Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Кейбір елдер криптовалютаны төлем құралы ретінде қабылдаса, басқа мемлекеттер бұл индустрияны кәсіп түрі ретінде жолға қою үшін тиісті заңдар әзірлеп жатыр.
Қоғамдағы сын-пікірге қарамастан криптовалюта нарығы қарқынды дамып келеді. Айталық, Quantdart компаниясының бизнесті дамыту бойынша бас менеджері Гимран Абдрахмановтың пікіріне сүйенсек, капитал көлемі жағынан криптонарық Apple (2,6 трлн доллар) және Microsoft (2,03 трлн доллар) сынды компанияларға жақындады. Тұтастай алғанда, әлемде криптовалютаның 19 мыңнан астам түрі бар. Аталған нарықтағы қаражат айналымының дені Bitcoin мен Ethereum-ге тиесілі. Сол секілді капиталдандыру көлемі жағынан жиырма ірі монетаға BNB, Polkadot, Solana, XRP, Terra, Cardano, Avalanche, Dogecoin, Shiba Inu және басқалары кіреді.
Мұндай көрсеткішке криптоиндустрия 13 жылдың ішінде қол жеткізді. Жаңа нарықтың артықшылықтарын байқаған көптеген трейдер өз инвестициясын осы салаға құя бастады. Акция, облигация, бонд және нота сынды әдеттегі қаржы құралдары арқылы жүзеге асырылатын сату-сатып алу операциялары криптовалюталық биржаларда да орындалатынын айта кеткен орынды. Сонымен қатар биржадағы операцияларға байланысты бүкіл процесс толығымен электронды форматқа ауысқан және де көптеген интернет қолданушысына осы тетікті пайдаланудың жолдары қарастырылған. Демек кез келген адам білім деңгейі мен алғашқы капиталдың мөлшеріне қарамастан криптотрейдер бола алады. Алайда мамандардың айтуынша, цифрлы активтерге байланысты ұтымды инвестициялық шешімдер де қабылдай білу керек. Себебі бұрыс шешім қабылданған жағдайда салынған инвестицияның бір бөлігін немесе тұтастай көлемін жоғалтудың тәуекелі бар.
Криптобиржалар Forex сынды сауда платформаларының аналогы саналады. Әр қатысушы нақты ақшаны инвестициялап, мөлшерлемелерді талдауға байланысты операцияларды жасауға, хабарлама алуға, сондай-ақ нақты қаражат көлеміне байланысты биткоиндер мен басқа да танымал валюта түрлерін сатумен және айырбастаумен айналысуға құқылы.
Әйтсе де криптовалюта, бұл – тәуекелі жоғары активтер екенін ұмытпаған абзал. Мәселен, криптобиржаның қасақана істен шығарылуын немесе оның банкроттығын жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан қаражат салмас бұрын криптобиржаны мұқият зерттеп, талдаған маңызды. Осылайша, активтерді сақтап қалуға болады. Нақты айтқанда, биржа туралы пікірлерге, сауда-саттық көлемі мен қатысушылар санына, комиссия мен депозиттерге, сол секілді ақшаны алу шарттарына назар аударған артық етпейді.
Биржаны таңдағаннан кейін, барлық жағынан сатып алынған криптовалютаны зерттеу маңызды. Атап айтсақ, монетаның капиталдануын және онымен жұмыс істеген команданы тексеру қажет. Әдетте «салмақты» криптовалюталардың артында монетаны жақсарту үшін жұмыс істейтін, транзакция жылдамдығы мен киберқауіпсіздік сияқты блокчейн мәселелерін шешуге жауапты адамдар тобы тұрады.
