Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Суперпрезиденттік жүйеден қуатты Парламенті бар президенттік республикаға көшуді үндейтін референдумды жариялау – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының кезекті бір жарқын көрінісі екені сөзсіз. Референдумның мақсаты – саяси, құқықтық жүйемізді жетілдіру, конституциялық реформа жасау. Өзгерістер Конституциядағы 98 баптың үштен біріне әсер етеді. Бұл Жаңа Қазақстан құру жолындағы ел дамуының жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіреді.
Алқалы жиын тізгінін Túrkistan газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы ұстады. Басқосуда алғаш болып сөз алған Аmаnат партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек референдум өткізу бойынша партия жанынан құрылған штабтың жұмысы мен күн тәртібінде белгіленген шараларға қысқаша тоқталды.
«Референдумға орай партия жанынан қоғамдық штаб құрылып, оны саяси ұйымның жетекшісі Ерлан Қошанов басқарды. Штабтың құрамында 5 мыңға тарта мүше бар, олар алдағы күндері ел мен жерді аралап, халыққа Ата Заңымызға енгізілетін өзгертулердің мәнін түсіндіреді. Кездесулер барысында азаматтардың айтқан ұсыныстары мен талап-тілектері талқыланып, шешімін күткен күрделі мәселелер партия басшылығына жеткізіледі. Саяси ұйымның мүшелері осы сапарында тек референдумды насихаттап қоймай, елдің аманатын да арқалап келетін болады», деп сөзін сабақтады Дәулет Кәрібек.
Партия хатшысы Сенат және Мәжіліс депутаттарының қатысуымен өтетін аймақтарды аралау шарасы екі кезеңнен тұратынын жеткізді: біріншісі –12 мамыр мен 20 мамыр аралығы, екіншісі – 26 мамыр мен 3 маусым аралығы. Олар жер-жерде зиялы қауым өкілдерімен, ақсақалдармен, елдің белсенділерімен, қоғам қайраткерлерімен кездесіп, көпшілікті толғантып жүрген көкейкесті мәселелерді қозғайды.
«Egemen Qazaqstan» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі Конституцияның жаңаруы іргелі сипатқа ие екенін және ол елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетінін атап өтті. Ол осы шешім қабылдау үрдісіне халықтың өзі белсеніп қатысуы керектігінің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ референдум қоғамды жан-жақты демократияландыруға және Жаңа Қазақстанды құруға мүмкіндік беретінін еске салды.
Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Ата Заңға енгізілетін жаңашылдықтардың арқасында халық пен биліктің арасы жақындай түсетінін, өзара диалог орнайтынын жеткізді. Сенатор Конституциялық сот төрелігінің ел игілігі үшін тиімді жақтарына тоқталды. Ал сенатор Айгүл Қапбарованың айтуынша, Үкімет заң шығару барысында халықпен толықтай санасуы тиіс.
«Заңда жер қойнауы, өсімдіктер мен жануарлар әлемі, табиғи ресурстар халыққа тиесілі деген сөз бар. Алайда сонымен қатар мемлекет халық атынан иелік жүргізуге құқылы деп жазылған. Бұл да талқылауға тұратын мәселе. Мысалы, заң дайындау барысында министрліктер халықпен санаспайды, содан түрлі келеңсіздіктер, келіспеушілік туады, дау шығады. Сондықтан халықтың тағдырына қатысты күрделі мәселелерді шешу барысына халық өзі тікелей қатысып, хабардар болу керек. Қарапайым жұртшылық референдумның ашық өтетініне толықтай сенімді болуы керек», деді Сенат депутаты.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ референдум арқылы біз болашақтың іргетасын қалайтындығымызды жеткізді.
«Әлеуметтік желіде адамдар референдумның ашық және әділ өтетіндігіне сенбейді. Тұрмысы жүдеу көпшіліктің күмәнін де түсінуге болады. Өйткені шенеуніктер халықтың мұң-зарын естуден қалды. Дегенмен де біз кезінде осындай саяси өзгерістер болса екен деп армандадық. Қазір Мемлекет басшысы жағдайды өз қолына нық алды. Енді тұрмысымызды түзеп, жағдайымызды жақсартып алу үшін ел патриоттары осы мүмкіндікті қалт жібермей, өз пайдамызға асыруымыз керек. Бұл – біздің тарихи миссиямыз. Біз болашақ ұрпақтың тағдыры үшін жауаптымыз», деді Қ.Сақ.
Моңғол елінен Қазақстанға көшіп келгеніне әлі ай тола қоймаған ақын Сұраған Рахметұлы сырт жерде жүрген қандастарымыздың жағдайы, тіл, діл, әдебиет, мәдениет, рухани жаңғыру мәселесін әңгіме өзегіне айналдырды. Сөзін Ата Заңымызға мемлекеттік тілдің мәртебесін нығырлап жазып қою қажеттігін айтып түйіндеді.
Жиынға қатысқан басқа да зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар Конституцияда болатын өзгерістер туралы өз пікірлерін айтып, ел ішіндегі өзге де өзекті мәселелерді талқыға салды.
Мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге мүмкіндік беретін Конституциялық реформа – Әділетті Қазақстан ұстанымының бастамасы деуге негіз бар. Ол биліктің өкілетті тармақтарын (Парламент, мәслихат) айтарлықтай күшейтеді. Сол арқылы көпшілік халықтың мемлекетті басқару ісіне араласуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңартылған заң аясында барлық саяси күштер мен партияларға дербестік берілуі елдегі саяси ұйымдардың тең дәрежеде бәсекеге түсіп, демократиялық үрдістерді үдете түсетіні сөзсіз.
Алдағы референдум – жекелеген топтарды күшейтуді емес, мемлекетімізді жетілдіруді, жаңғыртуды және нығайтуды көздейді. Сондықтан халық осы мүмкіндікті құр жібермей, 5 маусым күні дауыс беруге қатысуы тиіс.