Суретте: Софья Абубакирова
Өткен жылы елімізде бұқаралық спортпен айналысатын жеткіншектердің қатарын көбейту мақсатында жан басына қаржыландыру жүйесі қолға алынып, жеке кәсіпкерлерге үйірмелер ашуға мүмкіндік берілді. Осы жүйе бойынша Ақтөбе облысында да 3 636 баланы спорттық үйірмелерге тарту жоспарланып, бүгінде жеке кәсіпкерлер ашқан үйірмелердегі балалар саны 9 мыңға жетті. Дегенмен, жеке кәсіпкерлердің жұмысын бақылау тетіктерінің болмауы спорттық үйірмелерді жан басына қаржыландыру жобасындағы ең негізгі шикілікке айналды. Өйткені елімізде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын тексеруге үш жылға мораторий жарияланған.
«Жаттығу залының талапқа сай келетіндігін, үйірмеге қатысып жүрген балаларды кімдер жаттықтырып жүргендігін көзбен көріп, бақылау қазіргі жағдайда мүмкін емес. Меніңше, жан басына қаржыландыру жобасына кез келген жеке кәсіпкерді емес, осы салада тәжірибесі бар, балаларды жаттықтырып жүрген спорт мамандарын ғана қатыстыру керек сияқты. Жақында Солтүстік Қазақстан облысындағы әріптесім келеңсіз жағдайды баяндады. Басқарма басшысы елді мекенде спорт үйірмесін ашуға қаржы алған жеке кәсіпкердің жұмысын қарауға барғанда, ештеңе таппаған. Былайша айтқанда, қаржы алған, бірақ не жаттығу залы, не жаттықтырушысы жоқ, тіпті спортпен айналысып жатқан баланы көрмеген. Құжатта көрсетілген үйірменің мекенжайын көрмекші болғанда, қызмет көрсетуші кәсіпкерлікті тексеруге тыйым салынған заңды алға тартады. Мұндай жағдайда не істеу керек?», дейді облыстық спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров.
Ақтөбе облысында соңғы екі жылда аудандардағы жасөспірімдер және спорт мектептеріне 189 бапкер жұмысқа қабылданып, елді мекендерге 200 спорт нұсқаушысы жіберілді. Нұсқаушылардың басты міндеті – ауыл балаларын бұқаралық спорт түрлеріне баулу. Тағы бір мәселе – барлық спорт мектептеріндегі жабдықтардың әбден тозуы және жас спортшылардың жаттығу жиындарына баруға қаржының жеткіліксіз бөлінуі. Мысалы, Темір ауданының орталығы – Шұбарқұдықтағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің оқытушылары басқа жаққа сайысқа баруға бір балаға 2 мың теңге ғана бөлінетіндіктен, қаржылық жағдайы төмен отбасылардың балалары ондай жиындарға бара алмайтындығын айтқан болатын. Спорт басқармасы 2019 жылы 110 миллион теңгеге, 2021 жылы 47 миллион теңгеге спорт мектептеріне жабдықтар сатып алды. Бірақ бұл жеткіліксіз.
Жақында Ақтөбе облысы бойынша Тексеру комиссиясының аудиторлары облыста спортты дамытуға бөлінетін бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалатынын анықтады. Спорт басқармасы 579 миллион теңге бюджет қаражатының негізгі бөлігін олимпиадалық спорт түрлеріне емес, жекеменшік спорт клубтарына жұмсаған. Соның ең басында «Ақтөбе» футбол клубы тұр. Премьер лигада ең соңғы орынды бермейтін футбол клубы бюджет қаржысының 50%-ын қаншама жылдан бері «жұтып» келсе де, нәтиже жоқ. Екінші орында басқармадан жылына 60 миллион теңге алып отырған ережесіз жекпе-жек ММА (Mixed martial arts) өңірлік клубы тұр. Ақтөбе облысындағы 16 жекеменшік спорт клубының арасында танымалдығы, спортшыларының жеңісі, бюджеттен қаржыландырылуы бойынша осы клуб алдыңғы лекте. Ақтөбелік Сергей Морозов пен Жалғас Жұмағұлов ММА бойынша әлемдік аренада ел намысын қорғап келеді. Осы коммерциялық спорттың жеңімпаздарына Халықаралық ММА федерациясынан төленетін сыйақы мөлшері 10-20 мың АҚШ долларына тең. Алайда тұтас мемлекеттің айбын-абыройы сынға түсетін олимпиадалық спорт түрлеріне қарағанда, ММА сияқты коммерциялық спортқа басқарманың артықшылық беріп отырғаны қисынсыз.