«Тәуекелі аса жоғары «қалдық» монеталар болады. Олардың нарықтағы көлемі көп емес. Шығарылғанына көп уақыт өте қоймаған цифрлы активтер қауіпті болып келеді. Алайда жаңа монетаның үлкен табыс әкелуі ықтималдығын да жасыруға болмайды. Криптоактивтердің мұндай түрлеріне азғантай соманы бөлу ұсынылады. Өйткені жоғарыда айтылғандай тәуекелі жоғары инвестицияда активтердің толықтай жоғалуына дайын болған жөн», деді Г.Абдрахманов.
Екіншіден, трейдерлер нарықтың орталықсыздандырылуына байланысты күтпеген шығындардан қорғалмаған.
Криптонарықтың дамуымен қатысушыларға делдалсыз өзара әрекеттесуге мүмкіндік беретін блокчейн технологиясына да қызығушылық артқанын айта кету керек. Мысалы, клиентке аударым жасау үшін банктің жұмыс аптасын күтудің қажеті шамалы. Ақшаны бірнеше минут ішінде аударуға болады. Өйткені блокчейнмен байланысты криптовалютаның жұмыс істеу принципі осындай. Цифрлы активтердің орталықтандырылмағаны туралы жиі айтылуы да содан. Бұл оның артықшылығы мен кемшілігін де аша түседі. Бір жағынан, аударымдарға тәулік бойы қолжетімді желі тұрса, екінші жағынан цифрлы активті жоғалтудың қаупі бар. Егер де қандай да бір амал дұрыс орындалмаған жағдайда (мысалы, мекенжайды қате теріп немесе күмәнді желіні таңдап қойсаңыз) кімге және қайда хабарласуды білмей дал боласыз. Мұндай реттелмейтін тетік барлық әлемдік қаржы институтын алаңдатып отыр. Сондықтан да кейбір елдер бұған тыйым салса, басқалар криптовалютаны төлем жүйесі ретінде қабылдауға әзір. Олардың қатарында Сальвадор және Орталық Африка Республикасы бар.
Үшіншіден, криптовалюталардың құбылмалылығы жоғары. Крипто ақшалар курсының жиі өзгеруіне түрлі факторлар әсер етеді. Бұл оған деген сұраныстан бастап, алыпсатарлық пен әлемдегі геосаяси жағдайға дейін қамтиды. Биткоин әлемдегі жетекші криптовалюта ретінде басқа монеталардың да бағасына әсерін тигізеді. Егер де биткоин құлдыраса, басқа да цифрлы активтер арзандай түседі.
Мысалы, 2017 жылы Жапонияда биткоин ресми расталған кезде, баға белгілеулері 300%-ға дейін өсті. Ал Чикаго қор биржасы биткоин фьючерстерін іске қосу туралы ақпаратты жариялаған соң баға тағы 200%-ға ұлғайды.
Криптовалюталардың құлдырауына келсек, бұл әдетте заңнамалық шектеулердің, техникалық қателіктердің (хакерлік шабуылдар), сондай-ақ ірі нарық ойыншыларының биткоиннан бас тартудың нәтижесінде тіркеледі. 2013 жылы Қытай билігі қаржы институттарына биткоинді пайдалануға тыйым салған кезде құлдырау көлемі 30%-ды көрсетті. Оңтүстік Кореяда криптоквалюталық биржаларға тыйым салынатыны ескертілгенде цифрлы активтердің бағасы 25%-ға төмендеді.
Криптовалюталардың жоғары құбылмалы болуының артықшылығы да көп. Бұл тың ақшаға инвестициялаудың басты пайдасы – бағаның күрт өзгеруінде жатыр. Ол 20%-30%-дық дәлізде болуы мүмкін. Бұл ретте акциялардың 20%-дан өсуі өте сирек кездеседі.
Аталған қаражат түрінің сатып алу уақытын да ескеру керек. Сарапшылар сұраныс өте жоғары болған кезде нарыққа кірмеуге кеңес береді. Монеталарды сатып алғаннан кейін трейдер немесе ходлерге айналасыз.
