Референдум-2022 • 17 Мамыр, 2022

Референдумды халықтың 76 пайызы қолдайды

586 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Референдум: азаматтардың конституциялық құқықтары» тақырыбында сараптамалық дөңгелек үстел өтті. Жиынға Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты.

Референдумды халықтың 76 пайызы қолдайды

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Іс-шараның модераторы Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Еркін Тұқымов жалпыұлттық референдумның ма­ңызына тоқтала келе, институт жүр­гізген сауалдаманың нәтижесімен бө­ліс­ті. Оған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және 14 облыстан 1200 респондент қатысқан.

«Әлеуметтік сауалдаманың дерек­теріне сәйкес референдумға бүкіл халық­тың 66,4 пайызы қатысуға ниетті. Ес­тер­і­ң­ізге сала кетейік, заңнамаға сәй­кес сайлаушылардың 50 пайыздан аста­мы қатысқан кезде референдум өткізіл­ген болып есептеледі. Жалпы, қазақстан­дық­тардың 70 пайызы алдағы жалпыұлттық референдум туралы естіген.

ҚСЗИ зерттеулерінің нәтижелері көр­сет­кендей, Президенттің референдум өткізу туралы бастамасын қазақ­стан­дықтардың 76,4 пайызы қолдайды. Яғни қазақстандықтардың басым бөлігі болып жатқан өзгерістердің маңыздылығын түсінеді. Ал 15,4 пайызы референдум идеясын қолдамайды. Таңдау туралы шешім қабылдамағандар 8,2 пайызды құрайды.

Соңғы көрсеткіш нәтижеге әсер етпесе де, әрбір 10-шы қазақстандық әлі шешім қабылдамаған дегенді білдіреді. Сондықтан сарапшы ретіндегі міндетіміз – реформалардың мәні мен маңызын, Жаңа Қазақстанды, жаңа құқықтық мемлекетті құруда референдум өткізудің қажеттігін одан әрі нақты, айқын түсіндіру», деді Е.Тұқымов.

Бұдан кейін сөз алған Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова қоғамның пікірі ескерілуге тиіс екенін атап өтті. Осы орайда спикер бірлігімізді сақтап, ел үшін пікір білдірудің маңызын жеткізді.

«Жалпы, қоғамда қолдау бар. Оны іс жүзінде бекіту үшін референдумға қатысайық. Сайлау өткізіп, бір кандидатқа дауыс беру бөлек мәселе. Жалғыздың үні шықпас. Ал мүмкіндіктерімізді кеңейтетін өзгерістерге дауыс беру – бөлек нәрсе. Сондықтан бәріңізді респуб­ликалық референдумға қатысуға шақыра­мын. Конституциялық түзетулердің әсері орасан», деді Э.Әзімова.

Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобы­ның мүшесі, ҚазМЗУ профессоры Индира Әубәкірова Қазақстан саяси ландшафт өзгеретін тарихи кезеңде тұрғанын жеткізді. Оның айтуынша, жаңартылған Конституция үш нақты мақсатқа бағытталған. Олар: құқық үстемдігі, демократиялық процестерді және биліктің бөлінуін, тежемелік әрі тепе-теңдік тетігін күшейту.

Құқықтанушы Конституция қоғам­дық қатынастарға нақты әсер ететін құ­жат рөлін атқаруы керек екенін жет­кізді. Кез келген қоғамда әділет тапшы­лығы әр­дайым қиын қабылданады, эконо­мика­лық теңсіздіктен де артық. Сон­дық­тан екінші республикада қоғам өмірі мен мем­ле­кеттің функциялары әділет, тең мүм­кіндіктер негізінде айқын­далуы қажет.

«Егер адам құқықтарын қамтамасыз етуде кепілдіктер алғыңыз келсе, референдумға барыңыз, Конституцияға өзгерістер енгізу үшін дауыс беріңіз. Егер Қазақстанның барлығымыз үшін тең мүмкіндіктер еліне айналғанын қала­саңыз, референдумға барыңыз. Егер өзіңіздің және мемлекет өміріндегі, билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынаста оң өзгерістердің болғанын қаласаңыз, референдумға барып, Конституцияға түзетулер енгізу үшін дауыс беріңіз. Егер саяси бәсекелестіктің болғанын қаласаңыз, референдумға барыңыз. Егер Қазақстанның әділет аумағына айналғанын қаласаңыз, референдумға барып, жаңартылған Конституция үшін дауыс беріңіз», деді И.Әубәкірова.