Ахмет Байтұрсынұлы • 16 Мамыр, 2022

Ахаң жайлы айтады ел қызықты аңыз

1057 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ел ішінде ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұрсынұлы жайлы арагі­дік болса да қызықты әңгіме­лер айтылып қалады. Бірақ қаншалықты рас екені белгісіз, өйткені нақты дерек-дәйегі жоқ. Алайда кемеңгер өмірінің бір үзігінен сыр шертетін мұндай хикаяттарды тарихи ақиқаттан алшақ жатыр деп елеусіз қалдыруға да болмайды. Ұлт ұстазына қатысты айтылатын әр сөз алтын. Сондықтан таяуда өзіміз естіген екі әңгімені Ахаң туралы нақты дерек ретінде емес, ел аузында жүрген аңыз ретінде жариялауды жөн көрдік. Кім біледі, дерексіз болса да, керексіз болмас, аңыздың астарында ақиқат жатуы мүмкін.

Ахаң жайлы айтады ел қызықты аңыз

Ахаңа қамқорлық еткен Мәзін Әбзи кім?

Бұл әңгімені Меңдіқара ауданына қарасты Красная Пресня ауылының тұрғыны, жарты ға­сырға жуық өмірін ұстаздық қыз­метке арнаған зейнеткер Сәулеш Қошпановадан естідік. Сәулеш әжей академик Манаш Қозы­баев­тың туған қарындасы.

– Нағашымның шешесі Нұр­жамал Торсықбаева көп білуші еді. Соғыстан кейін дүние салды. Ол кісі Бағланда (қазіргі Қор­ған облысына қарасты Звери­но­головское селосы) тұрды ғой. Тұрмыстары жақсы болды. ­Әжем қашып жүрген кісілерді көр­ген адам. Дұрыстап сұраса, айтар еді, сұраған адам жоқ қой. Мен ол кезде қайдан білейін, кейін ел Ахметті іздей­тінін. Біздің ба­ла кезімізде орыс-қазақ бірдей Мәзін Әбзи дейтін. Мәзін Әбзи – Әбдірахман де­ген татар, мешітте муедзин, яғни азан­шы болған ғой. Содан жұрт­тың бәрі Мәзін Әбзи деп кеткен.

1902-1903 жылдар шамасын­да Ахмет, Бәдрисапа, Қияс Қоғал­баев пен тағы бір орыс Тобольск түрмесінен қашып шығып келе жатып, Жолшыбай Бағланға ке­ліп тоқтайды. Мәзін Әбзи орысты шіркеуге, ана кісілерді мешітке тығады. Едәуір уақыт сол жерде болыпты. Бір емес, бірнеше кісі, біреу-міреу көріп қалса, қашқын қылмыскерді ты­­ғып отырсың деп басым ке­те­ді-ау деп қорқады. Содан бі­раз естерін жиған соң, Обаған жақ­тағы Қайраңкөл деген жерге келеді. Обаған иірім-иірім бо­лып ағады. Қайраңкөл деген со­ның жанында. Бірінші ауыл бол­ған бұрын, жанында мешіт, мед­ресе бар-тұғын. Қазір түк те жоқ. Осы ауылдан алыс емес. Бірақ ол көл жоқ қазір, кеуіп кет­­­кен. Орнына қамыс өсті. Ол жер­­ді кейін жыртып жіберді, егіс алқабы болып кетті.

Ылғи қашу, тұрмыс жағы нашар, Бәдрисапа ауырып, күніне неше мезгіл ұстамасы ұстап қала­тын көрінеді. Нұржамал әжеміз Бәдрисапа емес аты, Бәд­риса дей­тін. Ахаң: «Бәдриса апа» дең­дер деп таныстырған ғой. Содан Бәдрисапа болып кет­кен. Қыстың іші шығар, кім білген, Ахаң кетіп қалайын десе, әйелі ауырады. Сөйтіп, бала оқыт­қан. Сауаты болған соң, әйте­уір күнкөріс керек қой. Жүріп тұрсам, мен Мәзін Әбзиді білетін кісілерді тауып, анығын сұрап білетін едім, жүре алмай қалдым. Ал ертеректе еш­теңе керек болмады.

