Елорда • 18 Мамыр, 2022

Қазақстандық кикбоксерлер әлем кубогында топ жарды

389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркияның Ыстанбұл қаласында кикбоксингтен өткен әлем кубогында қазақстандық спортшылар жарыстың алғашқы күнінде тұғырдың ең биік сатысынан көрінді, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстандық кикбоксерлер әлем кубогында топ жарды

Еліміздің құрама командасы ересектер мен жасөспірімдер арасында топ жарып, 34 алтын, 22 күміс және 46 қола жүлдеге ие болды. Әлем кубогының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайында жақындары мен жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алды.

Әлемдік доданың бірінші жарыс күнінде өнер көрсеткен жерлестеріміз Нұрдәулет Қалшора, Шыңғысхан Тілемісов және 91 келіде сынға түскен Салават Рахимзанов қарсыластарынан қара үзіп, әлем кубо­гының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ елордалық кикбоксерлер Жәнібек Бұршақбаев, Әлихан Оздоев және Әділ Мырзағалиев күміс жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп, жарысты үшінші орынмен аяқтады.

«Бұл жеңіс бізге әрине оңай келген жоқ. Осындай жоғары нәтижелерге жету мақсатында көп еңбектендік, оқу-жаттығу жиындарына қатысып, өзара тәжірибе алмастық. Жаттықтырушымыз бен ата-анамыздың, туған-туыстарымыздың, жанкүйерлеріміздің сенімінің арқасында бүгінгі жарыста жеңіс тұғырына шықтық. Бұл біз үшін үлкен құрмет», деді әлем кубогының жеңімпазы Нұрдәулет Қалшора.

Сонымен қатар елордалық спортшылар әр түрлі жас ерекшеліктері мен спорт түрлері бойынша да сынға түсіп, өзара мықтыларды анықтады. Фулл-контакт бойынша сайысқа түскен Айымбек Балқыбек пен Батырхан Қуандыков үшінші орынды қанжығалады.

Естеріңізге салсақ, 12-15 мамыр күндері Түркияның Ыстанбұл қаласында ерлер мен жастар арасында кикбоксингтен әлем кубогы өтті. VII рет өткізілген әлемдік додаға 45 елден 1000-ға тарта спортшы қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылардың нәтижесі:

1-орын – Қалшора Нұрдаулет (57кг);
1-орын – Шыңғысхан (63.5кг);
1-орын – Салават Рахимзанов (91кг);
3-орын – Жәнібек Бұршақбаев (51кг);
3-орын – Әлихан Оздоев (67кг);
3-орын – Әділ Мырзағали (71кг).

Фулл-контакт:

3-орын – Айымбек Балқыбек (51кг);
3-орын – Батырхан Қуандыков (63,5кг).

Аяна Тоғанбек