Білім • 17 Мамыр, 2022

1,5 млн бала сауықтыру лагерьлерінде демалады

331 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жазғы сауықтыру науқанын қаржыландыруға жалпы көлемі 4,53 млрд теңге бөлінген. Осы қаражатқа алдағы жазда елімізде 1,5 млн-ға жуық бала сауықтыру лагерьлерінде демалады. Бірақ олардың барлығы бірдей сапалы демалыс орындарымен қамтамасыз етілген бе? Осы және өзге де өзекті мәселелер туралы Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында айтылды.

1,5 млн бала сауықтыру лагерьлерінде демалады

Екі өңірде қамту көрсеткіші төмен

Жергілікті атқару органдарының ақпаратына сүйенсек, 2022 жылы елі­мізде 236 қала сыртындағы, 11 мыңға жуық мектеп жанындағы, 930-дан аса шатырлы лагерьлерде бала­лардың 81,3%-ы демалады. 1,5 млн-ға (44,5%) жуық балаға 4 677 жазғы мектеп жанындағы лагерь та­мақ­тандыра отырып балаларға демалыс ұйым­дастырса, 256 169 балаға 930 па­лат­калы, киізүй түріндегі лагерьлер, 181 050 балаға 236 қала сыр­тын­да­ғы лагерьлер жұмыс істейді деп жос­­парланған.

Балалардың құқықтарын қор­ғау ко­митетінің басшысы Есенғазы Иман­­ғалиевтің айтуынша, бала­лар­дың сауықтыру демалысына ашылатын орындар саны былтырғымен салыстырғанда өскен.

«Жалпы республика бойынша 2021 жылмен салыстырғанда 800 мыңға ар­тық баланың демалысы жоспарланып отыр. 2 млн 564 (80,7%) мыңдай бала 86 966 құрылыс отрядына, орман және көгалдандыру жұмысына, аула клубына, дебаттық қосымша білім орта­лықтарына тартылады. Жазғы де­малысқа ұйымдастырылатын іс-ша­ра­ларымен әлеуметтік аз қам­тыл­ған отбасы балаларының 61%-ы, айрықша білім беруді қажет ететіндердің 64%-ы және түрлі салада жетістікке жеткен оқушылардың 78%-ы, девиантты (deviatio латын тілінен аударғанда ауытқу деген мағынаны береді, яғни ережеге сай келмейтін мінез-құлықты айтады – А.Ш.) тәрбиедегі балалардың 82%-ы қамтылмақ. Жазғы сауықтыру науқанын қаржыландырудың жалпы көлемі 4,53 млрд теңгені құрайды. Алайда жергілікті атқарушы орган­дар­дың мәліметіне сәйкес, былтырмен салыстырғанда биыл Маңғыстау, Атырау облыстарында оқушылардың демалыспен қамтылу жоспары бірша­ма төмен», дейді Е.Иманғалиев.

Университеттерде де ұйымдастырмақ

Шетелдік тәжірибеде жоғары оқу орындары жанынан да демалыс лагерьлері ашылады. Оның маңызы да жоғары, себебі онда танымдық демалыстар ұйымдастырылады. Айталық Джон Хопкинс университетінде жы­­лына 10 мыңнан аса жоғары сынып оқу­шы­лары жазғы демалысын өткі­­зеді. Олар демалыста жүзде­ген тақырыпты зерделеп, зерттеу жұ­мыс­­­та­рымен айналысады. Осындай лагерьлерден өткендердің ішінен 37 Нобель лауреаты шыққан. Ал бізде қалай?

Балалардың құқықтарын қорғау коми­тетінің төрағасы келтірген дерекке қарағанда, республика бо­йынша 18 өңірлік жоғары білім ұйым­да­ры 1 306 баланы қамти отырып түрлі бағытта лагерьлер ашуды жос­парлап отыр. 7 лагерь жоғарғы білім ұйымдары, 8 лагерь ата-аналар қара­жаты есебінен, 1 лагерь кәсіпо­дақ, ал тамақтану ата-ана есебінен ұйымдастырылмақ.

Бірақ осындай пайдалы демалыс­ты ұйымдастыру ісінен қалыс қалып отырған университеттер де бар. Бұлар – Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлт­тық университеті, А.Байтұр­сынов атындағы Қостанай өңір­лік уни­вер­си­те­ті, Тараз өңірлік универ­си­теті.

