Әлем • 15 Мамыр, 2022

Еуропалық одақ атом энергиясына бас қатырады

239 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Таяуда Еуропалық комиссия қай салаларды «жасыл инвестицияға» жатқы­за­ты­нын жариялады. Аталған жүйе қарт құрлыққа шетелдерден қаржы тартуға жол ашпақ. Алайда атом энергиясы мен газ арқылы жұмыс істейтін электр стансаларды «жасыл сала» деп атауға асықпай отыр. Мұны алдағы уақытта Еуропалық парламентте одаққа мүше мемлекеттер дауыс беру арқылы анықтамақ.

Еуропалық одақ атом энергиясына бас қатырады

Брюссельдің жоспары белгілі. «Жа­сыл саланы» нақтылау арқылы инвес­торларды тартып, мол қаржы әкелуді көздейді. Сөйтіп жаһандық жылынумен күресуде мойнына алған міндетін біршама орындамақ. Оның үстіне осындай жүйе түзу арқылы «экологиялық таза» дегенді желеулетіп, қоршаған ортаға зиян келтіретін компанияларды тұсап ұстауды мақсат етіп отыр.

«Тұрақты қаржы таксономиясы» деп ата­латын Еуропалық одақтың жаңа ере­же­сіне экономикалық қызмет түрлері кірген. Яғни қай саланы «жасыл» деп санауға бо­ла­­тыны нақты көрсетіледі. Келесі жылдан бас­­тап аталған құжат қолданысқа енгізі­ле­ді.

Жаңа жүйе Еуропалық одақ елдерінде ұзақ талқыға түсті. Қазіргі таңда қарт құр­лық қай салаларды жасыл деп санайтынына түгелге дерлік келіскен. Деген­мен атом энергетикасы мен газ мәселесі әлі де шешілмей тұр. Кей мемлекеттер оны экологиялық таза сала деп санауды алға тартса, енді бірі бұған мүлдем қарсы. Қарт құрлықтың сарапшы орталықтары, Батыс пен Солтүстік Еуропадағы бақуатты елдер газды жасыл деп таңбалау сенімді емес деп санайды. Орталық және шығыс бөліктегі мемлекеттер көмірден құтылу үшін газ қолдануды жөн көреді.

Жобаны әзірлеушілердің сөзіне сүйен­сек, газ және уранды пайдалану таза энер­гияға көшуге көмектеседі. Деген­­мен газ бен атомды қолданатын электр стан­саларының бәрі «жасыл» деп аталмайды. Тек жоғары стандарттарға қол жеткізгендер ғана осы қатарға қосыл­мақ. Сондай-ақ атом стансаларының қал­дықтарын жою мәселесі де жіті қадаға­ла­нады.

Құжатқа мұндай ұсыныстың енуіне Франция мүдделі. Өйткені елдегі электр қуатының 70 пайызы атом стансаларынан алынады. Дегенмен алдағы 15 жылда мұны жарты есе қысқартуды жоспарлап отыр. Франция сондай-ақ 2035 жылға қарай 12 ядролық реакторды жауып, атом энергиясына тәуелділігін азайтуға уәде берген-ді.

Қазіргі таңда Еуропалық комиссияға Фран­ция төрағалық етіп отыр. Яғни одақ­­­тың құжаттарына жауапты «үш жо­­­­лақ­ты» ел болғандықтан, ресми Па­риж жаңа ережелерді тез арада қабыл­да­ту­­­ды көздейтіні анық. Кейінгі кезде Франциядағы сайлауға байланысты бұл әңгіме бәсеңдеп қалған еді. Бірақ Эммануэль Макронның қайта сайлануынан кейін атом энергиясы туралы қайта көте­ріле бастады.

Еуропаның жетекші елдерінің бірі саналатын Германия атом энергиясын «жасыл» деген санатқа қосылуға үзілді-кесілді қарсы. Әсіресе, үкіметте коалиция құрған «Жасылдар» партиясы құрылғалы бері уранды қандай мақсатта болсын пайдалануға қарсы. Сондықтан аталған партия атынан сайланған министрлер жүйені қабылдамауға шақырды.

Ережелер қабылдануы үшін мұны Еуропалық парламент қабылдауға тиіс. Егер мүше мемлекеттердің басым бөлігі бұған қарсы дауыс берсе, құжат кері қайтарылады. Яғни 27 елдің үштен екісі жоқ деп жауап беруге тиіс. Бірақ сарап­шы­­лар мұның екіталай екенін айтып отыр. Өйткені ережелерге Германия, Аустрия, Испания және Люксембург се­кіл­­ді саусақпен санарлық мемлекеттер ғана қарсы.

Атом энергиясын «жасыл» деп есептеу тек идеологиялық мәселе емес. Оның астарында мол қаражат жатыр. Өйткені Еуропалық орталық банк қарт құрлықтың «жасыл» облигацияларын кепілдік ретінде пайдаланса, басқа банктерге қайта қар­жы­ландырудың тиімді шарттарын ұсы­на­ды. ЕОБ сонымен қатар «жасыл» обли­га­ция­лардың пропорционалды емес үлесін сатып алуға дайын.

