CNN агенттігінің хабарлауынша, қаза тапқандардың бірі – Леонид Пляц есімді зейнеткер. Ол Украина астанасының сырт жағында орналасқан автоорталықта күзетші болып нәпақасын тауып жүрген.
Видеода бес сарбаздың ғимаратқа келгені, содан кейін күзетші Пляц пен тағы бір қызметкердің олармен сөйлескені көрінеді. Бірнеше минуттан кейін әскерилер бұрылып кетеді, ал марқұм екеуі өз орындарына қарай қайтқан. Дегенмен екі сарбаз қайтып оралып, кетіп бара жатқан екеудің артынан автоматтан оқ жаудырады.
Біраз уақыт өткен соң Пляцтың ақсаңдай басып, өз орнына жеткені, содан кейін біреуге телефон арқылы хабарласқаны бейнеленген. CNN таратқан видео 16 наурыз күні түсірілген. Автоорталық заманауи камералармен жабдықталғандықтан, ресейліктердің әрекеті жан-жақтан түсірілген екен. Олар бейбіт екі тұрғынды атып тастағаннан кейін ғимараттың ішіне кіріп, құнды дүниелер іздеген. Біреуі тартпалардың бірінен спирттік ішімдік тауып алып, соны ішеді.
Америкалық арна Ресейдің қорғаныс министрлігіне хабарласып, видеоға қатысты түсініктеме беруді сұраған. Бірақ ведомство CNN-нің сұрауына жауап бермепті. Бұған дейін батыс медиасы Ресей сарбаздары жасады делінген көптеген әскери қылмыстарды жариялаған еді.
Естеріңізде болса, 2 сәуірде Киев түбіндегі Буча қаласында жүздеген бейбіт адамның мәйіті шашылып жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл елді мекенді Ресей әскері соғыстың алғашқы күндері басып алып, бір айдай бақылауында ұстаған еді. Халықаралық қоғамдастық пен Украина тарапы бейбіт азаматтардың өліміне Ресей сарбаздарын кінәлады. Кремль билігі мұны жоққа шығарып, Бучадағы қырғынды «жасанды қойылым» деп мәлімдеді.
Бірақ спутниктен түсірілген суреттер мен видеолар қаза тапқан бейбіт тұрғындардың мәйіті наурыздың ортасынан бері көшелерде шашылып жатқанын, яғни Ресей әскері қаланы басып алған мерзімде өлгенін дәлелдеді. Сонымен қатар Бучада велосипедпен кетіп бара жатқан тұрғынды танкпен атып өлтіргені де дрон арқылы түсірілген видеоға жазылып қалған екен.
Бұдан бөлек наурыздың басында бірнеше медиа, арасында ресейлік тәуелсіз арналар да бар, Киев маңындағы Макаров елді мекенінен шығар тұста V белгісі бар танктің бұрылыста тоқтап тұрған көлікті бірнеше рет атқаны жазылған видео жариялады. Кейінірек көліктің ішінде екі адамның болғаны, олардың 70-тен асқан зейнеткерлер екені анықталды.
БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі басшысы соңғы апталарда Украина астанасы Киев аймағында мыңдаған мәйіттің табылғанын хабарлады. Ресей басып алған аймақта тексеру жүргізіліп жатқанын, Ресей сарбаздары әскери қылмыс жасауы мүмкін екенін жеткізді.
«Заңсыз кісі өлтірулердің ауқымы, соның ішінде Киевтің солтүстігіндегі аудандарда өлім жазасына кесілгендердің ауқымы жан түршіктіреді», деді Мишель Бачелет Женевада орналасқан Адам құқықтары кеңесіне жолдаған бейнеүндеуінде.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары (OHCHR) басқармасының мәліметінше, бүгінге дейін Украинада 3 496 бейбіт тұрғын қаза тауып, 3 760 адам жараланған. Соның ішінде балалар да бар. Ұйымның деректеріне сүйенсек, қайтыс болғандардың көпшілігі артиллериялық және зымырандық шабуылдар мен әуе соққыларының құрбандары.
OHCHR сарапшылары қаза тапқандардың нақты саны әлдеқайда көп деп санайды. Өйткені соғыс жүріп жатқан аймақтардан алынған ақпарат толық емес. Әрі мұқият тексеруді қажет етеді. Әсіресе Мариуполь, Изюм және Попасная қалаларында қаза тапқандардың саны мыңдап саналуы мүмкін.
Мәселен, Мариуполь қаласынағы театрға Ресейліктер зымыран тастағаны белгілі. Бұқаралық ақпарат құралдары онда мыңға жуық бала мен әйелдер бомбадан қашып, тығылып жатқанын жазды. Бірақ театрдағы жасырынғандардың қаншасы қаза тауып, қаншасы тірі қалғаны белгісіз.