Бүкіл адам баласының іс-әрекеті, мінез-құлқы бір-біріне ұқсас десек те, әр адам – өзінше бір әлем. Шамасы, миллиондарға ортақ саналатын өмірдің ғажабы мен ұлылығының өзі әр адамның бұл дүниеге екі келмейтін, сол қалпында қайта қайталанбайтын жеке тұлға ретіндегі ерекшеліктерінде жатса керек. «Мен үшін жеке адам дегеніміз – бүкіл халық», дейді Демокрит. Демек әрбір адам – өзінше құбылыс. Еш уақытта толық зерттеліп бітпейтін тақырып.
Дегенмен, өз өмір өткелдері арқылы елдік тарихты немесе белгілі бір кезең шындығын бойға жинақтайтын, көптеген тарихи оқиғалар сырын ашып бере алатын жеке тұлғалар да болады. Әдетте, мұндай тұлғалар уақыт өте келе жазушылар қаламына ілігіп, әдеби кейіпкерге немесе кезең көріністерін бейнелейтін тарихи тақырыптардың бір нысанына айналып жатады. Моңғолияда туып-өсіп, сол өлкеде үлкен қызметтер атқарған, елдің таңдаулы менеджері деген атақ алған, Моңғолия, соның ішінде Баян-Өлгий аймағын Қазақстанға жақындатуға өз мүмкіндігінше еңбек сіңірген (өз бастамасымен 1990 жылдың шілде айында аймағына Қазақстанның радио, теледидар хабарын таратып, телефон, телеграф байланысын орнаттырып, қазақ баспасөзінің таралуына мүмкіндік жасаған) ондағы қандастарымызбен рухани жақындасуымызға, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастың дамуына өз әлінше үлес қосқан, Баян-Өлгий аймағының ардақты азаматы Үзбен Құрманбайұлын біз осындай адамдар қатарына жатқыздық.
Баян-Өлгий аймағының Алтай сұмында 1947 жылы дүниеге келген Үзбен 1965 жылы Ұланбатырдағы құрылыс техникумына түсіп, 4 жыл оқып бітірген соң, оны талапты шәкірт ретінде таныған құрылыс министрлігі кадр бөлімінің бастығының ұсынысымен осы қаладағы шетел мамандарына қызмет көрсету кәсіпорнына слесарь ретінде қызметке жібереді. Бұл қызметінде жедел көзге түсіп, біржарым айда механик болып, екі ай өткеннен кейін кәсіпорынның жастар комитетінің хатшысы болып жұмыс істейді. Мұнан кейін көп өтпей кәсіпорынның бас механигі, ақырында сол мекеменің басшы қызметкері ретінде министрлік құрамындағы кадр қатарына өтеді. Жедел өсіп келе жатқан талапты жасқа елдің астанасынан 3 бөлмелі пәтер беріледі. Өзінің қызметте жинақтаған білімі мен тәжірибесін бөлісу мақсатында жастар алдында моңғол тілінде лекциялар оқып жүреді.
Сөйтіп, үлкен бір кәсіпорында қарапайым жұмысшыдан бастаған жас жігіт үш жылдың ішінде бүкіл елдің деңгейінде ысылған кадр ретінде танылып үлгереді. Осы тұста Моңғолияда, аймақтар бойынша коммуналдық шаруашылық, тұрмыс қажетін өтеу басқармасы құрылады. Сондай кәсіпорынның бірі Баян-Өлгий аймағында да құрылады. Әрине, жаңа кәсіпорынды аяғынан тік тұрғызып, жұмысын жолға қою оңай емес. Сондықтан Үзбен осы жаңа кәсіпорынға бас инженер – бірінші орынбасар қызметіне жіберіледі. Көп өтпей 800 жұмысшысы бар осы кәсіпорынды басқарады. Кәсіпорынды дамытып, ондағы жұмысшылардың санын 1600 адамға дейін жеткізеді. Моңғолия Орталық партия комитетінің 615-ші қаулысы шығып, соның негізінде Үзбен Құрманбайұлының коммуналдық шаруашылық, тұрмыс қажетін өтеу саласының жұмысын басқарудағы озық тәжірибесі бүкіл елге таратылады. Жемісті жұмысының нәтижесінде 1973 жылы Өлгий қалалық парткомының бюро мүшесі, қала әкімшілігінің басқарма мүшесі болып сайланады. Ұланбатырдағы партия мектебінде оқып, оны бітіріп келгеннен кейін Өлгий қалалық партия комитетінің хатшысы болып тағайындалады. Соңында, жұмысы қарқынды дамымаған аймақтағы байланыс кәсіпорнын басқарады. Бұл қызмет саласында да жемісті жұмысымен көзге түсіп, соның нәтижесінде оған «Моңғолия үкіметіне еңбек сіңірген байланыс қызметкері» деген атақ беріледі. Әзірге мұндай атаққа ие болған жалғыз қазақ Үзбен Құрманбайұлы екен.