Еуропалық одақ елдері, жалпы әлем­дегі дамыған мемлекеттер АЭС-тен бір­­тіндеп бас тартып жатыр. Мәселен, Фран­ция, Германия, Испания, Бельгия се­кілді мемлекеттер 2035 жылға таман 32 ядро­лық реакторды жабуды жоспарлап отыр. Аталған стансалардан 31,9 гигаватт электр тоғы өндіріледі.

Бұған дейін ядролық энергияны қол­да­ну­ды қолдаған Германияның экс-канцлері Ангела Меркель Фукушимадағы апаттан кейін көзқарасын күрт өзгертті. Сөйтіп, елде жаңа реакторлар салуға ынта таны­та қойған жоқ. Оның үстіне бүкіл демок­ратиялық әлем қарсы болғанына қа­ра­мас­тан, «Солтүстік ағын – 2» жобасын жалғастыра берді. Яғни осылайша елдегі энер­гияға сұранысты Ресейдің арзан газымен қанағаттандыруды жоспарлады.

Германияда қазіргі таңда үш атом электр стансасы ғана қалған. Былтыр жыл соңында үшеуі жұмысын тоқтатты. Яғни 2011 жылдан бері 14 атом электр стансасы жабылды. Жыл соңына дейін қалған үшеуі келмеске кетеді. Өткен жылы алты атом электр стансасы электр энергияның 12 пайызын өндірді. Қазір жұмыс істеп тұрған үшеуінің үлесі шамамен 5 пайызға тең.

Оның үстіне газ тұтынатындардың басым көпшілігін қысқа мерзімде атом энергиясын тұтынуға ауыстыру мүмкін емес. Елдегі үйлердің жартысына жуығы газ пайдаланады. Оған қоса газ қазандықтарын электр қуатымен жылыта алмайсыз. Жал­пы газды пайдаланудың үштен бір үлесі өнеркәсіп өндірісіне тиесілі. Мұны әп-сәтте ауыстыра салу қиын.

Газ жағатын электр стансалары электр энергиясының шамамен 15 пайызын өндіреді. Бірақ оларды қысқа мерзімде басқасына алмастыру мүмкін емес. Демек Ресейден келетін газдың орнын атом электр стансаларымен жабу екіталай мәсе­ле.

Бұдан бөлек, АЭС-терді жабудың техни­калық жағы да бар. Германия 2022 жылдың соңына дейін атом энергиясынан мүлдем бас тартатыны белгілі болғандықтан, стансалар жаңар­тыл­ған жоқ. Оларға ревизия жасалмады. Сон­дықтан оларды қолдану мерзімін ұзарту қауіпті салдарға әкелуі ықтимал. Әр қадамын есеппен басатын немістер үшін мұндай тәуекел қажет емес.

Дегенмен АЭС-терді жабудың теріс әсері бар. Мұндай қадам парниктегі газдар шығарылымын арттыруы мүмкін. Өйткені билік өкілдері күн, су, жел секілді жаңартылған энергияға екпін бергеннің орнына көмір жағуға құмар. Сөйтіп, қыс­қа мерзімде электрге сұранысты қана­ғат­тан­ды­руға әуес.

Мәселен, былтыр АҚШ-тағы Нью-Йорк штатында байытылған уран арқылы жұмыс істейтін Indian Point энергия орталығы жабылды. Түрлі есептеулерге сүйенсек, осыдан кейінгі бір айда штаттағы ауаға бөлінетін парникті газдар көлемі 46 пайызға көбейген. Германияда 2000 жылдан бері атом энергиясына сұранысты 11 пайызға дейін төмендеткен соң, ауаға 36,3 мегатонна көмірқышқыл газы шыққан.

Соған байланысты Еуропада АЭС-терді жабуға асықпауды айтатындар ара-тұра бой көрсетіп қалады. Nuklearia ұйымының жетек­шісі Райнер Клюттің пайымдауын­ша, АЭС-терді жаңармалы энергияға то­лықтай ауысқанға дейін қолдана тұру қажет. Әйтпесе, ауаға бөлі­не­тін зиянды газдар көлемі керісінше күрт артады. Мәселен, Германиядағы ядро­­лық реакторларды жапқан жағ­дай­да жыл сайын 70 миллион тонна көмір­қыш­қыл газы ауаға көбірек шығуы мүмкін.

Еуропалық одақтың статистикасына сүйенсек, атом электр стансалары бүгін­де қарт құрлықтың 24,6 пайыз электр тоғын өндіріп отыр. Одаққа мүше 13 елде – Бельгия, Болгария, Чехия, Германия, Испания, Франция, Мажарстан, Нидер­ланд, Румыния, Словения, Словакия, Фин­лян­дия және Швецияда ядролық реак­торлар бар. Десек те, 2006 жылдан бері атом стансаларына электр тоғын өндіру көлемі 25 пайызға азайған.