Сенаторлар әуелі Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында орналасқан Super Pharm ЖШС-ның бірреттік медициналық бұйымдар шығаратын зауытына барып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Аталған кәсіпорын бүгінде 650 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өндіріс орны жыл сайын 15 миллион дана бір реттік медициналық бұйымдарды шығарады. Бұдан кейін депутаттар Аса ауылындағы «Амангелді ГӨЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Тараз филиалының мұнай өңдеу зауытында болды. Зауыт директоры Нариман Ипмағамбетов халық қалаулыларын нысан жұмысымен таныстырып, бүгінде зауытта туындап отырған шикізат мәселесі туралы айтты. Сондай-ақ зауыт директорының өндіріс бойынша орынбасары Болатбек Бухбанов та кәсіпорын мұнай өнімін қымбат бағаға алып отырғанын, бұл зауыттың толық мүмкіндігінде жұмыс істей алмай келе жатқанын жеткізді. Өз сөзінде Сенат депутаттары Бекболат Орынбеков, Бақтыбай Шелпеков бұл мәселені Үкімет назарына жеткізетінін айтты.
Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында сенаторлар Байзақ ауданына да барды. Әуелі депутаттар Мырзатай ауылындағы құс етін өндіретін «Әулие-Ата – Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, кәсіпорын жұмысын көрді. Аталған кәсіпорын «Халал» стандарты бойынша жоғары сапалы құс етін шығарады. Бастапқы кезеңде 4 мың тоннаға дейін бройлер етін шығарса, бүгінде өнім көлемі екі есеге ұлғайған. Бұдан кейін депутаттар «Жамбыл облысы халқының табысын арттыру» пилоттық жобасы аясында Талас ауылындағы «Қостөбе-2019» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде болды. Мұнда халық қалаулылары ауылдарды дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен де танысты. Сондай-ақ Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері Жамбыл облысындағы аудан әкімдіктерінің және мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдерімен референдум мәселелері бойынша да бірқатар кездесу өткізді. Кездесу барысында сенатор Ғұмар Дүйсембаев Мемлекет басшысы референдум өткізуге ұсыныс жасағанын, енді оған еліміздің әрбір тұрғыны қатысып, өз ұстанымын білдіруі керектігін, дауыс беру қорытындысы негізінде Парламенттің алдында конституциялық заңдарды қабылдау бойынша ауқымды жұмыстар тұрғанын атап өтті.
Сонымен қатар депутаттар бюджетаралық қатынастарды қалыптастыру мәселелері бойынша да отырыс өткізді. Комитет хатшысы Сұлтанбек Мәкежанов мемлекеттің экономикалық дамуы мен жаңа Қазақстанды қалыптастыруда бюджетаралық қатынастарды қалыптастырудың маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ өңірге жұмыс сапары барысында Сенат депутаттары Тараз қаласындағы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайтқыштар» зауыты, «Қант зауыты» сияқты бірқатар мекемеге барып, кәсіпорындардың жұмысымен, ұжымның тыныс-тіршілігімен танысты.
Жамбыл облысы