Қоғам • 15 Мамыр, 2022

Прекариаттар табы: Тұрақсыз жұмыстың тұрақты өкілдері

582 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тұрақсыз жұмысқа еті үйренген адамның тұрақты табысы да, кірісі де болмайды. Өкінішке қарай, елімізде «жүргенге жөргем ілінедіні» жөн санап, таңғы асын Тәңірден күтетін, болашағы бұлыңғыр, әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған адамдардың саны күн санап артып барады. Әзірге әлем жұртшылығы өркениетті қоғамның өзегіне түскен осынау жегі құртты жеңе алатын жол тапқан жоқ. Жеңу былай тұрсын, жаңа технологиялардың жарылқауына қарап уақытша жұмыстың уақыты енді келді ме деген ойда қаламыз...

Прекариаттар табы: Тұрақсыз жұмыстың тұрақты өкілдері

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Әлеуметтік тұрғыда аз қорғалады

Әлемде еңбек нарығында пайда болған мәселелерді майшаммен қарайтын маңдайалды мамандар баршылық. Соның бірі британдық зерттеуші, экономист Гай Стэндинг саналады. Ол ХХІ ғасырдың жаһандық нарық жүйесіндегі таптық қатынастарды және жаңа еңбек табының қалыптасу процесін зерттей келе «прекариат» терминін енгізген болатын. Пре­кариат (precarious) сөзі ағылшын ті­лін­нен аударғанда тұрақсыздық ұғы­мын білдіреді. Әлеуметтанушы Айгүл Сәдуақасованың айтуынша, прекариат теориясын алғаш рет зерттеу деңгейіне шығарған тұлға да осы Г.Стэндинг болатын.

– Британдық экономист прекариат­тар­ды қоғамда экономикалық жүйенің өзгеруіне байланысты жаңадан қалып­та­сып келе жатқан тап санайды. Әрі мұны қауіпті тап ретінде айқындайды. Г.Стэндинг прекариаттарды бұған дейінгі кезеңде пайда болған пролетариат­тармен са­лыстырып, жаңа таптың қалыптаса бас­тауын көп жағдайда тұрақсыз жұмыс­сыздықпен байланыстырады. Пре­кариат қатарына нақты қандай топтар­дың кіретінін жіліктеп, бөліп-жарып айту қиын.

Оның айтуынша, себебі әрбір эконо­ми­ка­лық жүйенің өзіне ғана тән сипатта­ма­лары болады. Мәселен, тұрақсыз жұ­мыс­сыз істейтін адам еңбекақысына то­лық­қан­ды өмір сүре алмайды. Ондай адам­ның көбіне-көп шығыс және кіріс мөлшері бір-бірімен сәйкес келмей жатады. Мұндай тұлғалар бірнеше кіріс көзіне тәуелді. Соның себебінен тұрақсыздық мәселесі пайда болады. Келе-келе бұл әдет өмір салтына айналып, ертеңін нақты болжай алмайтын, қандай жағ­дай­ға тап болатынын білмейтін адамдар қалыптасады, – деді А.Сәдуақасова.

Әлеуметтанушының айтуынша, бұл жағдайдың тіпті білім деңгейіне де қатысы жоқ. Себебі бұл тапқа кіретін адам­дардың арасында жоғары білімді азаматтар да жиі кезігеді. Оларды еркін ма­ман­дықтың ие­ле­рі немесе бүгінгі тіл­мен айтқанда фри­лансерлер деуге болады.

– Пандемия кезінде, әрине фрилансер, аутсорсинг қызметтері тығырықтан шығудың тиімді жолына айналды. Бетпе-бет қарым-қатынас орнату қиындаған тұста қашықтан жұмыс істеуден өзге амал қал­мағаны анық. Алайда бұл үрдіс тұ­рақты жағдай ретінде жалғаса бе­ре­­тін болса, фрилансердің бір жобадан екінші жобаға ауысуына, тұрақсыз жұ­мыс істеуіне тура келеді. Мұның соңы кіріс көзінің тұрақсыздығына әкеліп соғады. Бұл аз десеңіз, прекариаттардың бүгін­гі қоғамға да айтарлықтай әсері бар. Неге? Себебі бүгінгі экономикалық қиын­шылықтарға байланысты прекариат­тарды әлсіз топқа жатқызуға тура келіп отыр. Еңбек нарығында тек тұрақты жұмыс істейтін адамдар ғана әлеуметтік қорғау жүйесімен қамтылады. Мәселен өзін өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отыр­ған адамдар бар. Статистикалық мә­лімет­терге сәйкес, бүгінде елімізде мұн­дай адамдардың саны 2 миллионнан асады. Олардың тұрақты жұмыс орны жоқ. Нарықтың өзгеруіне қарай олар да жұмыс істеу бағытын өзгертуге мәж­бүр. Бір жағы­нан мұны жұмыспен қамтудың икем­ді түрі деп бағалауға болатын болса, екінші жағы­нан әлеуметтік қорғау мәселесі кенжелеп қалатынын да ескеруіміз қажет. Мемлекеттің салық түріндегі кірісі де азаяды. Зейнетақы төлеу мәселесі қиындайды. Тұрақсыздық, міне осылай пайда болады, – деді әлеуметтанушы.

