Білім • 17 Мамыр, 2022

Кипрдан келген күміс пен қола

197 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандық озат оқушылар Кипрде өткен халықаралық білім жарысынан олжалы оралды. Математикадан биылғы Балқан олимпиадасында қоржынға 2 күміс және 4 қола салынды. Осылайша, елдің ұлттық құрамасы былтырғы нәтижені жақсартты.

Кипрдан келген күміс пен қола

Зияткерлік жарыс 4-9 мамыр аралығында Ларнака қаласында (Кипр) офлайн форматта өтті. Осы жылы олимпиадаға Албания, Босния және Герцеговина, Бол­гария, Кипр, Македония, Грекия, Молдова Респуб­ли­ка­сы, Черногория Республикасы, Румыния, Сербия секіл­ді 16 елден 100-ге жуық оқушы қатысты.

«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық ор­талығының директоры Тимур Нұркешев: «Жыл са­йын сайысқа 6 адамнан құралған Қазақстан құрамасы қатысады. Биыл ел намысын Алматы, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Атырау және Ақтау қалаларының оқушыла­ры қорғады. Сайыста балалар математикадан олим­пиада тапсырмаларын өте қысқа мерзімде шешуі керек болды. Бұған дейін Балалар жылы аясында дарынды оқушыларды қолдау мақсатында республика көлемінде түрлі деңгейдегі олимпиадаларды өткізген болатынбыз. Олимпиаданы өткізу процесі автоматтандырылды. Бұл олимпиадаларды аудандық деңгейден республикалық деңгейге дейін барынша ашық және транспарентті өткізуге мүмкіндік берді. Балқан олимпиадасы оқушыларымызға негізгі халықаралық математикалық олимпиадаға (IMO) дайындалуға көмектесетінін атап өткім келеді», деді.

Айта кетейік, былтыр қазақстандық оқушылар 1 күміс және 4 қола медаль жеңіп алған еді.