Медицина • 17 Мамыр, 2022

Неонаталды хирургия: Ұлт мүддесі – ұрпақ саулығы

381 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әрбір ата-ана өмірге шекесі торсықтай, қол-аяғы балғадай дені сау ұрпақ әкелсем деп армандайды. Алайда өмір өз дегенін жасайтын жайттар жайында жиі естиміз. Әсіресе, нәрестенің бойындағы туабітті ақаулар алаңдатады. Ал оған жол бермеу, ұрық жатыр ішінде жатқан кезде ақаудың алдын алу мүмкіндігі бар ма? Бақсақ, бар болып шықты. Тіпті, ондай көмекті ат терлетіп алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Бүгінде неонаталды хирургия саласындағы отандық дәрігерлердің өзі осы олқылықпен күресуге қауқарлы.

Неонаталды хирургия: Ұлт мүддесі – ұрпақ саулығы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Дәл осы мәселе жөнінде біз Денсаулық сақтау министрлігің неонаталды хирур­гия жөнінде штаттан тыс бас маманы Асылжан Ерекешовпен әңгімелескен едік. Тә­жірибелі маман неонаталды хи­рур­гия­ның Қазақстандағы қарқынды дамуы 2011 жылы «Саламатты Қазақстан» мем­ле­кеттік бағдарламасынан бастау алғанын айтып отыр.

– Сол жылдары 280 балаға ота жасалатын болса, өкінішке қарай, соның 90%-ға жуығы операцияға дейін немесе кейін шетінеп кетіп отырған еді. Біз мұны статис­тикалық мәліметтерге сүйеніп айтып отырмыз. Сөйтіп аталған бағдарламаның қолға алынуымен осы саланы дамытуға сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова үлкен үлес қосты. Нәрестелер хирургиясының алдында тұр­ған маңызды мәселе – дәрігерлер, кәсіби мамандар, мейірбикелер даярлау ісіне мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөліне бастады. Еліміздегі 8 өңірде ірі ота жасайтын бөлімшелер, нәрестелер хирургиясына арналған төсектік орындар ашылды. Сол жылы ел аумағында осындай төсектік орындар саны небәрі 12-13 болған болса, бүгінде бұл көрсеткіш 85-ке дейін жетті. Ал нәрестелерге ота жасай алатын мамандар саны бас-аяғы 8-ақ адам еді. Қазіргі таңда арнайы даярлықтан өткен 32 маман бар, – деді А.Ерекешов.

Оның айтуынша, осы бағдарлама аясында операция жасау үшін қажет заманауи техникалар мен құрал-жабдықтар сатып алынды. Бұған қоса Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өңірлердегі мульти­дис­циплинарлық командалар даярлана бастады. Олардың арасында хирург, неонатолог, анестезиолог, реаниматолог және мейірбикелер болды.

– Бүгінде аталған бағдарлама аясында еліміздің түкпір-түкпірінде 74 адам білім алды. Осы күні өңірлердегі балалар ауруханасында нәрестелерге ота жасайтын төсектік орындар бар. Сонымен қатар елі­мізде екі арнайы бөлімше бар. Соның алғашқысы Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 Көпсалалы аурухананың акушерлік блогында орналасқан жаңа туған нәрестелер хирургиясы бөлімшесі саналады. Аталған бөлімше 2012 жылы ашылған. Биыл ел игілігіне еңбек етіп келе жатқан бөлім­ше­нің ірге қалағанына мерейлі 10 жыл толып отыр. Екіншісі Қызылорда облыстық балалар ауруханасында 5 төсектік орын нә­рес­телер хирургиясы бөлімшесі бар, – де­ді тәжірибелі хирург.

Бүгінде туабітті ақауларды ерте анық­тау ісіне нәрестелер хирургиясының қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз. Ел аумағында бүгінде 249 босану мекемелері бар. Ал жүкті әйелдер заңға сәйкес міндетті түрде үш рет скринингтен өтеді. Көп жағдайда ұрық­тағы туабітті аурулар осы екінші скри­нинг кезінде (жүктіліктің 20-аптасын­да) анықталып жатады. Елімізде мұн­дай мүмкіндік бар. Осы жағдайды ескере отырып, «Денсаулық» мемлекеттік бағ­дарламасы шеңберінде өңірлерде сарап­­тамалық ультрадыбыстық зерттеу әдіс­те­ріне қажет мамандар даярланып, жаңа құрал-жабдықтар сатып алынды.

