Қазақстан • 12 Мамыр, 2022

Күлтегін ескерткіші мәтінінің 14 тілдегі ғылыми аудармалар жинағы таныстырылды

917 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен «Дүниежүзі түркологтарының мерейтойлары: тарихы және қазіргі заман» атты халықаралық онлайн семинар өтті, деп хабарлайды Egemen.kz академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күлтегін ескерткіші мәтінінің 14 тілдегі ғылыми аудармалар жинағы таныстырылды

Аталған іс-шара биыл Күлтегін ескерткішінің орнатылғанына 1290 жыл, сонымен қатар көрнекті түрколог В.В. Радловтың туғанына 185 жыл, көне түркі жазбаларының құпиясын ашушы, әйгілі лингвист Вильгелм Томсен мен Орхон ескерткіштерін тұңғыш тапқан зерттеуші, этнограф Н.М. Ядринцевтiң туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.


Онлайн форматта өткен семинарға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркияның көрнекті түрколог-ғалымдары Осман Фикри Серткая, Ахмет Бижан Ержиласун, Университет Висконсин-Мэдисон және Назарбаев Университетінің профессоры Юлай Шамилоғлы, белгілі қырғыз түркологы Кадыралы Конкобаев, Өзбекстан Ғылым Академиясы Археология ұлттық орталығы директорының орынбасары Гайбулла Бабаяров, Измир Катип Челеби университетінің профессоры Шабан Доган, РҒА Сібір бөлімі Моңғолтану, буддология және тибетология институтының ғылыми қызметкері Владимир Тишин, РҒА  Петербор  Шығыс қолжазбалар институтының ғылыми қызметкері Дмитрий Рухлядев, Катип Челеби атындағы университеті Түрк ислам археологиясы кафедрасының оқытушысы Ринчинхоролын Мөнхтулга қатысып, зерттеу жұмыстары бойынша баяндама жасады.

Алқалы жиын барысында академия басшысы Дархан Қыдырәлі Күлтегін ескерткіші мәтіндерінің 14 тілдегі ғылыми аудармалары жинағын таныстырды.

Түркі академиясы әзірлеп шығарған ғылыми жинақта Күлтегін бітіктасы мәтінін ағылшын, әзербайжан, қазақ, корей, қырғыз, мажар, монғол, неміс, орыс, татар, түрік, тыва, қытай, және француз тілдерінде ғылыми әрі көркем аудармалары беріліп отыр.  Сонымен бірге іргелі еңбекке Күлтегін ғұрыптық кешені бойынша соңғы кезде жасалған соны ғылыми мәліметтер, архивтік және тарихи құжаттар, эстампаж  үлгілері, бүгіндері сирек кездесетін мәліметтер, фотосуреттер, кешеннің сызба жаңғыртпасы секілді бірқатар мағлұмат жүйеленіп енгізілді.


Айта кетсек, Түркі академиясы биылғы атаулы мерейтойлар күнтізбесіне Күлтегін ескерткішінің орнатылғанына 1290 жыл толуын, сондай-ақ көрнекті түркологтар В.Радловтың туғанына — 185 жыл, В. Томсен  мен Н.М. Ядринцевтiң туғанына 180 жыл толуын атап өтуді қосқан еді. 


Бұған дейін Халықаралық Түркі академиясы 2020 жылы Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіп, халықаралық конференция өткізді. Сонымен қатар, Білге Тоныкөк ескерткіші мәтінінің 12 тілдегі аудармасын жинақ етіп жариялаған.