Өткен сенбіде Абай ауданына жолымыз түсті. Аудан орталығы Қарауылда көкпеңбек шынылары жалтыраған әдемі ғимарат бой көтеріпті. Шекесінде «Шыңғыстау спорт кешені» деп әдіптеліп жазылған. Алды қарақұрым халық. Кешеннің салтанатты ашылуына келген меймандарды кеңпейіл көңілмен қарсы алып жатыр. Ауылдың ақ кимешекті әжелері, асатаяқ ұстаған ақсақалдары, сайдауыт жігіттер мен көркем қарындастар мерекеге мереке қосқандай, айналаны көріктендіріп жіберген. Көктемнің соңғы жауған қарын да елең қылар емес.
«Туған жерге – тағзым» акциясы аясында салынып, аудан жастарының игілігіне берілген «Шыңғыстау» спорт кешенінің ашылуына өңір басшысы Бердібек Сапарбаевпен бірге абайлық ағайындарға айрықша тарту жасаған атымтай азамат Шыңғыс Құлжанов өзінің отбасымен қатысып, салтанатты сәттің куәсі болды.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық спортты, ұлт денсаулығын көтеруге ерекше ден қойып отырғанын білесіздер. Осыған орай қабылданған мемлекеттік бағдарламалар халықтың спортпен айналысуына жол ашып отыр. «Шыңғыстау» кешені де жастарымыздың спортқа жаппай бет бұруына, денсаулықтарын нығайтуына үлкен мүмкіндік береді. Осы кешенде гір көтеріп, тер төккен, спорт үйірмелеріне қатысқан балаларымыз ертең еліміздің намысын қорғайтын чемпиондар болсын! – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Өңір басшысы өз сөзінде «Туған жерге – тағзым» акциясына белсенді атсалысқаны үшін Құлжановтар әулетіне алғыс айтты.
Жобаның құны – 120 миллион теңге. Аталған қаражатты тауып беріп, атамекенінен алыста жүрсе де кіндік кескен алтын бесік ауылын ұмытпаған Шыңғыс Құлжанов сауапты іске айналған идеяның 2012 жылы Лондон Олимпиадасы өтіп жатқан кезде туғанын жеткізді.
– 2012 жылы отбасыммен Жидебайға демалысқа келдім. Сол уақытта Лондонда жазғы Олимпия ойындары өтіп жатты. Ауыл азаматтары маған Қарауылдағы өткен ғасырдың отызыншы жылдары салынған ескі спорт залын көрсетті. Тозығы жеткен ескі ғимаратты көргенде Абай ауданына жаңадан спорт кешенін салып беру туралы ой келді. Құрылыс жобалаушы мамандарға ойымдағы кешеннің жобасын жасатып алған соң, облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлына көрсеттім. Ол менің ұсынысымды қуаттап, үлкен қолдау көрсетті. Мына заманауи ғимарат – сол ойымыздың жемісі. Ендігі уақытта ауданның жастары бос уақытын ысырап қылмай, спортпен шұғылданып, болашақта биік тұғырларды бағындырады деп ойлаймын, – деді меценат Шыңғыс Құлжанов.
Жарты жылдан астам уақытта салынған «Шыңғыстау» кешенінде бокс және күрес залдары, тоғызқұмалақ сыныбы, дене тәрбиесімен шұғылданатын жаттығу залы, сондай-ақ спортшылардың жуыну-шайынуына арналған монша, киім ауыстыру бөлмелері бар. Кешен соңғы үлгідегі спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
«Шыңғыстау» спорт нысанының ашылу салтанатына орай, сыңғырлаған ғимаратта екі жарыс қатар өтті. Атап айтқанда, облыс құрамасы мен аудан командасының былғары қолғап шеберлері арасында жолдастық кездесу, ерлер мен әйелдер күресінен облыс біріншілігі ұйымдастырылды. Бұл да заманауи ғимараттың ауқымды жарыс өткізу мүмкіндігін көрсетеді. Келешекте аудан орталығының өзінде ірі республикалық, халықаралық жарыстарды өткізудің орайы туды деуге болады. Ғимараттың ішкі қабырғалары Қазақстанның атын әлемге танытқан Олимпиада, Еуропа және Азия чемпиондарының суреттерімен әсемделіпті. Олардың сапында Ж.Үшкемпіров, Д.Тұрлыханов, Е.Ыбырайымов және тағы басқа спорт саңлақтары бар. М.Таутанов сынды Абай ауданының атақты тумалары да бір бөлек сап түзеген. Мұның бәрі жас жеткіншектерді талаптандыратыны сөзсіз.
«Қазақстан барысында» Шығыс өңірінің намысын жыртқан белгілі балуандар, Абай ауданының тумалары Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсыновтың жаттықтырушысы Шыңғыс Тұрсынов мұндай спорт кешенінің нәтижесі ертең осы елден шығатын спортшылардың бағындырған биіктіктерінен көрінетінін жеткізді. Ал ауданның бұрынғы ескі бокс және күрес залы аудан әкімшілігі тарапынан қайта жөндеуден өткізіліп, аудан орталығынан шалғайда орналасқан ауыл балаларына арналған шағын интернатқа айналмақ.
Спорт кешенінің ашылу салтанаты мәдениет үйінде «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблінің концертімен жалғасты. Жергілікті зиялы азаматтардың, халықтың тамашалауымен өткен кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен жан жадыратты. Абай ауданының ардагерлері Хафиз Матаев пен Нәсен Сембаев осы игілікті істі ұйымдастырған облыс және аудан басшыларына, кәсіпкерге рақмет айтып, батасын берді.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы.
___________________
Суретті түсірген Есімхан Орынбаев.