Тарих • 12 Мамыр, 2022

Азғырдың Пензаға айдалған азаматтары

772 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

1928 жылы бай шаруашылықтарды кәмпескелеу және оларды тұрғы­лықты мекенінен көшіру барысын­да құзырлы органдардың назарына, әсіресе, хан ұрпақтары мен бұрынғы болыс правительдер алдымен ілікті. Осы науқан қыза түскен уа­қытта ОГПУ-дың Орал өңірлік бөліміне Бектілеу Алғазиев, Латып Омаров (Соқыр Латып) және Мұ­хамедияр Мұқатовқа қатысты қыл­мыстық іс келіп түскен. Бұл құ­жат бүгінде Батыс Қазақстан облыс­тық Полиция департаменті ар­хивінде сақтаулы. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жө­ніндегі Батыс Қазақстан облысы бойынша жұмыс тобының мүшесі және зерттеу тобының жетекшісі ре­тінде аталған архив құжатымен та­нысып көрдік.

Азғырдың Пензаға айдалған азаматтары

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Шаң басқан архив құжаттарын зер сала қарағанда байқағанымыз, Азғыр ауданының №5 ауылы, Шалқар және Таубұйрат ауылдарының ауқатты байлары кәм­песке кезеңінде «дүние-мүлкін жасырды, кеңес билігіне қарсы үгіт-на­сихат жүргізді, патша дәуіріндегі өмірді дәріп­теді, жергілікті кеңестік билік аппаратын өздеріне бағындырып алды және билік органдары өкілдеріне қарсылық танытты» деп айыптала бастаған.

Азғыр аумағы әуелде Бөкей ордасына қарап, 1926 жылдан 1930 жылға дейін Орал округінің құрамында Азғыр ауданы болып тұрған. Бүгінде Атырау облысының Құр­манғазы ауданына қарайды. Міне, сол кездегі Азғыр ауданына қарасты Таубұй­рат, Толыбай, Жиделі, Шалқар, Үштаған және басқа да ауылдарында кәмпескелеу саясатының кесірінен дүрбелең етек алып, байлардың мал-мүлкі талан-таражға тү­седі. Тарихшы Зұлқожа Шарафутдинов «Таубұйрат» атты еңбегінде Орал окру­гін­де кәмпескелеудің алғашқы кезеңінде 67 байдың тізімі жасалғанын, сол тізімдегі бай­лардың көпшілігі Азғыр ауданынан шыққандар екенін атап көрсеткен.

Орал округіндегі кәмпескелеу науқаны­на қатысты деректер БҚО мемлекеттік архивінің №992 қорында сақталған. Архив құжаттары бойынша Азғыр ауданынан кәмпескелеуге ұшыраған 22 бай мыналар: Шамақ Досқалиев, Бақи Өтегенов, Шәпен Омаров, Әбубәкір Мәмбетов, Бомаш Болдиянов, Бектілеу Алғазиев, Латып Омаров, Мақаш Исенбаев, Көптілеу Алғазиев, Шәрмен Омаров, Иманғазы Ғаббасов, Халық Мәшекенов, Мұхамедияр Мұқатов, Сәти Балқашев, Өтешқали Мұқашев, Ғұсман Досқалиев, Қажыбай Абсатыров, Өтебала Баянасов, Мұсағали Тоғайбаев, Зұлқаш Шұбаев, Қожантай Хайырлиев, Қаби Үмбетов. Осы байлардың ішінен Бектілеу Алғазиев, Латып Омаров және Мұхамедияр Мұқатов құзырлы орган­дардың бақылауына бұрынырақ түскен.

