Аймақтар • 18 Мамыр, 2022

Ырыздық жорығының жампоздары

332 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астықты өңірде көктемгі егіс науқаны басталып кетті. Ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша қолайлы сәтті қалт жібермеуге тырысқан ырыздық жорығының жампоздары қауырт қимыл үстінде.

Ырыздық жорығының жампоздары

Қара барқыт егістік алқаптың беті сәл-пәл кебіңкіреп, тобар­сып тұрған тәрізді болып көрін­генімен, тұқым түсер терең­дікте ылғал бар. Көктем бойы көк­тен иімей тұрған кезде со­ның өзі диқандар үшін дәт­ке қуат. «Сандықтау агро» се­рік­тестігінің агрономы Алек­сей Суменконың айтуына қа­ра­ғанда, қыстыгүні қар тоқтату тыңғылықты жүргізілген, содан соң ылғал жабу да ыждаһатты атқарылыпты. Диқандар әзірге 3 мың гектарға жуық алқапқа дән сіңіріп үлгерген. Оның 1 мың гектары жұмсақ бидай тұқымы болса, қалғаны – майлы дақылдар.

Көктемгі егісті уақтылы ат­­қа­рып шығу үшін дала жұ­мыс­тары екі ауысыммен ұйым­дастырылған. Қазір алқап үстінде өнімділігі жоғары үш кешен ты­нымсыз жұмыс істеуде. Түн қатып, түс қашып жүрсе де, ди­қандардың қабағы жадыраңқы. Бір жақсысы, серіктестік машина-трактор паркін жаңалауға мұқият мән беріп отыр. Былтыр ғана канадалық «Бугро» кешені алыныпты. Агрономның айтуына қарағанда, өнімділігі өзге тех­никаға қарағанда оқ бойы озық.

А.Суменко екеуіміз алқап үс­тін­де ылғал өлшеп көрдік. Агро­ном­­ның қолындағы құрал бір метрге дейінгі тереңдікте ылғал­дың бар екен­дігін айғақтайды. Құнарлы то­пырақтың тұқым себілер терең­дігі та­лапқа сай жылыныпты.

– Өткен жылы егін шаруа­шылығымен айналысатын қауым үшін өте ауыр жыл болды, – дейді агроном, – жаз бойы жауын жаумады. Бес милиметрге дейін ғана ылғал түсті. Қайта қыс бойы тыным алмай қар тоқтатып, көктемде мұқият ылғал жабуымыздың нәтижесінде қырманды қызылға толтырдық. Алдағы уақытта суар­малы алқаптарға иек артамыз ба деген жоспарымыз бар. Қазір табиғаттың өзгеруі осындай қадамды талап етіп отыр.

Агрономның пайымда­уын­ша, ғалымдардың ұсыны­сын басшылыққа алған жөн. Бірақ өкінішке қарай жаз­дың қаншалықты жайлы болатын­дығын ешкім тап басып, болжап айта алмайды. Сол себепті кешегі кеңес заманындағы жинақталған тәжірибе де айтарықтай нәтиже бере қоймауы әбден мүмкін. Рас, кей жылдары ерте еккендер ұта­ды, ал кейбір жылдары кеш еккендердің ырысы молай­мақ. Оның үстіне алқаптың өн­гіштік қасиетін сақтау да ма­ңызды мәселеге айналған. Ай­талық, облыстың көптеген егіс­тік алқаптарында қара шірін­дінің мөлшері тым азайып кет­­кен. Ғалымдардың айтуына қарағанда, қоректік заттар құра­мының мөлшерін азотты тыңайтқыштарды енгізбей-ақ молықтыруға болады екен. Ол үшін ауыспалы егіс жүйесін тәртіпке келтіру керек. Қара ші­ріндісі өте аз алқап үшін сидералды дақылдарды өсіріп, пай­далануға әбден болады. Тү­сінікті болу үшін сәл таратып айтатын болсақ, біз сөз етіп отырған жасыл тыңайтқыш ретінде кө­бінесе біржылдық, әйтпесе көпжыл­дық бұршақ тұқымдастар арасынан асбұршақ, түйежоңышқа, жоңышқа тәрізді өсімдіктер еккен жөн. Тіпті, жаздық рапс, қыша өсімдіктерін де пайдалануға болады. Ендігі бір мәселе, топырақ эрозиясы. Серіктестік агрономының айтуына қарағанда, Сандықтау өлкесі нулы жер болғанымен, бұл ауданның егістік алқаптарында да аталған мәселе өткір күйінде.