– Нәрестелер хирургиясының басты міндеті ұрықтағы ақауларды жатыр ішінде анықтап, оған көмек көрсетуге бола ма, жоқ әлде болмай ма деген сұраққа нақты жауап қату саналады. Себебі кей жағдайда баланың болашақ өміріне қатер төндіретін ақаулар да кезігіп жатады. Жалпы, елімізде туабітті ақаулардың саны артты деп айтуға болмайды. Неге десеңіз, ақаулардың саны емес, өңірлерде оны анықтаудың сапасы артты. Осыдан 10 жыл бұрын туабітті ақаулар нәресте дүниеге келген соң барып анықталатын еді. Оған ота жасау, ем-дом жүргізу мәселесі де шақалақтың кіндігі кесілгеннен кейін қолға алынып жатты. Ал бүгінде ультрадыбыстық зерттеу әдістерінің, арнайы аппараттардың, мамандардың көмегімен ұрықтағы ақаулар жатырішінде анықтала бастады. Баланың болашақ өмірімен үйлеспейтін, емдеуге келмейтін жүректегі, орталық нерв жүйе­сіндегі ақаулар жүктіліктің 20-аптасы­на дейін анықталған жағдайда ата-анасының рұқсатымен ұрықты алып тастау мүмкіндігі бар. Сондықтан бүгінде нәрестелер хирур­гия­­сының дамуы осы саламен тікелей байланысты, – деді спикер.

Бүгінде ел аумағында жыл сайын 1 700-2 мыңға жуық жаңа туған нәрестеге ота жасалады. Өлім-жітім көрсеткіші осы күні 12-13%-ды құрайды. Өткен он жылдың ішінде осындай ауыз толтырып айту­ға болатын көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Биыл кейінгі 4 айда елімізде 94 мың баланың кіндігі кесілсе, соның 450-і туа­бітті ақаумен дүниеге келді. Дүние­ жүзін­де жыл сайын 7 млн бала туабітті ақаумен туады.

– Биыл осы жұмысты жақсарту, бір жүйе­ге келтіру мақсатында Қазақстандағы пери­наталдық орталықтар базасында ұрық қорғау кабинеттері ашылып жатыр. Ұрық қорғау кабинеті дегеніміз не? Бұл қандай кабинет? Ол не үшін қажет? Мәселен, кейбір әйелдерде туабітті ақаулар тұқым қуалайды. Ондай әйел екінші рет жүкті болған жағдайда осы ұрық қорғау кабинеттерінде бақыланады. Аталған кабинетте құрсақтағы ұрықта ақаудың бар-жоғы анықталады. Сондай-ақ бұл кабинетте нәресте хирургиясынан бөлек неонатология саласы да назарға алынады. Бұл сала ең алдымен нәрестелер күтімі мәселесіне негізделген. Осы саланың ма­­ман­дары ұрық­қа тән ауруларды ерте анық­тау, қажет бол­ған жағдайда ем-дом жасау ісімен айналысады. Себебі болашақ баланың ұрық кезінде де ем-дом жасауға болады. Осындай бастамаларды негізге ала отырып, елімізде нақ осы салада жүйелі жұмыс істеліп жатыр деп айтуға болады, – деді А.Ерекешов.

Көршілес Ресейде неонатальды хирургия саласының дамып келе жатқанына 50 жылға жуық уақыт болды. Соның өзінде нәрестелердің өлім-жітім көрсеткіші 10-12%-дың айналасында. Сөздің шыны керек, отандық мамандар да осы көрсеткішке жақындап қалды.

– Алайда бұл көрсеткішке бірден қол жеткізе салған жоқпыз. Ауқымды жұмыс атқарылды. Тек неонаталды хирург­тер­дің ғана емес, білдей бір үлкен ко­ман­даның арқасында биік белестерді бағын­дыра алдық. Ол команданың ішінде ультра­ды­быс­тық зерттеу ісінің мамандары, неона­тал­­ды хирургтер, неонатолог дәрі­гер­лер, анестезиолог-реаниматолог­тар, ар­на­­йы мейірбикелер бар, – деді Асылжан Ерекешов.

Қазақстанда дүниеге келген балалардың бойында анықталған туабітті ақаулардың арасында әртүрлі жүрек ақаулары көш бас­тап отыр. Сондықтан оны ерте анықтау ісі қашан да маңызды. Бұл ретте елімізде неонаталды кардиохирургиялық бригадалар бар. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында осы жүрек ақауларын емдеумен айналысатын екі орталық жұмыс істейді. Соның бірі Кардиохирургиялық орталық болса, екіншісі Балалар кардиохирургиялық орталығы. Ал Алматы қаласында нәрес­те­­лерге кардиохирургиялық көмек көр­сететін перинаталдық орталық қызмет етеді. Педиа­трия және балалар хирургиясы ғылыми орта­лығында да «Неонатология және нә­рес­­телер хирургиясы бөлімі» бар. Ота жа­сай­­­тын жаңа технологиялар дамып келе жатыр.

Соңғы жаңалықтар