1928 жылы 28 тамызда ОГПУ-дың Орал өңірлік бөлімі Орда ауданы бойынша уәкілдеріне Орал округіне қарасты Азғыр ауданы №5 ауылының тұрғыны Омаров Соқыр-Латыпты, Таубұйрат ауылының тұрғыны Мұқатов Мұхамедиярды, Шалқар ауылының тұрғыны Алғазиев Бектілеуді тінтуге рұқсат беретін ордерді табыстаған. Сөйтіп, олардың мал-мүлкі, қора-қопсысы, үй-жайы тексеріліп, тінту хаттамалары толтырылған. Тергеп-тексеру барысында Омаров Латыптың 2 қыстауы, 2 жазғы орны, 85 жылқысы, 35 түйесі, 300 сиыры, 400 қойы бар екені анықталған. Ал Мұқа­тов Мұхамедиярдың меншігінде 2 жер үйі, 1 киіз үйі, 50 жылқы, 40 түйе, 150 сиыр, 300 қой бар екені көрсетілсе, 100 сиы­рын, 100 қойын жасырғаны мәлім болған. Алғазиев Бектілеудің иелігінде 2 киіз үйі, 2 жақсы жабдықталған жері үйі, 130 жылқысы, 70 түйесі, 250 ірі қарасы, 500 қойы болса, бұдан басқа 750 ірі қара малды, 1000 бас қой мен ешкіні жасырғаны анықталған. Байлардың мал-мүлкінің бір бөлігі кәмпескеленген.

Азғыр ауданының «аса қауіпті әлеумет­тік элемент» ретінде көрсетілген байлары туралы БҚО Полиция департаменті ар­хивіндегі П-4298 нөмірлі құжатта мынадай деректер бар:

Бектілеу Алғазиев, 52 жаста, қазақ, ала­ша руынан шыққан, Орал округі Азғыр ауданының Шалқар ауылының тұрғы­ны, ауқатты бай, 2 кластық училищені бітір­ген, 2 әйелі бар, малшы, партия қатарын­да жоқ, бай ретінде дауыс беру құқығы­нан айырылған, бұрын істі болмаған жә­не сотталмаған. Бектілеу Алғазиев патша билігі кезеңінде өзінің беделін пайдаланып, 1897-1905 жылдар аралығында Ішкі Бөкей ордасын басқару жөніндегі Кеңестің жанында депутат болса, 1910-1912 жылдары сол кеңесте писарь, ал 1916 жылдан Нарын бөлімі правителінің көмекшісі қызметтерін атқарған. 3 мәрте медальмен марапатталған. Қазақтан тыл жұмысына адам алу кезеңінде Алғазиевтің өз қызметін пайдаланып, ауыл тұрғындарынан ірі көлемді пара алғаны істе айтылған.

Бектілеу Алғазиев ескі жүйенің табанды жақтаушысы ретінде Қызыл Армияға белсенді түрде қарсы шыққан және ақ гвардияшылармен, бандалық топтармен тығыз байланыс жасап отырған. 1918 жылы Нарын бөлімін қызылдардан азат ету мақ­сатында Б.Алғазиев осы өңірдің аса ірі байларымен бірге Анохин бандасын Ордаға шақыруға бастамашылық еткен. Анохин тобы Ордада 80 жігітті өлтіріп, қанды қыр­ғын жасағаны тарихтан белгілі. Бұл оқи­ға­лардан Бектілеу Алғазиевтің Кеңестік биліктің орнауына ашық қарсы шыққаны көрініп тұр.

Кеңес билігі орнаған соң Бектілеу Ал­ғазиев өзінің контрреволюциялық қыз­метін жасырып, жергілікті билік аппа­ра­ты қатарына өткен. 1919-1922 жылдары Рев­трибуналда, аудандық атқару комитетінде, халық сотында жауапты қызмет атқарған.

Төңкеріске дейін халық арасында Алғазиевтің ықпалы күшті болған, сол ықпалын Кеңес өкіметі кезеңінде де сақ­тап, орташалар мен кедейлердің бір бөлігін өзіне бағындыра білген. 1925 жылы енді өзі жоғары лауазымды орындарға ие болмаса да жергілікті билік органдарын басып алуға ұмтылуын тоқтатпаған. 1926 жылы сайлау науқаны кезінде ол Шалқар ауылдық кеңесінің құрамына өзіне жа­қын және қажетті адамдардың өтуіне бар күшін салған. Осы мақсатта ол өз үйіне ауылдық кеңеске сайлауға түсетін адамдарды жинап, оның бастамасы мен күштеуі нәтижесінде ауылдық кеңес төрағалығына Артаналиев, хатшысына Исжанов сайланады. Осылайша, ол өзі қойған адамдар арқылы ауыл тұрғындарына ықпалын жүр­гізеді.