– Соңғы екі күн бойы қатты жел тұрып, топырақтың бетіндегі құнарлы қабатты ұшырып әкетті, – дейді Алексей Суменко, – әдетте топырақ эрозиясы жазық жерлерге ғана қауіп төндіргенімен, қазір орманды алқаптардың өзі осы кеселдің қиындығын көріп отыр. Сондықтан алдағы уақытта егіншілік мәдениетін жетілдіріп, құнарлы топырақты сақтап қалу амалдарын қарастыруымыз қажет.

Ғалымдар топырақты эрозия­дан қорғау үшін бұрынғыдай қайырмалы соқамен жыртудың орнына қайырмасыз етіп жыртып, тереңірек қопсытуды ұсы­нып отыр. Сонда дақыл сабақ­тары топырақтың үстіңгі бетін­де қалып, желдің екпінін төмен­детуге септігін тигізбек. Ең ұтым­дысы, бос топырақ жердің бетіне шық­пай, сынықсүйем тереңдікте жатады.

Биыл аудан диқандары 324 795 гектар алқапқа ауыл ша­руа­­шылығы дақылдарының тұ­қымын сіңірмек. Өткен жылмен салыстырғанда 790,3 гектарға кө­бірек. Көктемгі егіске қажетті тұқым күні бұрын дайындалған. 50,9  мың тонна көлемінде. Қолда бар тұқымның сапасы тексеріліп, өнгіштік қасиеті анықталған. Сөз арасында бірінші және екінші сұрыпты тұқымның 80,8 пайызы немесе 43,6 мың тоннасы осындай қасиетке ие екендігін айта кететін болсақ, ырыздықтың мо­лаятынына деген сенім ұлғая түсер еді. Биылғы жылдың қаба­ғынан күдіктенген диқандар тың­айтқыштарға иек артып отыр. Биылғы жылы аудан шаруа­шылықтары жеткілікті мөлшерде тыңайтқыш алып, алқапқа сіңіріп үлгеріпті. Оның ішінде 1 900 тонна аммофоса және дәннің өсуі мен қалыптасуына әсер ететін 33 мың литр лингогумата, 896 тонна карбамид, 1 142 тонна құнарлы тыңайтқыш алынған.

Ең бастысы, ауданның ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 2020 жылмен салыстырғанда, 2,1 өсіп, 12,3 млрд теңгеге жеткен. Машина-трак­тор паркін жаңғыртуда да айтар­лықтай жетістік бар. Мәселен, жаңадан 52 трактор, 57 комбайн, 17 егіс кешені алынған. Қазір ас­тықты ауданның алқаптарында диқандар 829 тракторды, 131 егіс­тік кешенін ұтымды пайдалануда.

Мемлекет тарапынан да ырыз­дық жорығындағы еңбеккерлерге қолтықтарынан демейтін қолдау көрсетілуде. Ауданға 4 455 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Бөлінген отын уақтылы жеткізілген.

Міне, осылайша өткен жылы қуаң­шы­лыққа қарамастан, тәп-тәуір өнімге қол жеткізіп, қам­ба­лары қызыл дәнге толған, облыс­тағы озаттардың алдыңғы қата­рынан көрінген ауданның ауыл шаруашылығы еңбеккерлері ырыздық жолында ынтымақты еңбек етуде.

– Ұжым тұтас организм іс­петті, – дейді серіктестік агрономы, – егер еш жерінде мүлтік болмай, бір кісідей жұмылып жұмыс істейтін болсақ, серіктестіктің 12 мың гектар егістік алқабына уақтылы тұқым сеуіп, адал еңбегі­­міздің арқасында ел игілігі еселене түсер еді. Ол үшін шағын болса да ұжымның берекесі, бір­лігі болғаны жөн.

Иә, бірлік болса, егін де жақсы көк­темек, ел іші де берекелі бол­мақ.

 

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы