Бизнес • 18 Мамыр, 2022

Кәсіпкерлер өзекті мәселелерді қозғады

213 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысының кәсіпкерлері «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталовпен кездесті. Ашық диалог кезінде өңірдегі бизнес-қоғамдастық өкілдері отандық туризм саласын дамыту, өнім өндірушілер үшін мәселеге айналған СТ-KZ сертификатын алу және де басқа отандық кәсіпкерлерді қолдау жайына тоқталып, ұсыныстар айтты.

Кәсіпкерлер өзекті мәселелерді қозғады

Жиында сөз алған ұлттық палата басшысы Жетісу өңірі ауыл шаруашылығы мен туризм саласы бойынша жоғары әлеуетке ие екенін атап өтті. Ол «Атамекен» палатасының қыз­метін трансформациялау және елдегі кәсіпкерлікті дамыту шең­беріндегі жаңа тәсілдер туралы да айтты. Бүгінде бірыңғай сая­сатты қалыптастыру үшін бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылын күшейту қажеттігіне назар аударды.

– «Атамекен» және мемлекет арасында бірыңғай түсінікті аппараты, салаларды дамытуға бірыңғай тәсілдер болуы керек деп санаймын. Сондықтан эко­номика салалары арасында теңестірілген және міндетті не­гізгі көрсеткіштер негізінде мем­лекеттік жоспарлау жүйесі қажет, – деп атап өтті Райымбек Баталов.

Жиында туризм индустрия­сына қаржы салып отырған кәсіпкерлер Алматы облысы мен Алматы қаласының туризмін дамыту бойынша өзара іс-қимыл мен ке­лісімнің маңызына назар аудар­ды. Ал Алматы облысы әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов екі өңір арасында туризм­ді дамыту бойынша жасалған келісімдер мен бірлескен қыз­меттің негізгі бағыттары туралы ақпарат берді. Түйткілді мәселе­лерді талқылау барысында СТ-KZ сертификатын беруге қатысты сөз қозғалды.

– Қазіргі кезде кәсіпкерлер шығарылған өнім үшін түрлі сер­тификаттарды алуға мәжбүр. Олар­ды алу арзан емес, нәти­же­сінде бұл шығындар тауардың өзіндік құнына әсер етеді. Сон­дықтан сертификаттарды беру ережелерін қайта қарап, оларды пайдалану мүмкіндігін кеңейту керек. Осылайша серти­фикаттарды бизнеске қол­жетімді ету қажет. Бұл барлық кәсіпкерге ортақ жүйелі мәселе, – деді «QAZAQ-PAK» ЖШС компаниясының төрайымы Ажар Сүлейменова.

Бизнесмендер сондай-ақ суару желілерін салу және күтіп ұстау, отандық өндірушілерді қол­дау проблемаларын атап өтті. Сондай-ақ ҰКП және облыс әкім­дігінің басшылығынан ша­ғын және орта бизнесті қол­дау жөніндегі мемлекеттік іс-ша­ра­лардың жүзеге асырылуын ба­қылауға алуды және эко­­но­микалық жағдайға бай­ла­ныс­ты бизнесті тексеруге мо­раторийді тағы үш жылға ұзар­ту мүмкіндігін қарастыруды сұ­рады. Төрағаның тапсырмасы бо­йынша, барлық жүйелі мәселе мен ұсыныстар орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен талқылау және шешу үшін Ұлттық палатаның орталық және өңірлік аппаратымен пысықтауға алынды.

Бұдан бөлек кәсіпкерлер Ал­маты облысының бөлінуі және өңірлік кәсіпкерлер палатасын Жетісу және Алматы облыстарына бөлуге қатысты сауал қойды.

– Жаңадан құрылатын облыстарда жаңа өңірлік филиал­дарды құру мәселесі съездің айрықша құзыретінде. Осыған байланысты мәселе ҰКП съезін өткізу барысында талқыланып, шешілетін болады. Съезге дейін өңірлік палаталар қолданыстағы форматта жұмыс істейді, – деп жауап берді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов.

 

Алматы облысы