А.Сәдуақасованың айтуынша, бұл топқа жұмыссыз адамдар да кіреді. Олар­дың өзі елімізде ресми және бейресми жұ­мыс­сыздар ретінде бөліп қарас­тыры­ла­ды. Яғни белгілі бір уақытта жұмыс табу мен мүлде жұмыссыз болу сынды екі категория бар.

Келешек жастар кедейдің кебін кимесін десек...

– Пандемияға дейінгі, пандемия ке­зін­дегі және пандемиядан кейінгі үш кезеңді салыстырып қарайтын бол­сақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәй­кес, елімізде 2020 жылғы 3-тоқсанда жұ­мыссыздық деңгейі 5%-ға дейін жоғарылады. Бұл көрсеткіш 4-тоқсанда небәрі 4,9%-ға төмендеді. Яғни ресми түрде 147 мың адам жұмыссыз қалды деген сөз. Бейресми көр­сеткіш бұдан да жоғары. Ең өкініштісі сол, осы жұмыссыздықтың салдарынан кедей топтар пайда бола бастайды. Егер жұмыссыздық мәселесі тұрақты жағдайға айнала бастайтын болса, мұндай адамдар кедейшілік деңгейіне түсіп кетуі әбден мүмкін. Тіпті пандемия кезінде жұмыссыздар қатарына білімді азаматтар да қосылып кеткені байқалып отыр. 2019 жылмен салыстырғанда жоғары білімді азаматтардың жұмыссыздық деңгейі 14,2%-ға өсті. Әрине, бұл жағдайды ең алды­мен еңбек нарығындағы өзгеріс­тер­мен бай­ланыстыруға болады. Әсіресе, жұ­мыссыздық деңгейі ер адамдармен салыстырғанда әйелдер арасында жо­­ғары. Сондықтан бұл топтардың пре­­­ка­риаттар табына қосылып кету қау­­пі бар, – деді А.Сәдуақасова.

Жалпы, прекариаттар табы белгілі бір әлеу­меттік топтан құралмайды. Соған қарамастан ең негізгі екі критерийі бар. Соның алғашқысы тұрақты кіріс болса, кейінгісі – тұрақты жұмыс орны.

– Тұрақты жұмыс орны дегеніміз не? Мәселен, адам бір мекемеде жұмыс істеуі мүмкін. Алайда бір мекемеде еңбек еткенімен, сол мекеменің ішінде қайта-қайта жұмыс ауыстырудың өзі де адамды бейресми, психологиялық тұрғыда тұрақсыз жағдайға қалдырады. Мұндай тұрақсыздық бірте-бірте қызметкердің еңбек етуге деген ынтасын төмендетіп, жұмыс сапасына, түпкі нәтижесіне теріс әсер етеді. Соның салдарынан адам жүйеден шығып, жұмысынан айырылуы да бек мүмкін, – деді әлеуметтанушы.

Прекариаттар табына жұмыссыз жас­­тарды да жатқызуға болады. Себебі елі­мізде жастар арасындағы жұмыс­сыз­­дық деңгей жоғары. Әсіресе, еңбек нарығындағы жұмыссыз жастардың үлесі Алматы, Түркістан облыстарында басым. Яғни жастардың тұрақты жұмыспен қамтылмауы және алған білімінің еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес келмеуі әлеуметтік тұрақсыздықтың туын жел­біре­те түседі.

Онлайн платформадан опа таппаймыз...

