Мектептің іргетасы қалай қаланды?
Тарихы ертеден тамыр тартқан мектептің алғашқы іргетасы 1907 жылы қаланады. Ауыл арасындағы қазақ пен татар тұрғындарының қаржысына соғылған білім ордасы қарапайым халықтың қолымен тұрғызылған. Алғашында мектеп медресенің қызметін атқарып, түске дейін ересек балалар оқыса, түстен кейін кіші шәкірттер алмасып білім алады. Абылханов және Бақиев есімді молдалар балаларға сабақ беріп, мұсылманша хат танытады. 1909 жылы мектеп жаңаша бетбұрыс кезеңін бастан кешеді. Қаланың зиялы азаматтарының шақыртуымен Қазан қаласындағы «Мұхамедия» медресесінің түлегі, Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын семинарияны тәмамдаған кәсіби мұғалім, жан-жақты ізденімпаз, білгір азамат Ғалымжан Құрмашев оқу ордасына қызметке келеді. Ғалымжан Шәкіржанұлы мектепті «жәдид» үлгісімен жаңаша оқытуға барынша күш салып, діни білімді ғана оқытатын ошақта тарих, ана тілі, жаратылыстану мен арифметика пәндерін оқытуды бастайды. Мұнымен қоса тәртіп бұзған шәкірттерді шыбықпен ұруға тыйым салып, алғаш рет 45 минут оқыту мен үзіліс беру тәртібін жолға қояды. Жалғыз ұл балаларды ғана емес, 1911 жылы қыздарды да оқуға шақыру ісі қарқынды жүзеге асырыла бастайды. Дүмше молдалар мен ғылымсыз имамдардың «мектепке барған қыздардың болашақта некесін қиюға болмайды» деген жалған уағыздарына төтеп берген зиялы азаматтар осылайша алғыр, парасатты ұл-қыз тәрбиелеу жұмысына табанды түрде атсалысты.
Сәкен Сейфуллиннің ізі қалған
1912 жылы Ғалымжан Құрмашев ата-аналар жиналысын өткізіп, балаларға орыс тілін оқыту жөнінде пікірін ортаға салады. Ата-аналар ұстаздың ұсынысын жарыса қолдасады. Алайда қалалық дума депутаттары орыс тілін оқыту мен арнайы мұғалімдер даярлауға қаржы бөлу ісіне қарсылық танытады. Тығырыққа тірелген маңызды мәселеге көмек қолын созған бірегей тұлға Сәкен Сейфуллин еді. 9 жасында-ақ Нілді кенішіндегі орыс бастауыш мектебіне оқуға қабылданып, одан соң екі жылдық приход мектебін бітірген тілге жүйрік, кеудесі қазына қаламгер оқу орнының жағдайымен етене таныса келе, ешқандай ақы сұрамай-ақ шәкірттерге орыс тілін үйрету жұмысына кіріседі. Бұл жөнінде сәкентанушы, белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішев: «1912 жылдың қысы мен көктем айларында Сәкен Сейфуллин мұсылман медресесінде шәкірттерге орыс тілінен сабақ берді», деп зерттеу еңбегінде келтірген. 1917 жылы 27 желтоқсанда Ақмолада Кеңес өкіметі орнап, ақын Совдеп президиумының мүшесі және Оқу-ағарту халық комиссары лауазымына тағайындалады. Айтулы қызметте жүріп бүкіл қазақ халқының сауат ашуына едәуір үлес қосқан қайраткер қаламгер Ақмола облысын ағарту саласына өз қолтаңбасын өшпестей етіп қалдырғаны айқын.
Мектептің қазіргі ахуалы
Мектеп директоры Мағзұмова Бақытгүл Амангелдіқызы білім ордасының тарихына көз жібере келе: «Мектебіміз тарихи қатпарларын көріп отырғандарыңыздай қилы кезеңдерден өткен. Тіпті оқушы саны жетіспей жабылып қалуға таяу кездер де болған. Мұғалімдер үй-үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мектептің қайта жұмысын жалғастыруына септігін тигізген. Биыл біздің оқу ордамыздың құрылғанына – 115 жыл. Мектептің 110 жылдығын үлкен деңгейде атап өтіліп, іс-шараға танымал түлектеріміз келіп қатысты. Журналист Дөкеш Байымбетов, Оспан Сүлейменов, Светқали Жақиянов және Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлы университеттің ректоры болған Айтбай Булашев, спорттан әлем чемпионы Данияр Төлегенов, әнші Қанат Үмбетов сынды беделді түлектеріміз бар. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған іс-шара өткізіп, арнайы мектептің танымал 30 түлегін шетелден, басқа қалалардан шақырып бүгінгі оқушылармен ғибратты кездесу өткізгенбіз. Жылына шамамен 2-3 оқушы Назарбаев университетіне түседі, былтыр 112 оқушыдан 65-і грантқа түсті. Міне, осындай жетістіктеріміз бар» деп сөзін жалғады.
Сонымен қатар директор мектептің ішкі құрылымымен бірге әлеуметтік мәселелерін де тілге тиек етті. «Мектепте 158 ұстаз, 2 100 оқушы, 35 қызметкер бар. Қоғамдық гуманитарлық салаларға, қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, тарих пәндерін тереңдеп оқытуға көңіл бөлеміз. Қазір соңғы төрт-бес жылда қазақ тілі мәселесі туындап отыр. Тәуелсіздік таңында туған балалардың тілі орысша шығып, мектепке қазақ тілін білмей келетін оқушылар бар. 25 оқушының 4-5-і қарапайым қазақ тілінің қолданыстағы сөздерін білмей жатады. Он жылдай уақыт бұрын мұндай мәселе болмаған. Бұл жерде басты кінәлі – интернет жүйесі, әлеуметтік желілер деп ойлаймын. Сондықтан мұғалімдеріміз олармен арнайы жұмыс жүргізіп, 1-2 жыл көлемінде тілін сындырып отыр. Тағы бір мәселе, мектептің сыртында балалар ойнайтын спорт алаңы осы уақытқа дейін болмаған. Мектебіміз ескі екенін өзіңіз де көріп отырған шығарсыз. Осы мәселелер шешімін тапса деймін», деді.
Бақытгүл ханым сонымен бірге бүгінгі оқушылардың намысшыл, еркін ойлы, мемлекетшіл екендігіне тоқталды. Рухында бұғау жоқ мұндай ұрпақ ел болашағына өз үлесін қосары даусыз.
Сөз соңы
Директор бөлмесінен шыққан соң мектеп мұражайына қарай қадам бастық. Мұражайда Жамбыл Жабаевқа арналған бағалы мәліметтермен қоса білім ошағының терең тарихы суреттер мен жәдігерлер арқылы көрініс тапқан. Мектепке келген қадірлі қонақтар, алғашқы директорлар, озат мұғалімдер, айтулы оқушылар мұражай бұрыштарында көрермендер үшін тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Тарихы кемел, руханияты биік білім ордасының алар асуы алда. Ақмола облысында алғашқы оқу орны болып іргетасы қаланып, талай ұрпақтың көкірек көзін ашқан білім ордасының атауы тарих сахнасында алтын әріппен жазылары сөзсіз.