Мәзін Әбзиді білмейтін адам жоқ. Ол кісі соғыстан ке­йін қайт­ты. Сол кісілермен жа­қын ара­ласып, сыйлас болған Нұр­жа­мал әжеміз бір немересінің атын Әбдірахман деп қойды.

Мәзін Әбзи орыс-қазақ демей бәріне көмектесіп, Ахаң мен Бәдрисапаға, олардың қасындағы Қияс Қоғалбаевқа да біраз күн шарапаты тиген екен. Қияс ол кезде үкіметке қарсы болып, қашып-пысып жүрген ғой. Осы өңір­дің жігіті. Түрмеде отырғанда суық тиіп, туберкулезден қайтады. Ке­зінде Қияс туралы көп мате­­­риал жинадым. Ол кісі туралы үл­­кен альбомдар жасаттым. Мек­­теп­тің алдына ескерткіш орнат­тық. Ешкімге керек болмай қал­ды. Альбом далада қалды. Қияс кейін большевиктер партия­сы­­на қабылданып, үгіт-насихат жүр­гізеді. Сол Қияс Тобольскінің түр­­месінде Ахаңмен бірге отыр­ған.

Мәзін Әбзиді бала болсам да көрдім. Бір ауырғанда үйінде жаттым. Бапам апарып осы жер тыныш деп жатқызған. Кемпірімен екеуі ғана тұрды. Балалары жоқ. Ол кісіні қазақтар қатты сыйлады. Қартайғанда асырап, бағып отырды. Орыс та көмектесті. Ешкім алалаған жоқ. Өзі де қадірлі адам еді. Мына Бағланда осы күнге дейін Мәзіннің ағаш үйі бар, Мәзіннің мешіті деген мешіт бар. Орыстардың сыйлағаны сондай, ол үйді осы күнге дейін қозғаған жоқ, – деді Сәулеш әжей.

Ұлт ұстазының ғұмырбая­нын зерттеп жүрген ғалымдар Ахаңның Тобольск түрмесінде жат­­қаны туралы дерек жоқ, сон­­­­дықтан Қайраңкөлде бала оқыт­­­ты дегені де шындыққа жа­­­­­нас­­­пайды дейді. Алайда ға­лым Алмасбек Абсадық 1902 жы­лы Ахмет Байтұрсынұлы­­­­ның Мең­­ді­қара болысына қарасты 4-ауыл­да орналасқан Орынбаев бас­тауыш мектебінде бала оқыт­­қанын дәлелдеп жазды. Ал Сәу­леш Қошпанова әжей Ахаң 1902 жылы бала оқытқан Қай­­раңкөл ауылы Меңдіқара бо­лы­­сының 1-ші ауылы болған дей­ді. Аңыз бен ақиқаттың арасында бір сәйкестік бар сияқты. Ахаң Тобольск түрмесінде жат­пағанымен, Меңдіқара болысында мұғалім болып жүргенде Тобольскіде қамауда жатқан қазақ азаматы Қияс Қоғалбаевты өзі барып шығарып алуы мүмкін ғой. Мұны енді ардагер ұстаз Сәулеш әжейдің әңгімесіне сенгіміз кел­гендіктен, қимастықпен жа­сал­ған жорамал деп түсініңіз. Де­генмен көпті көрген көнекөз кейуананың айтқаны халық жадында қалған тарихи шындықтың жаңғырығы болуы бек мүмкін.

Қостанайға келген соң, Мәзін Әбзиді білетін кісілерді іздес­тіріп көрдік. Қостанай қала­сы­ның тұрғыны Мақсұт Бақпа­сов­тың көмегімен Обаған өзе­нінің арғы бетіндегі Қорған об­­­лысына қарайтын бұрынғы Бағ­­лан, қазіргі Звериноголовское селосындағы мұсылмандар қа­уым­дастығы­ның төрағасы Зұл­қарнаев Ғабдулға­бат Әбдірах­манұлына қоңырау шалып, Ахаң паналаған ме­шіт туралы сұрадық.

