Референдум • 18 Мамыр, 2022

Көкейкесті мәселелер тыңдалды

429 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, бірнеше кездесу өткізді. Халықаралық Тараз инновациялық институтында болып, оқу ордасының қызметкерлерімен және өңірдің зиялы қауым өкілдерімен Президент ұсынған референдум мәселесін талқылады.

Көкейкесті мәселелер тыңдалды

Жиында алдағы уақытта өтетін жалпыхалықтық іс-шараның мәні мен маңызы, оның мақсаты сараланды. Сонымен қатар, тіл мәселесі назардан тыс қалған жоқ.

Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде бүгінгі тіл мәселесі туралы өз ойымен бөлісті. «Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан астам уақыт өтсе де мемлекеттік тілдің мәселесі әлі де күрделі. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қолдау болғанымен кемшіліктер бар. Көшелерде сауатсыз жазылған жарнамалар, коммерциялық нысан атаулары көп. Елдімекен, көше аттары тек қазақ тілінде жазылуы керек. Қазақша атау басқа әріптерге ауыстырылмауы қажет», деді депутат.

Сондай-ақ, Берік Әбдіғалиұлы кездесуде алдағы референдумның мән-маңызы, Конституциядағы өз­герістер, сайлау туралы да айтып өтті. Ал келушілер депутатқа бірқатар мәс­е­лені жеткізді. Өз сөзінде Жамбыл облыс­­тық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Еркінбек Солтыбаев зейнет­ақы мәселесі туралы айтты. «Ең төмен­гі мөлшерде зейнетақы алатын жан­дар­дың ақшасына мардымсыз сома ғана қосылды. Былайша айтқан­да, зейнетақы әділетсіз бөлініп отыр. Жалпы зейнетақы мәселесінде көңіл­тол­маушылық өте көп. Сосын, карантиннен кейін ардагерлер мен мүгедек жандардың сауықтыру орындарына демалу мәселесі бәсеңсіп қалды», деді ол.

Облыстық билер кеңесінің төр­ағасы Оңласын Есіркепов те осы мәселені атап өтті. Кездесуде қазақ тілінің келешегі, бүгінгі заң аясы, балалар мен жастардың ана тіліне деген құрметін арттыру мәселелері талқыланды. Мәжіліс депутаты еліміздегі «Қазақ тілі» қоғамдарының жұмысы туралы айтып, осы бағыттағы жобалар жайлы да түсіндіріп өтті. Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Ерболат Саурықов балалардың тілін телеарналар бұзып отырғанын жеткізді. «Біздің балалар ютубта отыр. Ата-анасы таза қазақша сөйлейді, ал балалары – орысша. Мұнда отбасылар көп. Балалар сол интернет, телеарналардан орысша бағдарламалар көріп, тілдері сол тілде шығуда. Сондықтан ең алдымен, интернет, телеарна мәселесін шешуіміз керек. Осыдан біраз жыл бұрын балдырғандарымыз әдеби тілде сөйлей бастаған. Ол кезде интернет жоқ, арналар дұрыс еді. Қытай, Кореяда интернетке еркін кіре алмайсың, арнайы тосқауыл қойып тастаған. Бізде де осылай жасауға болмай ма?!», деді Ерболат Саурықов. Ал «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали бала тілінің қазақша шығуына ең алдымен ата-анасы жауапты екенін айтады. Орталық басшысы бала тәрбиелеп отырған аналардың осы бағытта атқарып жат­қан жұмыстарын да таныстырды.

 

Жамбыл облысы