Сонымен қоса ол Моңғолияның Еңбек Қызыл Ту, Алтын Жұлдыз, Даңқ ордендерімен, көптеген медальдарымен марапатталған. Осындай еңбектерінің нәтижесінде жасы келіп, қызмет ету мерзімі аяқталған кезде оған Моңғолияның жоғары дәрежедегі зейнетақысы тағайындалған.
Өз қызметінде алдына қойылған міндеттерді жүзеге асыру ісімен ғана шектеліп қалмай қолына қалам алып, мақалалар мен өлеңдер жазып тұрады. Жазушылық қызметке қарай бет бұрады. Қазір бес кітаптың авторы. Сөйтіп, Моңғолия Жазушылар одағының мүшелігіне өтеді.
Қазақстан өз тәуелсіздігіне ие болған кезде шетелдерде өмір сүріп жатқан барша қандастарымыздың бұл қуанышты алақайлай атап өткені белгілі. Солардың қатарындағы Үзбен Құрманбайұлы тек өз қуанышын жариялаумен ғана шектеліп қалмай, тәуелсіз Қазақстан мен Моңғолия қазақтарының арасында байланыс орнатудың жолдарын қарастыра бастайды. Бұл кезде аймақтағы байланыс қызметінің басшысы болып жүрген ол енді Қазақстан телеарналары бағдарламаларының Баян-Өлгий өңірінде көрсетілуіне жол ашу мақсатында шетелдік қандастарымыздың арасында алғашқылардың бірі болып Қазақстанға, оның астанасы Алматы қаласына арнайы іссапармен келеді. Қазақстан жағы да Баян-Өлгий қазақтарының бұл тілегін жылы қабылдап, мәселе екі жақтан да көп кедергісіз шешіледі. Сөйтіп, 1990 жылдың 23 сәуірінде Баян-Өлгийде алғаш рет Қазақстан теледидарының бағдарламалары көрсетіліп, телефон, телеграф каналдары ашылып, ұзақ уақытқа үзіліп қалған қазақ баспаларының өнімдері таратыла бастайды. Осы қуанышқа ортақтасу мақсатында Баян-Өлгийге Қазақстан Байланыс министрінің орынбасары Қазкен Базылов, Қанай Ахметжанұлы, Айдархан Қасымбекұлы, Әдебиет Түгелбайұлы секілді азаматтар барады. «Атадан көрмегенді ботадан көріп» Моңғолия байланыс саласының мамандары Қазақстанға келіп, мамандығын жетілдіреді. Мұның ақыры ұлы көшке айналады.
– Сол сапарда Алматыны аралап келе жатқан сәтімде сол кездегі Қазақстанның Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметовпен кездейсоқ ұшырасып қалдым. Ол кісі менімен тілдесе келе сөз саптауыма қарап, бөтен елдің азаматы екенімді байқап қалды да жөн сұраса бастады. Мен өзімнің сапарымның сырын айтып бердім. Шайсұлтан аға менің ниетіме риза болып, екі ел арасындағы қарым-қатынасты жолға қоюдың басқа да мүмкіндіктері туралы әңгімеледі. Соның қорытындысында Моңғолиядағы 100 қазақты Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқыту мүмкіндігі бар екендігі анықталып, осы мүмкіндікке қол жеткізу үшін Шайсұлтан ағамен тағы да кездесу жөнінде уағда байластық. Әрине, бұл үшін Қазақстан мен Моңғолия басшылығының рұқсаты керек. Ондай рұқсатқа да көп өтпей ие болып, мен өз еліме қайтқанда осы шаруаны қоса шешіп бардым. Сондай-ақ, Қазақстанның «Достық» қоғамының сол кездегі төрайымы Жібек Әмірхановамен де кездесіп, екі елдің арасына ұшақ ұшыру жөнінде әңгіме қозғап көрдік. Ізі қаланған осындай істерді одан әрі бекіту үшін менің сапарымнан кейін іле-шала Қазақстанға Баян-Өлгий аймағының басшысы Мизамхан Күнтуғанұлы бастаған делегация келіп қайтты, – деп еске алады сол кездегі жағдайды Үзбен аға.