ОГПУ-дың мәліметі бойынша 1927 жылы Алғазиев ауылдық кеңес мүшелері­мен бірге мешіт құрылысына тұрғындардан мәжбүрлі түрде қаражат жинаған. Осы мәселе бойынша Алғазиевтің үйінде бір­неше қайтара жиылыс өтіп, ауыл байлары мешіт құрылысына қаражат жинау мақсатында тұрғындар арасында үгіт-насихат жүргізген. Нәтижесінде халықтан 15 сауын сиыр, 12 бұқа, 150 сом ақша жи­налған. Кейін Бектілеу Алғазиевтің мешіт салудағы бұл игі бастамасы өзіне айып болып тағылған.

Сонымен бірге Алғазиев ауылдық кеңес­тің мүшелеріне өзінің ықпалын жүр­гізе отырып, шұрайлы шабындық жерлерге ие болған. Ауылшаруашылық алым-са­лықты төлемеу жағын қарастырып, өзіне тиесілі жерлерді әдейі жасырып келген.

Соқыр-Латып Омаров, 44 жаста, қа­зақ, алаша руынан шыққан, Орал округі Азғыр ауданының №5 ауылының тұр­ғы­ны, бай, сауатсыз, отбасылы, малшы, партия қатарында жоқ, бай ретінде дауыс беру құқығынан айырылған, шабындық жерді бөліске салу бойынша істі болған. Революцияға дейін аса ірі бай ретінде кедейлердің еңбегін пайдаланып келген. 1916 жылы ауыл старостасы болған, биліктің арқасында Латып Омаров жергі­лікті халыққа күшті ықпал еткен. Оны тыл жұмыстарына қазақ жігіттерін алу кезінде байлардан пара алды деп айыптаған.

Омаров ескі жүйе өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста болып, олардың алдында зор беделге ие болған. 1918 жылы Нарын бөлімі правителінің оң қолы, ең жақын көмекшісі есебінде шексіз құқыққа ие бол­ған. 1919 жылы ақгвардияшылар­мен байланыса отырып, Бектілеу Алғазиев, Шәрмен Ома­ров және Шәпен Омаров секілді бай­лармен бірге Бөкей губерния­сы тер­риториясын қызыл әскерден азат ету қоз­ғалысына белсенді қатысқан. Ақ­гвардияшылар әскерін азық-түлікпен, ат-көлікпен қамтамасыз етіп отырған. Латып Ома­ровтың жеке өзі ақтардың әскеріне ­11 ар­ғымақ атын берген екен.

Бөкей губерниясында ақгвардияшылар мен бандалар жойылып, Кеңес билігі ор­нағаннан кейін Латып Омаров халық ара­сында өз ықпалын сақтап, Өтешқали Мұқашевпен және басқаларымен бірге №5 ауыл кеңесінің құрамына мүше болып кіреді. 1920-1927 жылдары ауыл­дық кеңестің құрамында болған кезеңінде Латып Омаровқа «ортақ дүние-мүлікті, малды талан-таражға салды, өзінің туыс­қандарына бөліп берді, алыпсатарлықпен айналысты», деп кінә таққан.

