Балаларды Ұлттық оңалту орталығының директоры, ғылыми медицина докторы Шолпан Бөлекбаева орталықта әртүрлі ем-шара, түзету-дамыту сабақтары барын тілге тиек етті.
– Балаларды оңалтудың ұлттық орталығы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге кешенді оңалту қызметін көрсетеді. Оңалтуға еліміздің әр аймағынан келетін балалар 25 күн орталығымызда болады, әртүрлі ем-шара, түзету-дамыту сабақтарымен қамтылады. Осы оңалту кешенінің жемісті әрі тиімді болуына баланың көңіл күйінің оң жағдайда болуы тікелей әсер ететінін ескере отырып, біз оларға өте кең ауқымда түрлі бағыттағы, психологиялық жай-күйінің орнықты болуына әсер ететін іс-шараларды кеңінен өткізіп отырамыз. Осы орайда біздің орталықта тек биыл ғана емес, әр жыл «Балаларды қорғау жылы» десем, артық болмас. Сонымен қатар осы жылдың «Балаларды қорғау жылы» болып жариялануына байланысты, орталық өз тарапынан еліміздің оңалту саласына үлес қосу мақсатында іс-шаралар жоспарын құрып, оны жүзеге асыруды қолға алған. Бұл жоспар бойынша, мысалы, мына төмендегідей іс-шаралар көзделіп отыр: аймақтарға мамандар жіберіп, әдістемелік-ұйымдастыру бағыты бойынша көмек көрсету, оқыту-біліктілікті арттыру шараларын жүзеге асыру жұмыстары, Денсаулық сақтау министрлігімен бірге балаларды оңалту қызметін дамытудың Жол картасын дайындауға қатысу, ата-аналардың қоғамдық ұйымдарына олардың мүгедек балаларын оңалтуға қосымша тегін квоталар бөлу, медициналық көмек көрсетудің клиникалық хаттамаларын, өз саламыз бойынша әдістемелік нұсқаулықтарды әзірлеуге қатысу, «Балалардың мектепке баруға керек-жарағын жинаймыз» акциясы бойынша көпбалалы және тұрмыс деңгейі төмен қызметкерлердің бірінші сыныпқа баратын балаларына оқуына қажетті бұйымдарды алып беруге көмек ету, – деді Ш.Бөлекбаева.
Баланың церебралды сал ауруына шалдығу себебі әртүрлі. Бұл себептерге баланың жүйке жүйесінің бұзылуына әкеліп соғатын факторлардың әсер етуі негіз болады. Мысалы, баланың миының тұншығуы, нәрестенің миына инфекция түсуі, анасының қайсыбір аурулармен ауыруы және кейінгі кезде медицина ғылымының алға жылжып дамуының арқасында қол жеткізген жетістік: шала туған, салмақ мөлшері 500 грамнан артық болған нәрестелердің өмірін сақтап қалу мүмкіндігінің жоғарылауы (өкінішке қарай, бұл нәрестелердің миы мен жүйке жүйесі жеткілікті толыққанды түрде жетіліп үлгермейді). Әрине, айта кетер бір жайт: бұл факторлардың барлығы бірдей церебралды сал ауруына әкеліп соқпайды, алайда сондай диагнозбен туу ықтималдылығы арта түседі.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің статистика деректеріне жүгінсек, 2020 жылы церебралды сал ауруына шалдыққан бала саны 17 939 болса, 2021 жылы 18 307 бала болыпты.
– Церебралды сал ауруы ми және орталық жүйке жүйесінің органикалық бұзылысы салдарынан пайда болуы және ол бұзылыстың қайта қалпына келуі мүмкін еместігі себепті, бұл аурудан 100 пайыз сауығу мүмкін емес. Алайда науқас жағдайының ауырлық дәрежесіне (жеңіл, орташа, ауыр) қарай оңалту шараларын өткізе отырып, баланың дене қимыл мүмкіндіктерін жақсарту, күнделікті өмірге бейімделуін, өзіне-өзі қызмет көрсету ауқымын кеңейту, қоғамда өз орнын алуына, өз әлеуетіне сәйкес білім алуына, кәсіп игеруіне жол ашуға болады. Бүгінгі таңда елімізде осы бағытта қызмет атқаратын оңалту орталықтары, түзету-дамыту мекемелерінің санының көбеюі де оң нәтижесін береді деп ойлаймын, – деді Шолпан Әділжанқызы.
Сонымен қатар ол оңалтудан өтуге мұқтаж балаларды мүмкіндігінше кеңінен қамтамасыз ету үшін орталық Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып жыл сайын орталыққа жатқызу жоспарын құратынын атап өтті. Бұл жоспар орталықтың төсек санын (300 төсек) ескере отырып, әр аймақта тіркелген мүмкіндігі шектеулі баланың санына пропорциялы түрде жасалады. Осы жоспар бойынша орталықта 1 жылда 4 200 бала оңалту кешенінен өте алады және квота бөлу облыстық денсаулық сақтау саласын басқару органдарының құзыретінде. Яғни бала өзі есепте тұратын емханасы арқылы облыстық және республикалық дәрежедегі қалалардың (Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент) денсаулық сақтау басқармаларынан квота алып, белгілі мерзімінде орталыққа келіп емделеді.
– Науқас балалармен жылдар бойы жұмыс істеу тәжірибеміз көрсеткендей, баланың денсаулығының оңалуы маманның мүмкіндігінше ертерек іске кірісуіне байланысты. Яғни сырқатты ерте бастан диагностикалау және оған қажетті емдеу-оңалту шараларын бірден бастап кету – жақсы нәтижеге қол жеткізудің, аурудың асқынуының алдын алудың басты шартының бірі. Оңалтуға мұқтаж балалар мультимамандар тобының (реабилитолог дәрігер, профильдік мамандар, учаскелік дәрігер, басқа да мамандар) бақылауында бола отырып қажетті ем-шаралар кешенін уақтылы алып отыруы керек. Балаға жасалатын емдік-оңалту шараларының барлығы ағзаның өмірлік әлеуетін барынша сақтау, жетіспеген мүмкіндіктердің орнын толтыру, басқа мүмкіндіктермен алмастыру бағытында жүргізілуге тиіс. Қазіргі таңда өзіміз қолданып жүрген және еліміздің денсаулық саласында кеңінен енгізуге атсалысып жүрген Өмірлік дағдылардың халықаралық классификациясы шкалалары бойынша бағалауды енгізу мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерді оңалтуда жан-жақты жұмысты жоспарлап жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін көріп отырмыз. Осындай қолға алынып жатқан жұмыстар нәтижесінде балаларды оңалту саласына нақты үлесімізді көптеп қосамыз деген сеніміміз бар, – деді орталық директоры.
Қорыта айтқанда, балалардың бақытты ғұмыр кешуіне түрлі жағдайлар жасалуда. Әлеуметтік, медициналық қолдау жұмыстары да тоқтаған емес. Жоғарыда айтылған оңалту орталықтары көрсететін қызметтер де осының бір парасы десек болады.