«Ақылды көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген халқымыздың даналық сөзі бар ғой. Үзбен Құрманбайұлы да өз өмірінде көпті көріп, көп істер тындырып, көкірегіне үлкен ой түйген азаматтардың бірі. Өмірінің кейінгі 20 жылдық кезеңін Қазақстан тәуелсіздігінің баянды болуына арнап, Моңғолия қазақтарын ата-жұртпен жақындастыру ісіне рухани тұрғыдан үлес қосып келе жатқан ағамыз осы тақырыпқа арнап «Оралған бақыт, орындалған арман», «Мәңгілік Ел» кітаптарын, «Астана», «Мәңгілік Ел» әндеріне сөздер жазды. Сондай-ақ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына арнап, «Қауымдастық жыры» әнінің сөзін жазып, жарыққа шығарды. Қазақ елінің көк туы желбіреген Ақорда, елдігіміздің символы Бәйтерек бейнесін кілемдерге түсіріп, әрқайсысынан 50 дана етіп шығарып, қонақтарға сыйға тартқан.
«Таулардың сырын мен жақсы білемін. Өйткені, жазиралы жазық даласынан, жасыл шалғын майсасы мен мәуелеп өскен орманынан, өзен-көлдерінен тауы көп елде, жан-жағын көгілдір, күрең ала таулар қоршаған жерде туып-өстім. Сол тауларға жарты ғасыр уақыт бойы қарай-қарай, кейде олармен сырласа жүріп, терең ойлап, бекем түйгенім таулардың ең асқар биігін адам алыстан қарағанда ғана анықтап, айыра тани алады екен. Қарап тұрсақ ұлы адамдардың тұлғасы мен жасаған іс-әрекеттері де осы тауларға ұқсас. Олардың тұлғасын тану үшін де кей кезде тым алыстан қараған орынды ма деп есептеймін. «...Мәселен, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты алсақ, атқарған істері мен тарихи миссиясы тұрғысынан алғанда ол кісі қазақ тарихының теңдессіз тұлғасы. Мұны көре білу үшін де көз керек. Менің ойымша, Қазақстанның өзі ішінде жүрген соң мұны көптеген қазақстандықтар әлі күнге дейін толық түсініп, дұрыс ұғынып үлгермеген секілді», дейді Үзбен Құрманбайұлы.
Үзбен Құрманбайұлының кітабында Елбасының Моңғолия жеріне жасаған алғашқы сапары туралы баяндалған. Сонымен қатар, бұл сапар жайында біз оның өз аузынан да естідік.
Тәуелсіз Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Моңғолияға сапармен келетінін естіген Баян-Өлгий аймағының басшылары да бұл іске ерекше мән беріп, өз беттерінше дайындық жасай бастайды. Бұған Моңғолия мемлекеті басшылығының рұқсатын алады. Нұрсұлтан Әбішұлын қалай қарсы алу қажет? Қандай кәде жасаған орынды болады? Осы мәселе жөнінде аймақ басшысы бірқатар азаматтарды жинап ақылдасады. Әрине, ата дәстүр-салтымыз бойынша ақшаңқан киіз үй тігіліп, дастарқан жайылатындығы түсінікті. Басқа да қандай шаралардың болғаны жөн? «Үзбен, сенің де бір білерің болушы еді ғой, қандай кеңес бере аласың?», деп сұрайды аймақ басшысы Мизамхан Үзбен Құрманбайұлынан.
«Бәлкім, Елбасын қабылдар кезде бір толғау жырын арнағанымыз жөн болар, ол жырда Моңғолия қазақтарының бастан өткеріп келе жатқан өмірі түйіндеп айтылса, Қазақстанның тәуелсіздік алуына мұндағы қандастардың ерекше мән бергендігі, осы істен үлкен үміт күтілетіндігі жеткізілсе, жарасып кетпей ме. Өйткені, біздің ортамызға Қазақстан атты үлкен еліміздің басшысы келе жатыр, мұндай толғауды осындайда айтпағанда қашан айтамыз. Басқа кімге мұңымызды шағамыз», дейді Үзбен. «Менің де ойым сол еді», деп аймақ әкімі қуана құптайды.
