Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қыран бейнесі мен мінез-құлқын суреттеу арқылы адамға ой салу, рухына қанат бітіру, асқақ өмірге ынтықтыру...Егер қолыңнан келсе? «Бақаның бағынан сұңқардың соры артық» (Бауыржан Момышұлы) демей ме қазақ? «Қыранша өмір сүргенің – қандай бақыт! Қандай бақыт – қыранша өле білген!» дейді Қадыр Мырза Әлі. Алғашқысы халық аузында қанатты тіркеске айналып кеткен Бауыржан Момышұлының сөзі екені айтылады. Кейінгісі – Қадыр Мырза Әлінің «Кәрі қыран» өлеңіне тоқталуға тура келеді. Өйткені өлең, поэзия деген көз тоқтатқан сайын баурап ала жөнеледі де, сезімді бір сілкіп алып, ой түбіне үңілдіріп қояды. Сөйтеді де мені оқы дейді.
«Қанатынан қаңтардың
қары бүркіп,
Қашатұғын көргенде
бәрі де үркіп.
Қырағы көз бүгінде
қарауытып,
Қалғып отыр қияда
кәрі бүркіт.
Бауырында таулардың
пұшпағы аунап,
О, жастық-ай!
Ауылдан ұшқан аулақ!
Құрыш тырнақ қоладай
қайырылып,
Қалғаны ма енді оның
тышқан аулап?!»
«Бүркіт қартайса тышқаншы болады» дейтін де халықтың сөзі бар. Қыран бұған дейін, яғни кәрілік иектегенше, түлкі түгілі қасқырға түсіп, қорегін асқан ерлікпен тауып жүргені айтпаса да белгілі. Және ол жырда да жақсы суреттеледі. Бірақ сөйте тұра Қадырдың бүркіті қартайса да, тышқаншылыққа бармайды. Әрі-сәрі болмайды. Тағдырын өзі таңдайды. Қыранша самғап ғұмыр кеше алғанның тағдыры өз таңдауында, демек. «Адамша өмір сүрейікші» дейміз ғой кейде. Тура сол сияқты, тышқан аулап жер бауырлап жүргені қыран атына сын емес пе? Жаратылысына ар болмақ!
«Сеңгір-сеңгір бұлттарды
жарып өтіп,
Самғап ұшар
жастықтың әрі кетіп
Қалғаны ма?
Ендеше бұл тірлікті
Қырандарша өтейін
тәрік етіп!»,
дейді. Бұл – Қадыр Мырза Әлі бүркітінің ойы. Қартайған тау бүркіті шың басында қалғып отырғанда ойлағаны – осы. «Қыран болып туған екен, қырандарша өле де білу керек». Мысалы адам болып туғанға адам болып өту парыз емес пе? Адамдардың арасында да қырандары бар.
«Көк аспанын бұлт емес,
мұң қаптаған
Кезде қыран
қыран ба үн қатпаған?
Шаңқ етті де шay бүркіт
заулап келіп
Қойып кетті көк тасқа
күн қақтаған!
Сабақ алып шежіре
көне күннен,
Бәрін көздің өткізіп елегінен,
Қыранша өмір сүргенің –
қандай бақыт!
Қандай бақыт –
қыранша өле білген!»
Өлең тұтас оқылуы керек. Сонда толық сюжет көз алдыңды орап ала жөнеледі. Қыранша өмір сүру былай тұрсын, өмірдің заңдылығы кәріліктің өзіне қыранша жауап беру – бүркіттің бүркітінің ғана қолынан келетіндігін айтып ойландырады ақын. Себебі, кімнің де болсын басына соқпай қоймайтын кәрілікке ұят жүрмейді, ол ешкімге ар болмаса керек-ті, десек те... Сіз солай шешім қабылдай алар ма едіңіз? Мәселе тасқа ұрылып өлу емес, мәселе – қартайған күнде кәрілігіңді кейінгі ұрпаққа үлгі ету үшін қалған уақытыңызды қия аласыз ба? Немесе қартайғанда әулет айналасында тышқаншылап жүрмей үлкен-үлкен шешімдерге тәуекел ете аласыз ба? Бүркіт-екеш бүркіттің қолынан келіп тұр ғой ондай мәрттік, саналы адамға неге жат болады? Өлең мені осылай ойландырады, сізді басқаша толғандыруы да бек мүмкін ғой.
Максим Горькидің «Сұңқар туралы жыр» әңгімесінде де қозғалады бұл тақырып. Оқиға желісі сәл өзгешелеу болғанымен, екеуінің қазығы бір секілді. Онда әуеден теңіз жағасындағы биік шатқалға сорғалап келіп өзін мерт қылмақ болған көкірегі жаралы сұңқар өзін тасқа ұрғанымен, өлмей қалады. Бұл жерде де мәселе өлімде емес, өмірде болып тұр. Сұңқардың өмірінде. Сұңқар биіктіктің, асқақтықтың, еркіндіктің құсы. Ол әуеден сорғалап келе жатқанын байқаған жылан тастың қуысына тығыла бермекші болады, бірақ сұңқардың өлмелі күйін көріп, онымен сөйлесуге келеді. Сұңқар жатып алып ақырғы рет аспанға бір көтерілуді армандайды, алайда дәрменсіз. Жаралы қыранның аспан туралы айтқандары жыланның ақылына сыймайды. «Шатқалдан төмен құлдилап көр, мүмкін күш алып ұшып кетерсің» дейді жорғалаушы жәндік қалыбына тартып. Ақырында жыланның айтуымен қыран биік шатқалдан топшысымен сырғып-сырғып, теңізге құлап өледі. Ал қорытынды жасау оқырманның өз еншісінде деп білеміз.