– Қазан төңкерісіне дейін са­лынған ескі мешіттің ғимараты әлі бар. Бірақ жағдайы өте мүш­кіл, ешкімге керексіз, шатыры жоқ, тек төрт қабырғасы ғана қалқайып, құлайын деп тұр. Ке­ңес дәуірінде диірмен болған. Қа­зір диірмен де жоқ, бос тұр. Мәзін Әбзи деп отырғаныңыз Әбді­рахман Ғұбайдуллин деген кісі. Ұлты татар, осы мешітте мол­да болған. Елге беделді кісі еді, 90 жасқа келіп дүние салды. Бір қызы, бір ұлы қалды. Ұлы қазір тірі, Рәшида деген қызы Қостанайда қайтыс болды. Мәзін Әбзидің өзі де молда болғаны үшін қуғынға ұшырап, 3-4 жыл түрмеде отырып келді. Кейін мектепте ұстаздық етіп, бала оқытты. Мәзін Әбзи тұрған ескі үйі де бар, – деді Ғ.Зұлқарнаев.

Ахаңның хатшысы

Қостанайлық журналист Қа­был­ахат Сейдахмет бір ақта­­ры­лып кетсе, Арқайымнан кіріп Аңырақайдан бір-ақ шығады. Бір әңгімені бастап келе жатады да, екінші бір сүрлеуге түсіп кетеді. Одан үшінші әңгімені қайырып барып, негізгі әңгімеге қайта көшеді. Бірақ соның бәрі қым-қуыт сабақтасып жатады. Әйтеуір, айтқанының бәрін еске сақтау мүмкін емес. Сондықтан ол кісіге ылғи диктофон ала барам да, кейін керегін кертіп алатын әдетім.

– Ахмет Байтұрсынұлы 1920 жылдары Орынбор­да Халық ағарту комиссары, қазіргіше айт­­қанда, Білім ми­нистрі болып қыз­мет еткенін біле­сің ғой, – деді Қабекең бірде.

– Иә.

– Мынадай қызық бір жайды айтайын. 1998 жылы әріптесіміз, қазір шетелде тұратын Людмила Фефелова Орынборда тұратын бір туыстарына барады. Сол үй­дің адамдарынан осы маңайда жасы тоқсаннан асқан бір кемпір тұрады, ұлты орыс, сендердің үл­кен бір ғалымдарыңның хатшысы болған дегенді естіген Люд­мила Ивановна әлгі кемпір­ді әдейі іздеп барып сәлем бере­ді. Қазақстаннан келдім деген­ді естіген кейуана бірден: «Сен Ахмет Байтұрсыновичтің жерлесі екенсің ғой», деп жақын туысын көргендей қуанып кеткен екен.

«Иә, ақталғанын естіп қуа­нып қалдым. Несін айтасың, ақы­ры нақақ жала жалмап тынды ғой. Аса салмақты, өте зиялы, жалғыз қазақтарға ғана емес, бүкіл адамзатқа керек, өзім қат­ты қадір тұтқан адам еді. Ол кісі Халық ағарту комиссары болып тұрғанда, бір жылдай хатшысы болып қызмет еттім. Өзі кішіпейіл адам еді, үйімнің жағдайын сұрап, үнемі көмектесіп тұратын. Ірі денелі, алпамсадай кісі болатын. Жұмысқа үнемі жаяу ке­летін. Мұныңыз қалай деп сұрасам, бой жазып, қан тарату керек дейтін. Бірақ әлдебір шаруаларына пәуеске арбамен кететін. Ахмет Байтұрсынович отырған кезде пәуескенің асты доңғалаққа тиер-тимес болып жатып қалатын. Кейде жұмыс кабинетінде отырып бір ауық домбыра тарта­тын. Ақырын ыңыл­дап ән айта­тын. Бірақ мен ол кісінің не ай­тып отырғанын түсінбейтінмін», депті.

Кемпірдің аты-жөнін анықтай алмадық. Шетелде тұратын Люд­мила Фефелованың байланыс телефонын іздестіріп көріп едік, оны да табудың сәті түсе қоймады.

 

Қостанай облысы