Бұл ұсыныс қабылданады. Ал енді ол жырды кім шығарады, кім айтады? Арнау өлеңді Шынай Рахметұлы жазса, деген ұсыныс түседі. Мизамхан Күнтуғанұлы Шынайды шақырып сөйлескен екен «Бұл не мазақтарың, ондай тарихи толғау екі-үш күннің ішінде жазылушы ма еді», деп ол шалқасынан түсіпті. Дегенмен, азамат екен, «шын жыласа соқыр көзден жас шығады» деген емес пе. Түнімен толғанып, тамаша туындыны дүниеге келтірген. Енді мұны Бодаухан Тоқанұлына бір көрсетіп алайық деп кәнігі ақын әрі журналистің сынынан тағы бір өткізеді. «Бұл толғауда мұң да бар, наз да бар, аманат та бар екен, жақсы шығыпты», дейді Бодаухан. Ал толғауды сол кезде ел көзіне енді түсе бастаған жас әнші Меруешке айтқызу жөнінде шешім қабылданады. Сонымен, бұл әңгімені доғара тұрайық та, ендігі сөз кезегін Елбасының 1993 жылдың күзінде Моңғолияға жасаған сапарының барысын «Егемен Қазақстанда» жариялаған Қайнар Олжайдың сапарнамалық очеркіне кезек берейік.
«Баян-Өлгий аймағының Мизамхан бастаған азаматтары Қазақстан делегациясына қонақасы беруді парыз санапты. Көк тәңірі резиденциясының ішінен олар да 12 қанат қазақы киіз үй тігіпті. Үйдің ою-өрнегі айтып жеткізгісіз. Сол жерде үкілі домбыра алып, өзі де үлбіреп тұрған Меруеш Башайқызы деген қарындасымыз Қазақстан Президентіне арнау айтты. Президент талай арнауды естіп жүргені белгілі. Бірақ атажұрттан алыстағы жұрттың сағынышы, аңсауы, өксігі, өкініші, үміті, болашағы жатқан бұл арнаудың жөні бөлек болды. Наз да бар, базына да бар, тілек те бар, қайсарлық та бар. Бәрі-бәрі даусы ерен, әні ерен, сөзі ғаламат осы арнаудан табылар еді.
Сонау Шыңғыс хан заманынан бері осы тауларды мекендеп, әлі де әне жайылып жүрген бұғылардың өзі бұл дауыстан елең етісті. Туу төмендегі Тоолы өзені бұл әнді іліп алып, еркін далаға қарай алып қашты. Ал, айнала қалың жұрт шер тарқатып жатқан қарындасқа ет жүрегі елжіреп, жанарларға жас алды. Біз Меруеш толғауын сол жерде үнтаспаға жазып алдық:
Қош келдіңіз, Нұр-аға!
Елімізге нұр ала
Өзіңізді көргенде
Толқымай көңіл тұра ма?
Халқымның сөзін сөйлейін
Болмасам да ғұлама
Уа, дариға-ай-дариға-ай,
Жүректі шоқ қариды-ай!
Алты алашта қол бастар,
Абылайдай аға жоқ,
Жауды жасқап, жол бастар
Жәнібектей дара жоқ.
Азған елге Абайдай
Ақыл айтар дана жоқ.
Өтеміз-ау өксумен,
Басқаларға таба боп.
Деп аһ ұрып жүруші ек,
Денеде дерт, санада өрт.
Келдіңіз бе өмірге,
Еліңізге пана боп.
Сол жоғым шын табылса,
Бізде арман, нала жоқ.
Уа, дариға-а-а-а-а-ай, дариға-ай,
Жүректі шоқ қариды-ай!
Сұлтанбысыз, нұрмысыз,
Аман-есен жүрмісіз.
Дұғай сәлем жеткізе,
Сұрай елдің тұрмысын.
Қаңқылдайды алдыңда,
Сыңар қанат бір құсың.
Құқай ойнап төбемде,
Құдай болып құр мүсін.
Боданы болып бөтеннің,
Жырта-жырта жыртысын,
Күйзелумен үш ғасыр
Күн өткізіп, күйді ішім.
