босаған учаскеде өндірісті шикізатпен, ал ұжым мүшелерін жұмыспен қамтамасыз ету үшін карьер салуды қарастырып жатыр.

Мәселені шешудің мұндай нұсқасы жерасты кеніші бар Ақсу ауылында да жүзеге асқан еді. Нәтижесінде, тұрғын­дар ком­панияның көмегімен қауіпсіз аудан­­дарға көшірілген, қалғандары да осы бағ­дарламаға ілігуді сұрап отыр. Әри­не, мұның жай-жапсары тура­­лы Степногорск қаласының әкімі Алпысбай Қайыржанов пен Ақсу кенті­нің әкімі Марат Смағұлов Бестөбе тұр­ғын­дарымен кездескен кезде баян­дап берген. Осы жиынға қауіпсіз ай­мақ­­қа көшірілген Ақсу ауылының тұр­ғы­ны Наталья Морозова сияқты адамдар да қатысып, сонау 1950 жыл­дары салынған үйлері әбден ескі­ріп, тіпті жөндеуге де келмей, ұда­йы жерасты жұмыстары жүргізіліп жат­қан­дық­тан, қисайып қалғанын мысалға кел­тіреді.

Қалай десек те, Бестөбе ауылының тағдырын тұрғындардың өзі шешуі тиіс. Биылғы шілде айында ашық қоғамдық тыңдаулар кезінде халықты кө­шіруге қатысты ойларын айтып, бір тоқ­тамға келуі керек.

– Компания тұрғындармен оңды мәміле, ортақ шешімге келуі үшін бар­лық жағдайды ашық талқылауға да­йын. Бақай есепсіз, дұрыс қабылданған шешімдер Бестөбе кенішінің өндірістік ғұмырын ұзартып, Бестөбе ауылына жаңа өмір сыйлайтынына үміт артып отырмыз, – дейді Д.Қанашев.

Осындай күрделі жағдайға қарамас­тан, компания әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жалғастыру үшін 2021 жылы Ақмола облысында – 582 млн теңге, 2022 жылы Бестөбеге 71 млн тең­ге жұмсаған.

Жергілікті билік өкілдері де осындай компаниялардың қаражаты бол­маса, ауылға оңай тимейтінін, ха­лық­қа жұмыс керек екенін мойындай­ды. Степногорск қаласының әкімі Алпысбай Қайыржанов: «Инвестор­лар­­сыз ауылдың келешегін елестету қиын. Біз кездесулер барысында «Алтын­­ал­мас­тың» үлкен инвестиция салуға да­­­йын екенін көріп отырмыз. Бірақ бұл жоба­лар жергілікті халықпен келісім­ге келген кезде, ол жоспарларды ашық қо­ғам­­дық тыңдаулар кезінде тұр­ғындар қол­даса ғана жүзеге асады», дейді.

Осы арада алтын жүрген жерде аттап өту­ге болмайтын, осы аймақ бетпе-бет ке­ліп отырған тағы бір өзекті мә­се­ле – заңсыз жолмен алтын алатын, әл­ми­­сақтан жағаласып келе жат­қан «қара алтын өндірушілердің» әре­ке­ті­не тоқтала кету ләзім.

Құқық қорғау мекемелерінің ақпа­ра­тына сәйкес, «Қазақалтын» ке­ніш­те­рін­де 2010-2021 жылдар аралы­ғын­да заң­сыз айналымда болған 7 193 тонна құрамында алтыны бар материалдар тәркіленсе, оның ішінде құны 8,9 млрд теңге болатын 590 кг алтын бол­ған. Осы аралықта полиция қолына 45 мың «қара өндіруші» берілсе, оның 18 600-дейі осы әрекетін қайталаудан қаймықпаған. Сол сияқты құрамында алтыны бар материалдарды өңдейтін заңсыз 500 цех жойылып, шахталар мен заңсыз қазылған 1 500-дей заңсыз алтын өндіретін орын табылған.

Әлбетте, өндірістік тұрғыда заңдас­ты­­рылып, механикаландырылған әдіс­пен алтын өндіру ісі жасырын жол­­дар­мен байып отырғандардың мүд­де­сіне сай келмейді. Сондықтан да өнді­ріс­ті жаңғыртып, жұмысын барын­ша заң­дас­ты­ру белгілі бір топтарға ұна­май­­тынын жоққа шығаруға болмайды.

 

АЛМАТЫ