Республика бойынша өткізілетін референдум төңірегіндегі маңызды сұрақтарға жан-жақты жауап беру үшін, қоғамдық ой-пікірді талқылап-таразылау мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары Сауытбек Абдрахманов пен Юрий Ли Нұр-Сұлтан қаласындағы №53 мектеп-лицейіне барды. Мәжілісмендер Нұр-Сұлтан қаласы мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен орта білім беру ұйымдарының тарих мұғалімдеріне «Референдум-2022: Қазақстан Республикасы тарихындағы рөлі мен маңызы» тақырыбында семинар өткізді.
«Осы кездесуге келе жатып қалта телефонымнан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мынадай сөздерін оқыдым: «Бесінші маусымда жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын». Алда болатын референдумның ең негізгі ой-түйінін осы сөзбен айтуға болады. Президент өзінің туған халқына барынша мол бостандық беруді мақсат етіп отыр. Халық өз тағдырын өзі шешетіндей болуы үшін, мемлекеттің ісін барлық өлшем бойынша халықтың өзі айқындайтын жағдай жасау үшін референдум өткізгелі отыр. 1995 жылдан бері референдум өткізілген емес. 27 жыл бойы. Осы жылдардың ішінде референдум шақыратындай да жағдайлар болды. Төрт рет конституция өзгерді, бірақ барлығы парламент арқылы шешіліп келген еді. Енді үлкен өзгерістер болуына байланысты референдум қажет болып отыр. Өйткені конституцияның 33 бабына яғни үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізілмекші. Әсіресе, ең қағидатты мәселелер жер, оның қойнауы, оның қазыналары халықтың меншігі деген концептуалды тың тұжырым жасалып отыр. Басқа да үлкен-үлкен мәселелер бар. Бастысы «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен мықты парламентке сүйенетін президенттік басқару үлгісі енгізілгелі отыр. Президент өз қолынан өкілеттіктерінің біраз бөлігін парламентке беріп, парламенттің өкілеттігін кеңейткелі отыр. Басқа да көптеген өзгеріс бар», деді Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов.
Семинар барысында Нұр-Сұлтан қаласы №85 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Сәбира Мұқанова республикалық референдум өткізу тәртібі туралы баяндама жасап, референдумға қатысты Конституциясының Қорытынды және өтпелі ережелер 9 бөлімінің 90 және 91-баптарды таныстырып өтті.
«Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес республикалық референдумды тағайындау, әзірлеу және өткізу тәртібін белгілейді. 1-бап Республикалық референдум ұғымы, 2-бап Республикалық референдум талқысына қойылатын мәселелер, 4-бап Республикалық референдум принциптері, 9-бап Республикалық референдум туралы заңдармен таныстырдым. Сонымен бірге 18, 19, 20, 30-баптар таныстырылды. Қазақстан Халқы Ассамблеясы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізу ұсынысына тоқталып өттім», деді ол.
Сонымен қатар кеше Мәжіліс депутаты Юрий Ли «Референдум-2022: Қазақстан Конституциясына түзетулер бойынша» Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік мұрағатының ұжымымен кездесіп, пайымды пікір, орамды ойларын ортаға салды. Мақсат – Конституциялық референдумның маңыздылығын түсіндіру. Депутат референдумның стратегиялық маңызына тоқталды. Айтуынша, осы уақытқа дейін жергілікті мәслихат әкімдердің ығына жығылып келген. Енді аудандық, облыстық және қалалық деңгейдегі сайланатын депутаттардың орнына қоғамдық-саяси мәселелерде өзінің айтары бар азаматтардың келуі қалыптасқалы жатыр.
«Референдумға қатысып, ой-пікірлеріңізді ашық айту, қоғамға үн қосу еліміздің жарқын болашағына, жаңа өміріне қадам жасайтын маңызды күн екенін естен шығармаңыздар. Бәріміз бір кісідей жұмылсақ қана өзіміз қалағандай Қазақстанды құра аламыз. Президент Қ.Тоқаев айтқандай, Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Бұл дегеніміз – тарихи сәт. Өзгерістердің ең негізгілеріне «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен алшақтауды айтуға болады. Ата Заңға сәйкес ол барлық азамат үшін тең мүмкіндіктердің кепілі болуға тиіс. Сондықтан да конституциялық реформаға сәйкес енді Республика Президентінің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы болмайды», деді Парламент Мәжілісінің депутаты.
Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жоғары көлік және коммуникация колледжі» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында «Референдум өткізудегі азаматтық қоғамның рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға ҮЕҰ және жастар ұйымдарының өкілдері қатысып, өз ойларын ортаға салды.
«Алдағы конституциялық референдум тек бір қала немесе облыс тағдырына байланысты емес, ол тұтас мемлекеттің болашағына әсер ететін, бұдан да жарқын келешектің іргетасын қалайтын аса маңызды күн деп ойлаймын. Өйткені қоғам арасында күрмеуі шешілмей жатқан күрделі мәселелер көбейіп кетті. Сол себепті Президент сөзден гөрі іске баса назар аударып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алға қоя отырып, осындай маңызды шешім қабылдап отырғаны анық. Бұл осы елдің азаматы ретінде мені де қатты қуантты. Бүгінгі таңда еліміз үлкен өзгерістер алдында тұр. Сондықтан 5 маусым күні әр қазақстандық өзінің жеке азаматтық борышын орындауға тиіс. Себебі еліміздің болашағының дамуы тікелей осы референдумға байланысты болып отыр. Сол себепті ел үшін жаны ашитын әр азамат осы референдумға қатысу керек деп ойлаймын», деді Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Назгүл Мақжан.
Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Сұлтанұлы елімізде болып жатқан реформалардың бәрі Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламаларының логикалық жалғасы деп қарастыру керек екенін алға тартты.
«Бүгін біз үкіметтік емес ұйымдармен бірігіп осындай дөңгөлек үстел ұйымдастырып отырмыз. Бұл іс-шараның да негізгі мақсаты – контитуциялық реформаны бұхара халыққа барынша сауатты түрде жеткізу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5 маусымда болатын жалпыұлттық референдум жайлы шешімі мемлекеттің әрбір азаматына үлкен жауапкершілік жүктеп қана қоймай, алдағы күнге маңызды қадам жасауға жетеледі. Иә, елімізде осындай үлкен саяси науқан басталып кетті. Араға 27 жыл салып конституциялық референдум өткізгелі жатырмыз. Қазір осы референдум өткізу туралы барлық өңірде республикалық штабтың өкілдері өздерінің жұмыстарын жүргізуде. Біздің бүгінгі мақсатымыз да – референдумның мән мен маңызын түсіндіру, халықты кеңінен ақпараттандыру. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы президент болып сайланғанда өзінің бағдарламасының негізгі өзегі етіп үш мәселені көтерді. Бірінші – халықтың әл-ауқатын көтеру, екінші – әділет, үшінші – даму. Қазіргі болып жатқан реформалардың бәрі де президентіміздің сайлауалды бағдарламаларының логикалық жалғасы деп қарастыру керек», деді З.Сұлтанұлы.