Аудандық спорт мектептеріне қаржы қимаған спорт басқармасы ашық көлдері мен өзендері көп елдерде жақсы дамыған байдарка мен каноэде есу спортына 4 миллион 244 мың теңге жұмсаған. Ақтөбенің арнасы тар, биыл ғана суға толған далалық өзендерінде ескекшілер қалай жаттығып жүр екен?
Токио Олимпиадасы ел спортын алға сүйрейтін легионерлер емес, өз спортшыларымыз екенін тағы бір дәлелдеді. Жас таланттарды дәстүрлі спорт мектептері мен бұқаралық спорттан іздеу керек. Жасыратыны жоқ, жергілікті футбол, хоккей, баскетбол командалары құрамында ТМД елдерінен келген легионерлер көп. Ересектердің жергілікті хоккей командасы бірыңғай легионерлерден тұрады.
«Легионерді команданы күшейту үшін, жұртшылықтың қысқы спорт түрлеріне қызығушылығын арттыру үшін шақырамыз. Ақтөбе облысында 26 жылдан бері хоккейді дамытуға жеткілікті мән берілмей келгені рас. Өз хоккейшілеріміз жетілген соң легионерлерден арыламыз. Мәселен, өңірдегі балалар хоккей командасында легионерлер жоқ, олар ел біріншілігінде ойнап жүр», дейді Е.Гончаров.
Ашық суда жүзуден Азия чемпионы, Қазақстан атынан қатарынан екі рет Олимпиадаға қатысқан қырғызстандық Виталий Худяков та бұрынғы легионер. Қазір ол Қазақстан азаматтығын алып, Ақтөбе облысынан ұлттық құрамаға кірді. Біздің: «Виталий Худяков қатарынан екі рет Олимпиадаға қатысса да, бірде бір медаль алған жоқ. Ыстықкөлді жақсы жүзіп өткені үшін ұлттық құрамамызға қабылданған осы жүзгіштің нашар дайындығы үшін кім жауап береді? Неге Олимпиадаға жергілікті спортшыларды дайындай алмай жүрміз?» деген сұрағымызға Евгенй Гончаров: «Олимпиада лицензиясын ұтып алу өте қиын. В.Худяков ашық суда жүзуден Азия чемпионы болса да, Токиоға барар алдында оның лицензиясын алып кетіп, соттасып қайтарып алдық. Суда жүзу спорты бойынша еліміздің ұлттық құрамасына жылына бес жасөспірімді ғана қабылдайды. Өз басым құрамаға неге аз баланы қабылдайтынын түсінбеймін. Жүзу – Олимпиаданың жеңіл атлетикамен қатар тұрған медальды көп жинайтын спорт түрі. АҚШ суда жүзу спортының арқасында ғана Олимпиаданың көптеген медалін жинап алады. Ақтөбе облысында жүзуден ең үздік нәтиже көрсетіп жүрген Софья Абубакированы да ұлттық құрамаға қосу оңай болмады. Қазір Софья шетелде жаттығуда жүр», деп жауап берді.
Жақында ғана еліміздің Спорт комитеті мониторинг жүргізіп, спортшыларымыз жоғары нәтиже көрсетіп жүрген 18 спорт түрін анықтады. Ендігі жерде ең бірінші кезекте осы спорт түрлерін дамытуға басымдық беріліп, қалғандары бұқаралық спорт түрінде қаржыландырылады. Бұл ұсынысты алдағы Олимпиадаға дайындық ретінде қабылдауға болады. Бапкерлер мен жаттықтырушыларымыздың біліктіліктерін жоғарылатып, талантты жастардан кәсіби спортшылар даярлауды жүйелі түрде қолға алмай, ел спортын дамыту мүмкін емес.
Спортқа жұмсалатын бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалып келгені аудиторлық тексерістен соң белгілі болды. Расында да спорт мектептерін қаржыландыруды күшейтіп, жекеменшік клубтарға қаржы жұмсауды доғару керек. Ел спортының басымдық берілетін түрлерін дамытуға стратегиялық жоспар жасау әр басқарманың тікелей міндеті болуға тиіс. Әзірше бұл жұмыста жүйелілік жоқ. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дегендей, бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуына дұрыс жоспарламау, қадағалаудың әлсіздігі, нәтижесіз ойындар үшін ешкімнің жауапкершілік алмауы да себеп болып отыр.
Ақтөбе облысы