Харьков мэрі Игорь Терехов ВВС-ге берген сұхбатында Ресей әскерлері Украинаның екінші үлкен қаласы маңайынан кетіп жатқанын айтқан көрінеді. Соңғы екі аптада Украина қарулы күштері Харьков облысындағы бірнеше елді мекенді азат етті. Тіпті кей бағытта Украинаның мемлекеттік шекарасына дейін жеткен-ді. Ресей әскері Харьков қаласына кірген жоқ, бірақ шаһарға жақындап, ауыр артиллерияның бүкіл түрінен оқ жаудырды.
Зымыран салдарынан Харьков қаласының орталық алаңындағы облыстық мемлекеттік әкімшіліктің ғимараты, Украинаның ішкі істер министрлігі мен қауіпсіздік қызметінің кеңселері, сондай-ақ қалалық әкімдік ғимараты қираған. Шаһардағы Северная Салтовка тұрғын ауданы артиллериялық атқылаудан қатты зардап шекті. Ондағы үйлер қирап, тұрғындардың көпшілігі босып кетуге мәжбүр болды.
BBC агенттігіне сұхбат берген Тереховтың айтуынша, Украина қарулы күштерінің қарсы шабуылы басталғалы бес күннен бері Харьковты атқылау тоқтаған. Осы уақыт ішінде Ресей сарбаздары Харьков әуежайы аймағында зымыран ұшыруға әрекет жасаған екен. Бірақ оны Украинаның әуе қорғаныс күштері атып түсірген.
Сондай-ақ қаланы атқылаудың салдарынан трамвай паркінің жартысынан астамы және 35 шақырым электр желісі қираған. Сондықтан қоғамдық көліктер біраз уақытқа дейін толыққанды жұмыс істей алмайды. Метро да тоқтап тұр.
Америкалық соғысты зерттеу институты (ISW) 13 мамыр күні кешке жарияланған зерттеуінде ресейлік әскерилер Харьков төңірегіндегі позицияларын толығымен тастауға шешім қабылдады деп мәлімдеді.
Мұның басты себебі ретінде Украина әскерінің қарсы шабуылы сәтті жүріп жатқанын, Донбастағы ресейлік бөлімшелерді күшейту қажеттігі деп есептейді. Дегенмен Ресей әскері әлі де Харьков облысындағы бірнеше маңызды елді мекенді бақылауында ұстап отыр. Сол арқылы темір жолмен Донбасс аймағындағы әскерін қамтамасыз етпек. Сонымен қатар Изюм бағыты да аса маңызға ие.
Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович сенбі күні YouTube-тегі Фейгин-Live арнасына берген сұхбатында украин күштері Изюм бағытында қарсы шабуылға шыққанын хабарлады.
Өткен жұмада Украина тарапы Донбасста өзеннен өтпек болған Ресейдің бронды колоннасын қиратқанын мәлімдеді. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, Украинаның әуе-шабуылдаушы әскерлерінің қолбасшылығы таратқан кадрларда өртеніп кеткен ондаған броньды көлік пен суға батқан понтон көпірі көрсетілген. Сондай-ақ қирап қалған ондаған танк, броньды көлік пен түрлі әскери техника бар.
Әйтсе де, сарапшылар Харьков маңындағы соғыс аяқталды деп есептемейді. Ресей тарапы бұл қалаға тағы да шабуыл жасауы мүмкін. Сондықтан Украина тарапы шаһар тұрғындарын босаңсымауға шақырып отыр.