Балалар қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік

«Көрсетілген статистика бізде лагерьлер желісінің әлі де жетіспейтінін көрсетеді. Аталған мәселені 2020-2023 жыл­­дарға арналған қала сыртындағы лагер­ьлер желісін кеңейтудің 5 ба­ғыт, 54 тар­мақтан тұратын Жол кар­­­тасы өзгертеді. Соңғы 2 жылда эпи­­­­­­де­мия­лық жағдайға бай­­ла­ныс­ты құ­­­­­ры­лыс жұмыстары бір­ша­ма те­жел­­ді. Құрылысы мен ашыл­уы жос­­пар­ланған 5 лагерьдің бүгін­де екеуі­нің (Қызылорда облысы) құры­лысы аяқталып, жабдықтау жұ­мыс­­­­тары жүргізіліп жатыр, Атырау облы­сын­дағы үшеуі тоқтап тұр. Әрекетсіз қал­ғандарды қалпына кел­тіру бойынша 11 лагерьдің 6 лагерін­де (оның 2-і Ақмола облысында, 1-і Қызылорда облысында) мемлекет есебінен, ал үшеуінде (Солтүстік Қазақ­стан облысында) инвесторлар есебінен жөндеу жұмыстары аяқталды. Осыған қоса 8 лагерьдің жөндеу жұмыстары тоқтап тұр», деді комитет төрағасы.

Е.Иманғалиевтің айтуынша, елі­міздегі сауықтыру лагерьлерінің жағ­дайына сараптама жасалып, тізімі жа­ңартылған. Жоғарыда аталған Жол картасын іске асыру шеңберінде 2021 жылдың қазан-қараша айларында Қазтуризм ұлттық компания­сымен бірлесе отырып алғаш рет Қа­зақ­станның 17 өңірінде сауықтыру лагерьлері түгенделді. Далалық зерттеу нәтижелері бойынша 202 объектінің тізімі жаңартылды. Нәтижесінде, нысандар инфрақұрылымының ескіргені анықталды. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында 1937 жылы, Алматы облысында 1941 жылы, Ақмола облысында 1948 жылы іске қосылған нысан жұмыс істейді. 72 ғимарат (35,6%) 1952 жылдан 1990 жылға дейінгі кезеңде, 127 нысан (62,8%) 2000 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңдерде іске қосылған. Түгендеу қорытындысына үңілсек, 75 лагерьде (37,6%) дала әжетханалары, 87 лагерьде (43,1%) санитарлық тораптар қанағаттанарлықсыз, 68 лагерьде (33,7%) жақсы және 47 лагерьде (23,3%) өте жақсы жағдайда. 61 лагерьде (30,1%) бассейн орнатылмаған, 15 ғимараттың материалдық-техникалық жағдайы сын көтермейді.

«Әрине, жазғы демалыста қауіп­сіз­дік мәселесі басты назарда болады. Оқыс жағдайлардың алдын алу мақ­сатында жазғы лагерьлерге қо­ғам­дық мониторинг жасалып отыр. Бала қауіпсіздігін басты қаперде ұстау үшін тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны мен арнайы чаттар құрылған. Сондай-ақ жазғы лагерьлерде және балаларды сауықтыру орталықтарында тамақтану мәселесіне санитарлық-эпидемиялық бақылауды қамта­ма­сыз ету де маңызды. Оған қоса бала­лардың өмірі мен денсаулық қауіп­сіздігін ата-аналар басты назар­да ұстау керек екенін де айта кет­кен жөн. 2022 жылдан бас­тап са­уық­­тыру орталықтарының қол­же­­тім­­ділігі туралы барынша ақ­па­рат­тан­дыру мақ­сатында және түген­деу нәти­же­сін­де bala-demalys.kz «Бала­ларды сауықтыру лагерьлерінің ин­терак­тивті картасы» электронды жүйесі сайты мен мобильдік қосым­ша­сы Android және IOS платформа­ла­рында іске қосылды. Аталған карта арқылы кез келген республика азаматы қандай да бір лагерьдің қолже­тім­ділігін (бағ­дар­ламасын, бағасын, ор­на­ласуын) қарай алады», деді Е.Иманғалиев.