Қоғам • 12 Мамыр, 2022

Қару тапсырғандар сыйақы алады

511 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде тұрғындардан заңсыз сақталған қару-жарақтарды сатып алу акциясы 2008 жылы басталған болатын. Сол уақыттан бері «Қару» іс-шарасы 11 рет жүргізіліп, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған.

Қару тапсырғандар сыйақы алады

Осылайша соңғы 11 жыл ішінде 54 мыңнан астам атыс қаруы және 2 миллионнан астам оқ-дәрі ерікті түрде тапсырылған. Бұл жұмыстар лайықты түрде жалғасын тауып та келеді. Нәти­же­сінде, соңғы бес жылдың ішінде қару-жарақпен жасалған қыл­мыс­тар саны елу пайызға жуық азайған.

«Заңсыз сақталған қару-жа­рақ­тарды ерікті түрде тап­сы­ру­ға ниет білдірген азаматтар егер олардың іс-әрекетiнде өзге құ­қық бұзушылық құрамы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Бұл акция биыл 25 сәуірден бас­талды. Акцияны өткізу үшін рес­пуб­ликалық бюджеттен 88 мил­лион теңгеден астам қаражат бөлінді», деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Қару айналымын бақылау бөлімінің басшысы Асылбек Ыдырысов баспасөз мәслихатында.

Министрлік өкілінің айтуынша, қаруды ерікті түрде тапсырған аза­маттар 306 мың теңгеге де­йін сыйақы ала алады екен. «Өтем­ақы мәселелеріне келетін бол­­сақ, қаруды тапсырғаны үшін тө­лемдер мөлшері олардың тү­рі­не, техникалық жай-күйіне байланысты әр бірлігі үшін (10 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін) 30 мыңнан 306 мыңға дейінгі соманы құрайды. Сыйақы көлемін облыс­тық, қалалық және аудан­дық полиция органдарында құрылған арнайы комиссиялар белгілейді. Мысалы, жүз айлық есептік көрсеткішке дейін немесе 306 мың теңгені автоматты ойық қаруды тапсырған азамат ала алады. Мұндай соманың жартысы ойық ұңғылы мылтықтар мен кара­­биндер үшін төленуі мүмкін. Тапаншалар мен револьверлер үшін 122 мың теңгеге дейінгі мөл­шер­де төленеді. Ал тегіс ұң­ғылы мылтықтардың әрбір бірлігі 91 мың теңгеге бағалануы мүм­кін», деді бөлім басшысы.

Өтемақы төлеу мерзімі – 1 ай. Қарудың техни­ка­лық жай-күйін ескерген комиссиялар сыйақы мөлшерін айқындау кезінде қару-жарақты 3 санатқа бөледі. 1-санаттағы қару үшін төлем ұсынылатын құнының – 100, 2-санатқа – 70, 3-санатқа 30 пайызын құрайды.

«1-санаттағы қаруға – пай­да­ланылмаған және техни­калық ақауы жоқ қару не бұрын пайдалануда болған, бірақ ақауы жоқ, тауарлық түріне нұқсан келмеген қару жатады. 2-санатта – одан әрі пайдалануға кедергі болмайтын, жекелеген техникалық ақауы бар немесе тауарлық түріне нұқсан келген қару бар. Жөндеуге жарамды қарулар да екінші санатқа жатады. 3-санатқа – техникалық ақау салдарынан пай­далануға жарамсыз немесе қауіпті, жөндеуге, қал­пына келтіруге немесе ауыс­тыруға жарамсыз қарулар жібе­рі­леді», дейді ІІМ өкілі.

Ведомство өкілінің мәлім­де­уінше, «Қару» акция­сы жүр­гі­зіл­ген бірнеше жыл ішінде азаматтар өз еріктерімен ескі қаруларды да табыстаған көрінеді.

«2012 жылы Шығыс Қазақ­стан облысында ерікті түрде тап­сы­рылған Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен қалған калибрі 12,7 мм «Никонов-Семенов-Вла­димировский-Танковый» мар­калы танк пулеметі, 2013 жылы Семей қаласында 1882 жылы Италияда шығарылған 32-калибрлі «Веттерли-Витали» вин­товкасы және «Лефоше» жүйе­сінің револьвері тапсырылды. Сондай-ақ агенттік жұ­мыстарға арналған 1936 жылы шығарылған калибрі 6,5 мм «ТОЗ» ойық ұңғылы тапан­ша­сы өткізілген болатын. Сол­түс­тік Қазақстан облысының тұр­ғын­дары «Пистолет-Пулемет Шпа­гина» қаруын табыстаған. Сонымен қатар Павлодар облысында 1891 жылы шығарылған «Фролов» конструкциясының тегіс ұңғылы атыс қаруының кесіндісін иесі өз еркімен тапсырды. Комиссия шешімдеріне сәйкес бұл қару экспонат ретінде Полиция департаменттерінің му­зей­­леріне берілген», деді ми­нис­тр­лік өкілі.

А.Ыдырысовтың сөзіне сенсек, тұрақты түрде өтетін «Қару», «Құқықтық тәртіп» және өзге өңірлік және республикалық жедел алдын алу іс-шара­ла­рының арқа­сында қарумен жасалатын қылмыс түрлерін азайту мүм­кін болған. Сондай іс-шара­лар­­дың негізінде осы жылы 1 мың бірліктен астам атыс, оның ішін­де 158 ойық ұңғылы қару тәр­кі­лен­ген.