15 Сәуір, 2014

Еуразиялық одақ Қазақстанды бәсекелестік ортаға алып барады

302 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

15-04-14-evrazES-2

Бүгін, 15 сәуір күні Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде бәсекеге қабілеттілік, интеграциялық үдеріс, Еуразиялық экономикалық одақ төңірегінде брифинг өтті. Оған Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Нұрлан Ерімбетов пен «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов қатысты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Жиында сөз алған Нұрлан Ерімбетов: «Бүгінде Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты сан түрлі, сан қилы пікірлер белең алуда. Мен бұл жерде мынаны айтар едім: біз бүгінде үлкен бәсекелестік ортаға еніп барамыз. Ал бәсекелі ортаға кіру өзімізге деген талапты күшейтеді, дамуды ынталандырады. Осы орайда, мен Еуразиялық экономикалық одаққа деген көзқарас мәселесіне тек бизнес тұрғысынан, шешім қабылдайтындардың көзқарасы тұрғысынан ғана емес, тұтынушылардың көзқарасы тұрғысынан тоқталғым келеді», - деді. «Интеграция менің ойымша, ұлтты біріктіреді. Егер бұрын мені еліміздің банк жүйесі, бизнесі соншалықты ойландырмаса, қазіргі таңда бизнес, кәсіпорындар, жұмыс берушілер мәселелері алаңдатады. Себебі, біз шынымен де бәсекелестік ортаға еніп барамыз. Біздің бизнесімізге ашылатын мүмкіндіктер мол. Бізге жаңа өндірістер, зауыттар мен технологиялар келеді. Осыған орай, кадрмен қамту мәселесі туындайды. Біздің нарығымызға келетін жаңашылдықтармен бәсекеге түсе аламыз ба? Бізді осы мәселе, яғни үлкен нарықта қалай өмір сүретініміз, ең алдымен, ойландыруы керек. Менің ойымша, Еуразиялық экономикалық одақ Дүниежүзілік сауда ұйымына қарай жасайтын алғашқы қадамымыз», - деді Н.Ерімбетов өз сөзінде. Рахман Алшанов: «Шынымен де, соңғы бір айдың ішінде осы мәселе көп талқыға түсуде. «Осы керек пе, керек емес пе?»,  «Егемендікке нұқсан келтіре ме, жоқ па?» деген тұрғыда сұрақтар туындады. Ол – заңды. Себебі, біз интеграцияны көп айтатын, көп талқылайтын болдық. Мәселен, біз көмір шығарамыз, темір өндіреміз. Алайда, оның барлығы сыртқа кетіп жатыр. Өзімізде 10 пайызын пайдалансақ, қалғаны шетел асуда. Демек, біз сырттың сұранысына тәуелдіміз», - деген ойдың арқауын ширатты. «Бүгінгі таңда 184 елмен әріптестік қарым-қатынас орнатқан екенбіз. Еуропаның Андора, Монако сияқты кішкентай елдері Қазақстанмен байланыста. Қазір Парагвай, Уругвай секілді елдер елімізге жылқы етін әкеліп жатыр. Яғни, жылқы өсіретін елімізге. Ал Америка тауық етін әкелуде. Яғни, барлығы өз тауарларын өткізіп жатыр. Бір ғана Қытайдың өзінде Қазақстанның кіріс-шығыс тауар айналымын бақылап, зерттейтін 14 ғылыми-зерттеу институты бар екен. Ал мұндай қазақстандық орталықтар бар ма? Сондықтан, бізге осындай экономикалық сараптама жүргізіп отыратын зерттеулер керек. Ал интеграцияға келер болсақ, біз бидайды  жалғыз өзіміз тұтынбаймыз, сонша көмірді пайдаланбаймыз. Бізге сырттан алатын елдер де керек. Міне, бұл интеграцияның бір көрінісі», деген ойын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде әлем күрделеніп, әлемдік сауда-саттықтың мөлшері ұлғайған. «Демек, бізге интеграциялық үдеріс, сенімді серіктестер қажет. Ал біз бәсекелестікке дайын болғанымыз жөн», - Р. Алшанов бұдан әрі. Ләйла Еділқызы. Дереккөз: egemen.kz.