Отырысқа қатысқан Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері референдум өткізу мәселесі бойынша өз көзқарастарын білдірді. Сондай-ақ билік тармақтары арасындағы қатынастарда конституциялық реформаның рөлін, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейтуді және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуді талқылады. Іс-шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Самат Нұртазаның модераторлығымен өтті.
Қазақстанның Азаматтық Альянсының Президенті Бану Нұрғазиева өз сөзінде бүгінгі таңда басты міндет азаматтарды Конституцияға өзгерістер мен түзетулер туралы хабардар ету екеніне назар аударды.
«Бұл қарапайым азаматқа не береді, не өзгереді, осыны түсіну өте маңызды. Конституция Парламенттің қабылдауымен бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Бұл заңды процесс және мұндай тәжірибені осы жолы да қолдануға болатын еді. Бірақ қазіргі Мемлекет басшысы қабылдаған саяси қадамдардың бірізділігі «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатымен көрініс табады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа халықтың пікірін есту маңызды. Өз азаматтарын тыңдау, олардың пікірін білу билік пен халық арасындағы қарым-қатынаста терең сенімге тең», деді Б.Нұрғазиева.
Референдум өткізу туралы жаңалыққа «Белсенді Азамат» қоғамдық қорының төрағасы Гамал Түзелбаев та түсініктеме берді. Оның пікірінше, елдің әрбір азаматы референдумға қатысудың маңыздылығын сезінуге тиіс. Сонымен қатар ол Үкіметтің атқарушы билік институты ретінде қаңтар оқиғаларынан кейін азаматтардың сенімін қалпына келтіруі керек екенін атап өтті.
«Әрине, қазір ұсынылып отырған Конституцияға енгізілетін өзгерістер қоғамды одан әрі демократияландыруға, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерінде мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға бағытталғаны қуантады. Егер қаңтар оқиғасының ауыр зардаптары болмаса, Үкіметтің отставкаға кетуі мүмкін емес еді. Өкінішке қарай, бүгінде Қазақстан азаматтары үкіметтің бұрынғы құрамы жол берген әлеуметтік-экономикалық мәселелердің салдарын әлі де бастан кешуде. Сатып алу қабілетінің төмендігі, көлеңкелі монополиялар, рейдерлік, алаяқтық, сыбайлас жемқорлық, елдегі тауарларға түсініксіз баға белгілеу, жеке тұрғын үй сатып алуға қол жетімділіктің төмен деңгейі, заңнамадағы олқылықтар. Демек Үкіметке заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық актілерді өз жауапкершілігіне алу құқығын бере отырып, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты НҚА-ны қоғамдық талқылау нормаларын елемей, қайта бетпе-бет келу қаупі бар екені белгілі болды», деді Г.Түзелбаева.
Халықаралық құқық саласындағы сарапшы, СІМ жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі Лилия Испенбетова дауыс берудің практикалық мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ дауыс беру учаскілерінде нені қарастыру керектігіне екпін берді. Ал Eurasian Expert Council Foundation қоғамдық қорының Президенті Шыңғыс Лепсібаев референдумның халықтың тікелей заң шығаруын білдіретін демократияның маңызды институты екенін алға тартты.
«Бұл – мемлекет және әрбір азаматтардың маңызды шешімдер қабылдауда қоғамның қатысуының бір тәсілі. Тұлғаның қабылдаған шешімі процедураның нәтижесіне әсер етеді, сондықтан да осы мәселе бойынша оның хабардар болғаны маңызды. Референдумның шарттары мен тәртібі тиісті елдердің Конституциялары мен заңдарымен реттеледі», деді Ш.Лепсібаев.
Отырысқа қатысушылар референдумды өткізу идеясын қолдап, Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасы саяси институттардың құрылымдық қайта құруын қамтитынын атап өтті.