Патша өкіметі кезеңінде барлық Ома­ровтар, соның ішінде Соқыр-Латып та «Жа­­ман Бестау», «Теректі» мекендеріндегі ең жақсы шұрайлы шабындық жерлерді иеленіп келген. 1926 жылы Латып Омаров өз күшімен және ауылдық кеңес мүшелеріне ықпал етуі арқылы «Теректі» мекеніндегі жерді кедейлерден тартып алып, қарсы шық­қандарын ұрып-соғады. Омаровтың қа­һарынан қорыққан кедейлер бұл жерден көшіп кетуге мәжбүр болған. Мұндай жағдай 1928 жылы шабындық жерді бөліске салғанда да қайталанған. «Қызылшошақ», «Қызылбауыр» мекендеріндегі кедейлерге берілуі тиіс жерлер Омаровтың иелігіне өтіп кеткен. Омаровтардың өз адамы, ауылдық кеңес төрағасы Меңдіханов бай­лардың, ақсақалдардың мүддесін қор­ғап, айтқанын орындап отырған. Осылай­ша, Азғыр ауданы ауылдарындағы жер­гі­лікті билік шын мәнінде байлардың бұрын­ғы патша дәуіріндегі шенеуніктердің қо­лында болған. Латып Омаров ауылдық ке­ңесте болған жиналыстарда Кеңестік билікті мойындамай, кәмпескелеу саясатына қарсы бағытталған наразылықтарды ұйымдастырған.

Мұхамедияр Мұқатов, 63 жаста, қазақ, беріш руынан шыққан, Орал округі Азғыр ауданының Таубұйрат ауылының тұр­ғыны, бай, шала сауатты, отбасылы, партия қатарында жоқ, бұрын істі болған. Мұқатов Мұхамедияр патша өкіметі кезеңінде 5-6 жыл Нарын бөлімі №7 ауылының старшинасы болған. Халық арасында ықпалы күшті болғаны соншалық, оның 30-40 жі­гіттен тұратын шабарманы барымтамен, адамдарды ұрып-соғумен айналысқан. Мұхамедияр Мұ­қатов өзінің қызметтік жағ­дайын пайдаланып, көлемді шабын­дық жер­­лерді иеленіп алған, жер сатумен шұғылданған.

Қазан төңкерісі кезінде Мұқатов ескі жүйені қолдап, ақгвардияшылардың, бан­да­лық топтардың жағында болады. 300 қарулы банды әскерін ауылына шақыр­ған. Бан­да басшыларын өз үйінде қабыл­дап, қал­ғанын ауылдағы басқа үйлерге жай­ғастырады, оларды тамақтандырып, атына жем-шөп беріп отырады. Банда Мұқатовтың ауылында қызыл әскер келгенше екі ай бойы болады. Бандамен бірге Мұқатов та қашып, өзінің тұрғылықты же­ріне 1920 жылы ғана оралады. Сөйтіп, Мұхамедияр Мұқатов Бөкей Орда губер­ниясы территориясында кеңес билігі ­ор­­­на-­
уына өзінің қарсылығын білдірген.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де Мұқатов ауыл-аймақтағы кедейлерді қыс­пақтауын қоймай, оларға бөлінген жақсы шабындық жерді азын-аулақ ақы беремін деп тартып алатын болған. Мысалы, 1927 жылы «Қараой» қыстауындағы шабын­дық жерді кедейлерден алып, оларға бір қой беремін деп уәде еткен. Сондай-ақ Мұ­хамедияр тұрғындарға ауылдық кеңестегі сенімді адамдары арқылы ықпал етіп келген, ал байлардың мүд­десіне қарсы шығып, өз дегенін орын­дамағандарын жазалап отырған. Мәселен, 1927 жылы 3 маусымда жерді бөліске салуға арналған жиналыстың алдында басқа да байлармен бірге кедейлерді ауыл­дық кеңестің төр­ағасы Масалимовқа қарсы айдап салады. Оларды төрағаны ұрып-соғып, қолында­ғы құжаттарын тартып алуға итермелейді. Сейітов, Ықмалиев, Әлікенов секілді кедейлер Мұқатовтың айтқанына көніп, ауылд­ық кеңес төрағасы Масалимовты ұрып тас­таған. Жалпы, 1927 жылы шабындық жерді қайта бөлу кезінде Мұқатов бұл шараға кедергі келтіріп, өзіне шұрайлы жерлерді алып қалуға тырысқан. Ол кей жағдайда ауылдық кеңес­тің мүшелеріне ықпал ету жолымен, кейде кедейлерге күш көрсетіп, олар­ды алдау арқылы мақсатына жетіп отыр­ған. Сонымен ОГПУ-дың Орал округ­тік бөлімінің айыптау ісі бойынша М.Мұ­қатов Кеңес билігі саясатына бағынбайтын, социалистік құрылысқа қауіп төндіретін тұлға ретінде есептелінді.