Тек, желтоқса-а-а-а-ан желінде
Сізді көрдім тұңғышым!
Уа, дариға-а-а-а-а-ай, дариға-ай,
Жүректі шоқ қариды-ай!
Жан толғанысынан шыққан жақсы жыр міне, осылайша жалғасын тауып, жүректерді тулатты. Ақ боз үйдің алдында арнауды тыңдап тұрып, Президент Нұрсұлтан Назарбаев толқыды. Бұған дейінгі талай сапарларда бұл кісі таңданысын да, толқынысын да байқатпайтын. Әлде, табиғатынан, әлде президенттік қызметінен болар, өзін сезім жетегінде жібермейтін. Тұңғиығын тербей білсе, терең де толқиды екен» деп жазыпты Қайнар Олжай.
Үзбен Құрманбайұлының жазған кітаптарына, көптеген мақалаларына шолу жасай, өзіне тағы бір кезігуді жөн көрдік.
– Осыдан 24 жыл бұрын Моңғолиядан Алматыға іссапармен келіп, мұндағы қандастарға «Қазақстан еліме, замана зобалаңында көз жазып қалған атажұрт, қасиетті қарашаңырағыма келдім, «еншімді» алуға келдім» деп еркелеп бір кеткен кезімде, кездескен ағаларымның бәрі ағынан жарылып, бірауыздан «Ал, ел мен елді жақындастырмақ ниетің қабыл болсын» деген жылы сөздерін айтқанда «Қазағым-ай, бар екенсің ғой, баяғыдай нар екенсің ғой» деп жүрегім жарыла қуанып едім. Сол қуаныш әлі күнге дейін жаныма азық болып келеді. Менің жазған кітаптарымды, азды-көпті мақалаларымды оқығандар: «Сіз қазақ елін, Елбасын ерекше жоғары бағалайсыз, сонда ел болған соң, адам болған соң кемістігіміз болмағаны ма?» дейді. Мен оларға: «Көш жүре түзеледі» деген бар. Заман түзелді ғой. Заман түзелсе заң да түзеледі, бәрі де түзеледі. Елбасымыз айтқандай «асықсақ та аптықпайық» ағайын! Ал «жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасыту» маған парыз. Тек, мен емес, Қазақстанның саналы азаматының бәрі солай ойлайды» деймін. Қазақ елін, Елбасын ерекше құрметтеп, жан жүрегімен нақты сүйген Баян-Өлгий аймағының кешегі әкімі Мизамхан Күнтуғанұлы еді ғой. Қазақтың бәрі сол Мизамхандай болса, бірлігіміз тіпті бекем болар еді, – дейді Үзбен аға өз сөзінде.
Иә, кеңістік пен уақыт аясында өмір сүріп келе жатқан адамзат қауымы олардың сырларын әлі ашып болған жоқ. Аша ала ма, табиғат, қоғам мен заман сырларын толық танып үлгере ме, бұл да жұмбақ мәселе. Бірақ бір ақиқат жайт, адам баласы, өзі қозғалған нүктеден алыстаған сайын, оның көз алдында тұрған ұсақ көріністердің; өсіп тұрған ағаштардың, жерде жатқан тастардың, тіпті, бел-белестердің кеңістік қойнауына сіңіп кетіп, ең ақырында алып таулардың ғана өзінің бар тұлғасымен ашыла көрінетіндігі. Қоғамның диалектикалық даму сырлары да осыған ұқсас. Адамзат қауымының немесе жеке халықтардың дамуында өшпестей із қалдырған тарихи тұлғалар бейнесі де уақыт өткен сайын өзінің бар болмысымен ашыла көрініп, тарих атты кеңістіктің бір кезеңінде оның ең бір биік шыңы секілді болып халық жадында сақталып қала бермек.
Сондықтан Үзбен Құрманбайұлының «Алып таудың тұлғасын оның бауырындағыларға қарағанда, алыстан көз салғандар анығырақ таниды» деген сөзіне айтар ешбір уәжіміз жоқ.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Р.S. Осыдан 21 жыл бұрын Елбасының Моңғолияға жасаған алғашқы сапарында толғау жырын шырқаған 17 жасар Меруеш қыз қазір Қарағандыда тұрады екен. Меруешті редакцияға шақырып, толғауды тағы бір тыңдадық.