Бұл күнде осы Шу вокзалын білмейтін адам жоқ шығар. Арқа мен Алатау, Алтай мен Атырау сияқты төрт тарапқа көпір болып келе жатқан вокзалдың өз алдына дербес тіршілігі қалыптасты. Еліміздің көптеген нүктесіне пойыздар осы Шу вокзалы арқылы өтеді. Тіпті Ташкент, Мәскеу, Бішкек секілді шетелдік ірі қалаларға да Шу арқылы баруға болады. Бірақ бүгінде Шу вокзалы ғимаратының тозығы жетіп, әбден ескірген. Қазіргі сапасы сын көтермейді деуге болады.
Аталған нысан 1989 жылы салынған екен. Сол уақыттан бері вокзал күрделі жөндеу көрмеген. Екі қабатты еңселі ғимараттың енді тозығы жетіп тұр. Тек 2012 жылы ғана ішкі ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Содан бері бұл жерге көңіл бөлінбеген. Ал нысанның қазіргі кейпінің өзі аянышты күйге түскенін көруге болады.
«Әлемдік пандемияға байланысты вокзал ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Еліміздегі шектеу шаралары да бұған мүмкіндік бермеді. Алайда мұның төрт тарапты бірдей жалғап тұрған маңызды нысан екенін ескеру қажет деп ойлаймын. Сондықтан да бұл жерге күрделі жөндеу керек. Уақыттың ағамына қарай бәрі де тозды, ескірді. Біз үшін бірінші кезекте адамдардың қауіпсіздігі маңызды. Әрі бұл жермен күнделікті жолаушылар түрлі бағытқа әрі-бері қатынайды», дейді Шу вокзалының басшысы Шолпан Арысбаева.
Қауіпсіздік демекші, өткен жылы болған қатты желдің салдарынан вокзал ғимаратының төбесіндегі бір бұрышы құлап, абырой болғанда одан ешкім зардап шекпеген. Десе де, ғимараттың әр бұрышындағы темір, ағаш сияқты түрлі ауыр заттар көпшілікке қауіп төндірмей қоймайды. Бүгінгі таңда вокзалдың алдына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Бірақ бұл жер Шу қалалық әкімдігіне қарайды.
Шу вокзалының қайнаған тіршілігі көпшілікке жақсы таныс. Вокзал арқылы әр тарапқа күн сайын 2 000-2 500 шамасында адам қатынайды. Күніне осынша адам вокзал ғимаратының ішіне кіріп-шығады. Келетін пойызын сағаттап күтіп отыратын жолаушылар да аз емес. Еліміздің әр бағытына Шу арқылы тәулігіне 35 пойыз өтеді. Вокзалдың өзінде 20 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ Шу вокзалының ішінде 1 мемлекеттік, 4 жекеменшік касса келушілерге қызмет көрсетеді. Ал жолаушыларға қызмет көрсететін қонақүй мен асхана, медициналық пункт пен полиция бөлімшесі, ана мен бала бөлмесі және жүк қоймасы тағы бар. Мұның бәрінде жүзге тарта адам жұмыс істейді. Былай қарағанда, бір үлкен мекеме. Шу қаласының тұрғындарының дені осы вокзал арқылы сауда жасап күн көреді. Бұл – баяғыдан қалыптасқан жағдай. Әрі мұндағы пойыз ішіндегі, вокзал маңындағы сауда-саттыққа жолаушылардың бәрі де үйренген. Енді бұл ғимараттың ішіне күн сайын мыңдаған адамның кіріп-шығып жатқанын ескерсек, көпшіліктің қауіпсіздік мәселесі бірінші орында болуға тиіс. Ал өзінің тозығы жетіп тұрған нысанда бұл туралы сөз қозғаудың өзі қиын. Күн сайын әрі-бері өткен, болмаса аялдаған туристер де вокзалдың бүгінгі жай-күйіне назар аударатыны анық. Ал тоғыз жолдың торабында тозған вокзал талай жылдан бері сол күйі тұр.
Жамбыл облысы,
Шу қаласы