Сөйтіп, Азғыр ауданының аса ірі байлары Кеңес өкіметінің байларды тап ретінде жоюға бағытталған солақай саясатының құрбанына айналып, саяси қуғын-сүргінге душар болды. Шын мәнінде олардың еш кінәсі жоқ еді, олардың бар кінәсі ықпал­ды ірі бай болғаны, ақгвардияшыларды қолдағаны. Ал азамат соғысы кезеңінде елдің екіге жарылып, бірі-бірімен соғысуы  – тарихи заңдылық. Алашордашыларға, бұрынғы патша өкіметіне қызмет еткен шенеуніктерге бастапқыда кешірім берген Кеңес билігі кейін олардан қауіптенді, оларды қоғамнан аластап, саяси жағынан қудалауды, жаппай соттауды өздеріне мақсат етіп қойды.

1928 жылы тамыз-қараша айларын­дағы тергеп-тексеру шараларынан кейін 16 қарашада Орал округтік ОГПУ-ы Бек­тілеу Алғазиевке, Латып Омаровқа, ­Мұ­ха­медияр Мұқатовқа Қылмыстық ко­декстің 58-10-13, 59-3-баптары бойынша алғашқы айып тағып, 22 қарашада қамауға алған. Ал 29 қарашада үшеуінен Қылмыстық кодекстің 59-3-бабы бойынша бандитизмге айыптау алынып тасталған және істі Қазақ КСР-іне қарасты ОГПУ-дың саяси өкілдігінің қарауына жіберуге шешім қабылданған. 1928 жылы 20 желтоқсанда ОГПУ-дың ҚКСР бойынша өкілдігінің айыптау қорытындысы шығарылып, 1929 жылы 7 қаңтарда аталған іс ОГПУ-дың соттан тыс алқасының қарауына жолданады. 1929 жылы 28 қаңтарда оларға «қылмыс­тық іс» Мәскеудегі ОГПУ-дың орталық тір­кеу бөлі­міне келіп түскен.

1929 жылы 15 наурызда Мәскеудегі ОГПУ алқасының арнайы отырысында Қылмыстық кодекстің 58-10 бабы бойын­ша Б.Алғазыевке, Омаровқа, Мұқа­тов­қа қатысты №69040 айыптау ісі қара­лып, үшеуін Мәскеу, Ленинград, Харьков, Киев, Одесса, Дондағы Ростов губерния­лары мен округтерінде және Орталық Азия аумағында тұру құқығынан айырып, 3 жыл мерзімге Қазақстаннан жер аудару­ға шешім қабылданған. 1929 жылы сәуір айы­ның соңында оларды Пенза өңіріндегі бай-ку­лактарды қабылдайтын елді мекенге жөнелткен.

Азғыр ауданынан жер аударылған аза­маттардың кейінгі тағдыры белгісіз, олар туралы қолымызда қандай да бір дерек жоқ. Дегенмен еліміз егемендігінің арқа­сында 1999 жылы 29 сәуірде жазықсыз саяси қудалауға ұшыраған Бектілеу Ал­ға­зиев, Латып Омаров, Мұхамедияр Мұ­қатов Қазақстан Республикасы Бас про­куратурасының қаулысымен ақталып шық­қан. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Азғыр аумағынан шыққан ауқатты адамдар Қа­зақстан Республикасының 1993 жылғы заңы­мен құқықтық жағынан ақталған, енді олар­ды қоғам болып моральдық және саяси тұр­ғыдан толық ақтап алуымыз керек. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген, ­саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін бір сәт еске алып, олардың қандай да бір қателіктері болса, кешіріммен қарап, аруақтарына тағзым ету – парызымыз!

 

Есқайрат ХАЙДАРОВ,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аға оқытушысы,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі БҚО бойынша жұмыс тобының мүшесі