Трейдерлер – қысқа мерзімде сатып алатын және сататын адамдар. Бірақ та ең тиімдісі – активтерді сатып алып, оны ұмытып кететін ходлер атану саналады. Көбінің миллионер атануының сыры биткоиннің ондаған доллар, яғни арзан кезінде сатып алғанында жатса керек.
«Егер де қазір криптовалютаға ақша салу керек пе, әлде жоқ па деп сұраса, ешкім сізге нақты жауап бере алмайды. Себебі биткоиннің ертең немесе келесі күні қай бағытта қозғалатыны барлығымызға беймәлім. Көптеген ел криптовалютаның айналымы мен өндірісін реттеуді немесе тыйым салуға шешім қабылдағандықтан баға тез құлдырауы мүмкін. Трейдерлер жүргізетін түрлі техникалық талдаулар трендтің жоғары немесе төмен қозғалатынына кепілдік бола алмайды», деп санайды Г.Абдрахманов.
Криптовалютаны сатып алу мен сатудан бөлек, өндірілетінін де ескеру керек. Егер крипто қаражат нарығы тек орталықтандырылмаған сипатқа байланысты пікірталас тудырса, цифрлы майнингке қатысты мәселе бұдан ауқымдырақ. Криптовалюта өндірісі – үлкен көлемдегі энергияны қажетсінетін және экологияға айтарлықтай зиян келтіретін бағыт. Монеталарды өндіру үшін электр энергиясы үздіксіз берілуі қажет. Кейбір майнинг фермалары тұтынатын энергияның көрсеткіші облыстық сұраныстан асып түсіп жатады.
Десе де қоршаған ортаға келтірілген шығынға қарамастан криптовалюта өндірісі кіріс жағынан мұнай өнеркәсібімен пара-пар тиімді бизнеске айналып барады. Сондықтан сарапшылар билік бұл мәселені барлығының көңілінен шығатындай етіп шешім қабылдау керек деп санайды.
Осыдан бір ай бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев майнинг кәсібіне байланысты салықты ұлғайтуды көздейтін заңды әзірлеуді тапсырған еді. «Сұр» майнерлердің ісін әшкерелеу жұмысы қолға алынғанымен криптовалюта өндірушілеріне арналған жаңа тарифтер сол күйі белгіленбей қалды. Қазір елімізде 55 майнинг фермасы жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр.
Сәуірдің ортасында Ұлттық экономика министрі майнерлерге арналған салық биткоиннің құнына байланыстыру қарастырылатынын айтқан болатын.
«Мемлекет өз крипто әмиянын жасап, сәйкесінше майнерлерді салықты криптовалюта түрінде төлеуге міндеттеу керек. Егер де салық теңгемен белгіленсе, биткоиннің жоғары құбылмалығына байланысты салықтан пайда түспей тиімсіз болады», деген ойда Г.Абдрахманов.
Әзірге криптовалюта тек «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында ғана реттеледі. Өйткені Қазақстанның заңнамасымен қамтамасыз етілмеген цифрлы активтер (биткоиндер мен альткоиндер) айналымға жіберілмейді. Ал қаржы орталығының экожүйесінде цифрлы активтерді реттеудің мүмкіндігі қарастырылып, мұнда олар инвестицияның бір түрі ретінде саналады.
Соңғы мәліметтерге сәйкес Қазақстанда криптовалюта өндірісінен 190 млн доллар көлемінде кіріс түскен. Криптовалюта айналымынан мемлекет ала алатын салық көлемі жылына 26,5 млрд теңгеге бағаланады.
АХҚО-да нарықтың даму перспективаларына байланысты биткоинге инвестициялауға мүмкіндік беретін қарапайым әдіс әзірленіпті. Tabys бөлшек инвесторларына арналған қосымшаға базалық активі бар биржалық нота (ETN) ProShares Bitcoin Strategy ETF шығарылды. Демек кез келген азамат өз қаражатын криптовалютаның биржалық нотасына құя алады.