Текелі тұрғындарымен кездесуге бірінші болып «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев келді. Қызықты кездесу шағын шаһардағы тау-кен байыту комбинатында өтті. Бұл кәсіпорын бұған дейін жабылып қалған қорғасын-мырыш зауытының мұрагері санатында. Қайтадан ашылған өндіріс қазір жеті жүзден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын ұжымы депутатпен болған кездесуде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Мықты президент – Ықпалды парламент – Есеп беретін үкімет» формуласындағы Парламент пен Үкімет арасындағы қарым-қатынасына қолдау білдіріп, жүктелген бағдарламаларды орындамағаны үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыруды көздейтін пәрмендеріне риза болды. Ал Конституцияға енгізілетін бірқатар өзгеріс, оның ішінде, «Жер мен жер қойнауы халықтікі» деп жазылатын жаңа нормаға сәйкес отандық өнім өңдеушілерді қолдау мәселелеріне ерекше қызығушылық танытты. Сондай-ақ Текелі тұрғындары кеншілер мен металлургтердің зейнет жасын қайтаруды талап еткен «Ақ жол» партиясының бастамасына ерекше алғысын білдірді.
Жиынға келген кәсіпкерлер тарапынан бірқатар мәселе де көтерілді. Әсіресе, темір жол тұйықтарын уысында ұстап келген монополистердің кесірінен туындаған дау-дамайдың зардабы әлі жойылмапты. Осы мәселенің оң шешілуіне ықпал еткен «Ақ жол» партиясының күшімен тасымал тарифтерінің құны 95 пайызға дейін төмендеген көрінеді. Бүгінде партия осы темір жол тұйықтарының мемлекетке ғана емес, жеке кәсіпорындар санатындағы заңды иелеріне де қайтарылуына қатысты Үкіметке сауал жолдап отыр. Бастаманы кеншілер де, шағын және орта бизнес өкілдері де қолдады. Сондай-ақ қаланы ауыз сумен қамтамасыз ету, партиядан тыс кандидаттарға мәслихаттардың кезекті сайлауына қатысу, жаңа қоғамдық бірлестіктер құру және әкімдерді сайлауға толығымен көшу мәселелері бойынша бірқатар өтініш айтылды.
«Мәслихат сайлауына қатысу мәселесіне қатысты Конституцияға енгізілген өзгерістерде облыстық мәслихаттарға сайлаудың аралас, ал қалалық және аудандық мәслихаттарға мажоритарлық сайлау жүйесі қарастырылғанын тұрғындарға айттым. Сондықтан мұндай сайлауға партия тізімінен бөлек, жеке кандидаттар да қатысуға мүмкіндік алады. Жаңа қоғамдық бірлестіктерді құру мәселесіне келетін болсақ, Әділет министрлігі оларды тіпті екі азаматтың да тіркеу мүмкіндігі туралы норма дайындап жатыр, сонымен қатар жаңа саяси партияларды тіркеуге қойылатын талаптар да айтарлықтай жеңілдетілді. Әкімдерді сайлауға қатысты реформа Президент Қ.Тоқаевтың алғашқы маңызды жаңашылдықтарының бірі болғанын, өткен жылдың шілде айынан бері жүздеген ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдері сайланғанын, оның ішінде «Ақ жолдан» да үміткерлер өткенін атап өттім», дейді «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.
Сонымен қатар Текелі қаласына Қазақстан халық партиясының мүшелері Ерлан Смайлов, Ғазиз Құлахметов және Айжан Сқақова келді. Тұрғындармен кездескен депутаттар алдағы күндері өтетін референдумның мазмұнын, оған енгізілетін өзгерістер туралы баяндады. Атап айтқанда, Текеліні жылумен қамтамасыз етіп отырған ЖЭО-1 серіктестігінің ұжымында 5 маусымда өтетін жалпыхалықтық референдумға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Референдум халыққа қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуға мүмкіндік беретінін және әр адамның осы науқанға қатысуы маңызды екенін айтты.
«Референдумның маңыздылығын еңбек адамы екі бастан ұғынады. Сапарымнан байқағаным, өз бетімен қоңыр тірлік кешіп, қаладан қашық орналасқан елді мекендердің халқы өзара тату, көпшіл. Басты талабы – бейбіт заман мен халықтың бірлігі», дейді, Мәжіліс депутаты, Қазақстан халық партиясының мүшесі Ғазиз Құлахметов.
Алматы облысы