– Жұмыс істеп жүрген адамдардың арасында да прекариаттар табының өкілдері бар. Бұл көбіне-көп жұмыс берудің онлайн плаформаларымен байланысты. Мысал ретінде жеткізіп берушілер (курьерлер) мен такси қызметтерін айтуға болады. Мәселен, елімізде кең тараған «Яндекс» және Wolt платформалары бар. Пандемия кезінде осы платформалардың қызметкерлері наразылық білдіріп, жұмыс берушінің кеңсесіне келіп талаптарын қойған болатын. Алайда еңбек келісімшарты ресімделмеуіне байланысты, наразы топ арыз-талаптарын орындата алмады. Бұл жағдай тұрақсыз жұмыстың салдарын аңғартты. Электронды, онлайн платформаға негізделген жұмыс кезінде көбіне-көп жұмыс беруші мен жұмыс істеуші бір-бірін бетпе-бет танымайды. Соның салдарынан жауапкершілік мәселесі де белгілі бір деңгейде ғана болады. Бұл жағдай бір жағынан еліміздегі еңбек нарығындағы ресми келісімшарт жасау мәселесіне сәйкес келмейді. Мұны мүлдем бөлек жұмыс формасы деуге де болады. Осындай платформаларға адамдар көбінесе кіріс көзіне, қаражатқа мұқтаждықтан баратыны анық. Алайда бұл кіріс көзі қаншалықты тұрақты деген сұраққа ешкім нақты жауап бере алмайды. Себебі адам бүгін немес ертең аяқасты жұмысынан айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан тың технологиялармен қатар пайда болған жаңа жұмыс платформаларын да прекариат қатарына жатқызуға болады, – деді А.Сәдуақасова.

Бүгінде прекариаттар табы – шашы­раң­қы. Әрбір әлеуметтік топтың ішінде аталған таптың өкілдері бар. Алайда келе-келе келешекте үлкен топқа айналуы мүмкін. Соған қарамастан, елімізде нақ осы мәселеге жіті назар аударылмай отыр. Осы күні тек жұмыспен қамтамасыз етілген және жұмыссыз азаматтар деген рес­ми екі көрсеткішке ғана зер салып келеміз. Яғни экономикалық көрсет­­кіштерді ғана көріп отырмыз. Соның салдарынан әлеуметтік және саяси көрсет­кіш­тер­ді айқындай алған жоқпыз.

– Қаңтар оқиғасы кезінде ереуілге жұмыссыз адамдар, жастар қатысты деген мәліметтер болды. Алайда ереуілге кімнің шыққаны, олардың арасында қандай топтардың басым болғаны әлі де толық анықталған жоқ. Арнайы зерттеу де жүргізілмеді. Дей тұрғанмен, жыл басындағы оқиғаның портретін жасайтын болсақ, алаңға шыққандардың арасында жұмыссыз, жағдайы төмен жастардың болғанын аңғарар едік. Тек қана жастар емес, еңбек нарығында белгілі бір орын алатын, жұмыс күші бо­лып саналатын орта буын өкілдері де болды. Білім деңгейін саралайтын болсақ, шеруге шыққандардың арасында жоғары білімді азаматтар да болғанын байқаймыз. Алайда оларды прекариаттар табына жатқызуға болатын нақты бір себеп бар. Ол – қалыптаспаған саяси көзқарас пен тұрақсыз саяси мінез-құлық. Сондықтан прекариат тек экономикалық емес, қоғамдағы басқару жүйесіне қол жеткізу һәм өз үлесін қосу көрсеткіші іспетті.

Әлемде бір рет болсын уақытша жұмыспен ұртын майлап, жүрек жалғап көрмеген адам кемде-кем. Әсіресе студенттік шақ­та шарқ ұрып уақытша нәпақа тауып жүретіндер жетіп артылады. Алайда бір күндік табыс табу мен оны ұдайы үрдіске айналдырып алмаудың аражігін ажырата білу де адамдықтың айнасы іспетті. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерде жыл сайын 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын құру туралы тапсырма берген болатын. Келешекте халық санының өсуін ескере отырып, негізінен 2025 жылға дейін 780 мың жұмыс орны ашылады деген болжам бар.

Соңғы жаңалықтар

Қанас, Марқа – қатар көл...

Туризм • Бүгін, 08:25

Сатира саңлағы

Тағзым • Бүгін, 08:23

Жарыстар күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:15

«Қайрат» – чемпион!

Футбол • Бүгін, 08:12